Онлайн газет



Мәслихат-жергілікті өкілді орган

Нұрғали  Үкібаев,
аудандық мәслихаттың  хатшысы.

Биыл  Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 20 жыл толып отыр.  Дүниедегі сайланбалы  өкілді  қызмет саласының тарихы ертеден бастау алғанымен біздің  еліміз  үшін  жергілікті мәслихаттардың қадамы жас болса да, демократиялық  мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру жолындағы  қоғамда алатын  орны бөлек.  Олар жыл өткен сайын есейіп, рухани-саяси, қоғамдық-мәдени тұрғыда  нығайып, заман талабына орай қалыптасып келеді. Осыдан  аз ғана  бұрын бәсекелестікке қабілетті әлемдегі  елу елдің қатарына қосылуды мақсат  еткен болатынбыз. Енді бүгін  Қазақ  елі  бұл межені де бағындырып,  әлемдегі алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің біріне айналуға бағыт алып отыр. Осы  тұста ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен халық бірлігін сақтауда, орнықты дамуды жалғастыруда, қоғамды әлемдік өркениет жолымен демократияландыруда  жергілікті мәслихаттардың жүгі салмақтана түсті.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», делінген Қазақстан Республикасының Конституциясында. Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергілікті өкілді органдардың, халық билігінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының маңызы өте зор.
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган. Өз қызметінде мәслихат мемлекеттің жалпы сыртқы және ішкі саясатына, қаржы және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермейді, қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Мәслихат өз өкілдігін, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамаларына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне және де мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар жергілікті билік және барлық сайлау науқандары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан саяси және экономикалық үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда да жергілікті өкілді органдар өкілдерінің сүбелі үлесі бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы  Ата заңымыз  қабылданғанда жаңа тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізгі аяққа тұруы басталды. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізген «Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдады.
Жергілікті өкілді органдар – мәслихат, жергілікті атқарушы органдар әкімшілік болып аталды. Мәслихаттар мен әкімшіліктер «жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деген жалпы атауға біріктірілді. Ұйымдастырушылық жағынан жергілікті органдар бір-бірінен бөлінген, әрқайсысының өкілеттігі, мәселелер аясы мен өз құзыреті бар.
1994 жылдың наурыз айында елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілді билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлаулар басталды. Ол елдегі бәсекеге қабілетті алғашқы сайлау болып, республиканың демократиялығын жедел дамытты.
Мәслихаттар нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын мемлекеттік органдардың өкілеті ретіндегі функцияларға ие болды. Ауданымызда  19 сайлау округі бойынша 19 депутат сайланды. Осы бірінші сайланған Свердлов аудандық мәслихаттың-Депутаттар жиналысының І-сессиясы 1994 жылғы 5 сәуірде шақырылып, онда оның шешімімен ″Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы″ Қазақстан Республикасы Заңының 19 бабына сәйкес аудандық  мәслихаттың-Депутаттар жиналысының алғашқы хатшысы болып ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында жұмыс атқарған Абдуалиев Тілеуқұл сайланды.
Сессияда аудандық мәслихаттың-Депутаттар жиналысының тұрақты комиссияларын құру туралы шешім қабылданып, төмендегі комиссиялар құрылған: ″Заңдылықты, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, бюджет және экономика мәселелері жөніндегі комиссия″, төрағасы Рашид Жақыпбеков;
″Мәдениет, тіл, білім беру, жастар ісі және қоғамдық ұйымдар мен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия″, төрайымы Теміртаева Ұлжан Тауасарқызы;
″Отбасы, ана мен баланы, ардагерлермен халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және экология мәселелері жөніндегі комиссия″, төрайымы Бошамбекова Бекетжамал Төленқызы.
Сонымен бірге, сессияда аудандық мәслихаттың-Депутаттар жиналысының тексеру комиссиясын құру туралы шешім қабылданып, оның төрағасы болып Жұманғали Серікбайұлы Құмғанбаев сайланды.
Шақырылым кезеңінде 27  сессия өткізіп, онда 135 мәселе қарап, тиісті шешімдер қабылдаған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылы Свердлов ауданы Байзақ ауданы болып аталуына байланысты Свердлов аудандық мәслихаттың-Депутаттар жиналысы Байзақ аудандық мәслихаттың-Депутаттар жиналысы, кейін Байзақ аудандық мәслихаты болып ауыстырылды.
Екінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы 1999   жылдың  2 қарашасында өтіп, аудандық мәслихат хатшысы болып екінші рет №4 Сазтерек сайлау округінен депутат Абдуалиев Тілеуқұл, тексеру комиссиясының төрағасы болып №12 Сәтбаев сайлау округінен депутат Нарынбаев Жақия Інкәрбекұлы сайланды.Тұрақты комиссияларының төрағалары болып депутаттар Шантаев Болат, Оңласынов Қажымұхан, Қосымова Күлнәр сайланды. Бұл шақырылым депутаттары өз құзіреті шегінде шақырылым барысында  29 сессия өткізіп, онда 148 мәселе қарап, тиісті шешімдер қабылдаған.
Үшінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы 2003 жылғы 18 қазанда өтті. Онда аудандық мәслихат хатшысы болып үшінші рет №3 Жалғызтөбе сайлау округінен депутат Абдуалиев Тілеуқұл, тексеру комиссиясының төрағасы болып №13 Сейфуллин сайлау округінен депутат Есімов Нарбек Әтейұлы сайланды. Тұрақты комиссияларының төрағалары болып депутаттар Мырзалиев Шаймерден 2005 жылдың маусымына дейін, Үкібаев Артықбай, Сапарбеков Рыскелді, Сейдалиева Айсара сайланды. 30 сессия өткізіп, 209 мәселе қараған.
Төртінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы 2007 жылғы 5 қыркүйекте өтті. Онда аудандық мәслихат хатшысы болып №8 Қызыл жұлдыз сайлау округінен депутат Өнетаева Айдынкүл Жұмабайқызы, тексеру комиссиясының төрағасы болып №5 Суханбаев сайлау округінен депутат Битабаров Ержан Нұрмашұлы (2008 жылдың 23 қыркүйегіне дейін), 2008 жылғы 29 желтоқсанда №3 Жалғызтөбе сайлау округінен депутат Есимов Нарбек Әтейұлы  сайланды. Тұрақты комиссияларының төрағалары болып депутаттар Исабаев Алмахан, Есенқұлов Жамалбек, Үкібаев Артықбай сайланды. Төртінші шақырылған аудандық мәслихат өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқанымен, осы кезеңнің өзінде 47 сессия өткізіп, 224 мәселе қарағанын айтпай кетуге болмайды.
Аталған 4 шақырылымның депутаттары да аудандағы өзекті мәселелерді сессия отырысында қарап, тиісті шешімдер қабылдап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің қомақты үлестерін қосып отырды.
Бесінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы 2012 жылғы 19 қаңтарда өтті. Онда аудандық мәслихат хатшысы болып №15 Құмжота сайлау округінен депутат мен сайландым. 3 тұрақты комиссия құрылған. Олардың төрағалары болып Есімов Нарбек 2012 жылдың 8 қазанына дейін, Тлепов Нұржан, Кадимова Тазагүл, Сапарбеков Рыскелді сайланған.
Қазіргі таңда  бесінші сайланған Байзақ аудандық мәслихаты өз өкілеттігі шеңберінде ауданда атқарылып жатқан істердің өркендеуіне лайықты үлесін қосып келеді. Сайланғаннан бері аудандық мәслихаттың 33 сессиясы, оның 22-і кезектен тыс шақырылып, 121 мәселе қаралды. Аудандық мәслихатта «Аумақты экономикалық дамыту, қаржы, бюджет, әкімшілік аумақтық құрылым, адам құқығын қорғау мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау» жөніндегі, «Білім, тілді дамыту, мәдениет, ұлттық және азаматтық келісім, жастар ісі және спорт мәселелері» жөніндегі және «Экология, табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиялар жұмыс жасайды, олардың құрамында 14 депутат бар.
2012-2014 жылдар аралығында тұрақты комиссиялар мәжілісінде 131 мәселе қаралып, оның  99-ы сессия қарауына ұсынылған. Сессияларда қаралатын барлық мәселелер алдын ала тұрақты комиссиялар мәжілісінде талқыланады. Қойылған талапқа сәйкес тұрақты комиссиялардың төрағалары сессияларда атқарған жұмыстары жөнінде жылына бір рет есептер беріп отырады, есепті жылы үш тұрақты комиссияның бәрі есептерін берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауында демократиялық реформалардың алғашқы кезеңінде саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар қабылданатыны айтылғаны естеріңізде болар. 2012 жылы өткен мәслихаттар депутаттарының сайлауына еліміздегі барлық партиялардың қатысқаны соның айғағы. Біздің ауданда да сайлауға бірнеше партия өкілдері түсіп, нәтижесінде 15 депутаттың 14 «Нұр Отан», 1 «Ақжол» партиясынан сайланды.  Ауданымыздың өсіп - өркендеуіне қомақты үлес қосқан 81 азаматқа, оның ішінде бесінші шақырылымда 12 азаматқа «Байзақ ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілді.
Ауданның азаматтарына 2014 жылға дейін «Байзақ аудандық мәслихатының Грамотасы» беріліп келсе, соңғы өзгерістерге байланысты «Байзақ ауданының Құрмет грамотасы» беріле бастады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің реформаторлық бағытының ұстанымды екенін мәслихаттар өз іс-әрекеттері арқылы көрсетті. Конституциялық реформалардың маңыздылығы туралы ел  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаңа саяси жүйеде мәслихаттар әрекетінің табиғаты өзгереді. Олар азаматтық қоғам сұранысын ілгерілетуді қамтамасыз ететін жеке билік органы болады», деп атап көрсетті. Сондықтан, аудандық мәслихат жұмысының негізгі принципі – түсіністік, атқарушы органдармен тығыз байланыс, ортақ іске бірге жұмылу. Сонымен қатар, былтырғы жылдың 3 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мәслихаттардың функциялары мен іс-әрекетін, міндеттерін нақты реттейтін типтік регламент бекітілді.
Мәслихат депутаттары бір мандатты округ бойынша сайланып, халықтың еркін білдіретін халық қалаулысы ретінде жергілікті және жалпы мемлекеттік мәселелерге араласып, өз міндеттері шегінде қызмет атқарып, қабылдаған шешімдер мен атқарған жұмысына ұжыммен бірлесе және жеке түрде жауапты болады. Мәслихат депутаттары-тәжірибелі басшылар, демократияның, жариялылықтың және әлеуметтік прогресстің дамуына зор үлес қосқан, әр түрлі саладағы жоғары білікті, азаматтық ұстанымы бар мамандар.
Қазіргі уақытта республикамыз бойынша 213 түрлі деңгейдегі мәслихаттар жұмыс істейді, олардың құрамына республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларының 2 мәслихаты, 14 облыстық, 37 қалалық және 160 аудандық мәслихаттар енеді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының талабына сәйкес аудан халқының санына қарай біздің  аудандық мәслихатқа 15 депутат сайланғанын жоғарыда айттым.
Енді олардың сапалық құрамына тоқталсам, ол төмендегідей:
Ұлттық құрам бойынша депутаттардың бәрі қазақтар.
Жас ерекшеліктері бойынша: 35-45 жас аралығы-4,
45-60 жас аралығы-10
60 жастан жоғары-1
Білімі бойынша: Жоғары 14, арнаулы орта-1.
Мамандықтары бойынша: инженерлер-3, экономист-бухгалтерлер-2, педагогтар-3, заңгерлер-2, дәрігерлер-1, электриктер-2, техник-механик-1.                                                           
Жыныс ерекшеліктері бойынша:  ерлер-14
Әйелдер-1
Осы жылдар аралығында өздерінің белсенді еңбегінің арқасында аудан тұрғындарының сеніміне ие болған, түйінді түйткілдердің тарқатылуына білек сыбана кірісетін  депутаттар буыны қалыптасты.  Олардың арасында Т. Абдуалиев, Ү. Қалиев, Б. Абдрахманова, Ж. Құмғанбаев, Я. Бешли оглы, Қ. Оңласынов, Р. Сапарбеков, Н. Байжанова, Ж. Есенқұлов  т.б. депутаттардың есімін атауға болады. Өткен 20 жылда аудандық мәслихатқа сайланған 79 депутаттың 4-і депутаттық мандатты  3 рет,  8 депутат 2 рет жеңіп алған азаматтар. Мәслихаттарға өзінің алғашқы қалыптасқан кездерінде сайланып, өркендеуіміздің ең қиын кезеңдерінде қызмет атқарған барлық депутаттарға бүгінгі хатшы ретінде шын жүректен алғысымды білдіремін.
Өкілді органдар ретінде биліктің бір тармағы болып табылатын жергілікті жерлердегі мәслихаттарға өзінің алғашқы қалыптасқан кездеріне қарағанда қазіргі қолданыстағы заңнамалар аясында ауқымды міндеттер жүктелген.
Басқару жүйесіне халықтың белсенді қатысуын одан әрі жетілдіру мақсатында жергілікті өкілді органдардың құзіретін дамыту мәселесіне ерекше орын берілген. Мәслихаттардың өкілеттіктері одан әрі ұлғайтылып, мәслихат депутаттары 5 жыл мерзімге сайланатын болды. Осы орайда айта кетуіміз керек, елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың жүзеге асуының бір көрінісі 2006 жылдан бастап әкімдердің тиісті мәслихат депутаттары алдында есеп беру жүйесі енгізілді. Сонымен бірге, өткен жылы ауылдық округ әкімдерін мәслихаттарда сайлауды енгізгенін айта кеткен жөн.  Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңына  сәйкес жергілікті өзін-өзі басқаруды  тұрғын халық тікелей өздері жүзеге асырады. 2001 жылдың қаңтар айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң қабылдады. Жалпыхалықтық қолдауға ие болып, алдағы саяси өзгерістерге бастау болған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілген 2007 жылғы конституциялық реформа мәслихаттарға, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен, Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейлі мәслихаттарға депутаттар сайлау кезінде аймақтық, орталық және учаскелік сайлау комиссиялары құрамын сайлауға байланысты қосымша өкілеттіліктер берілді.
Аудандық мәслихат депутаттары аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне  де атсалыса отырып, аудан елді-мекендеріндегі бюджеттен бөлінген қаражаттардың тиімді игерілуін де бақылап отырады. Олар өздерінің жұмыс жоспарларына сәйкес бюджеттен бөлінген қаражаттардың тиімді игерілуі мен атқарылған жұмыстардың сапасын да бақылауда ұстауда.
Аудандық мәслихаттың әрбір депутатының жеке алғандағы белсенділігін арттыруда, олардың беделін аудан тұрғындары алдында көтеруде, сайлаушылардың талап-тілектерін орындаудағы жұмыс әдісі мен түрлерін жетілдіруде едәуір жұмыс атқарылылып келеді. Аудандық мәслихат депутаттары өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері бойынша сессия және тұрақты комиссия отырыстарында мәселелер көтеріп, олардың орындалуына өз үлестерін қосуда. Депутаттардың бәрі дерлік өздерінің сайлау алды бағдарламаларын және сайлаушылармен кездесу барысында туындаған талап-тілектерін іске асыру мақсатында ауданның атқарушы органдарының алдына талаптар қойып отырады.
Бүгінгі таңда әрбір депутаттың өз сайлау округіндегі тұрғындармен тығыз байланысы қалыптасты деуге болады. Халық депутатын таниды және іздейді.  Депутаттар сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесулер өткізіп, толғандыратын ортақ проблемалар мен маңызды мәселелерді талқылап отырады. Ұсыныстарды, шағымдарды тиісті орындарға қояды, орындалуына уақтылы бақылау жасайды және жылына екі мезгіл сайлаушылар алдында есеп береді. Игілікті істердің жүзеге асуы арқасында  депутаттардың да мәртебесі көтерілуде.  Аудандық мәслихаттың әрбір депутатының өзіндік ұстанымы, тұғыр тұлғасы, әлемде және мемлекетте болып жатқан құбылыстарға  көзқарасы, болжамы, пайымдауы бар. Олардың қай-қайсысы да сол құбылыстарды  жай сырттай бақылаушы болмай, өзі тікелей араласып, пікірін ашық айтып, қолғабысын тигізуге ұмтылады. Бұл жағынан алғанда аудандық мәслихат әрбір халық қалаулысы үшін өзінше бір білім, парасат, саяси сайыскер мектебі болды десек те артық емес.
Уақыт, өмір бір орнында тұрмайды. Ол кез келген өміршең мәселелердің өзіне де жаңаша тұрғыдан қарап, дамытып, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осы орайда мерейлі мерекені өткере отырып, мәслихат жұмысын одан әрі дамытуға тиіспіз. Сөзімнің соңында ауданның барлық жұртшылығын Қазақстан Республикасының мәслихаттарының құрылғанына  20 жыл толу  мерекесімен құттықтаймын.
Қазіргі таңда осы айтулы мереке республика көлемінде атап өтілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей,  «Мәңгілік Ел» идеясы біздің мемлекеттік саясатымыз болуы керек. Қазіргі буынның маңдайына тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті» қатар жазылды. Бұл әрбір азаматты жауапкершілікке шақырып, игі істерге бастайтын ұран. Біз, еліміздің тірегі, мемлекетіміздің беріктігі өзіміздің қолымызда екенін түсінеміз. Сондықтан да Отанымыздың болашағы баянды, келешегі кемелді болуы үшін аянбай еңбек ететін боламыз. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Обновлено 06.11.2014 10:29
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1202
mod_vvisit_counterКеше1566
mod_vvisit_counterОсы аптада2768
mod_vvisit_counterӨткен аптада10442
mod_vvisit_counterОсы айда19177
mod_vvisit_counterӨткен айда47003
mod_vvisit_counterБәрі2855752

Серіктестер