«Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз.Қазақстандықтардың отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды әрі жауапты парызы» – деген еді Елбасымыз. Шындығында бүгінгі таңда қазақстандық патриотизмді қалыптастыру – бұл мемлекеттік міндет болып табылады. Бейсенбі күні Сарыкемер орта мектебінде аудандық ішкі саясат бөлімі, “Жастар орталығының” және Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ұйытқы болуымен
тұңғыш рет аудандық І әскери патриоттық форум өтті. Форумға алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, округтердегі әскери есеп мамандары, 10-11 сынып оқушылары қатысты. Әскери-патриоттық тәрбиелеуді жандандыру, Қарулы Күштердің беделін арттыру және жастардың әскери қызметке деген құрметін қалыптастыруды мақсат еткен форум басталар алдында оған қатысушылар “Жаңа типтегі әскери формалардың” көрмесін тамашалады. Еліміздің Әнұраны орындалды. “2014 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы мен ҚР жоғары әскери оқу орындарына іріктеу қорытындысы және алғашқы әскери дайындықтың жайы” атты тақырыпта Байзақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Р. Ахметов баяндама жасады. Баяндамашы алдымен “патриотизм” деген сөздің мағынасына тоқталды, жастар бойында туған жерге, Отанға, Қарулы Күштерге деген құрметті қалыптастыру бағытында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Байзақ ауданында 5 әскери-патриоттық клуб, алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша 32 алғашқы әскери дайындықтың оқытушы-ұйымдастырушылары жас өрендерге дәріс береді. Қазақстан Республикасының “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі” заңының 23-бабына, аудан әкімінің 2014 жылғы 19 наурыздағы №188 қаулысына сәйкес аудан аумағында ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілген. Аудан бойынша үстіміздегі жылы 6 үміткер Алматы қаласындағы Құрлық әскери инстиутына, 3 үміткер Щученск қаласының Кадет корпусына, 1 үміткер “Жас Ұлан” республикалық мектебіне түскен. 18 әскери-есеп мамандарымен, алғашқы әсери дайындық оқытушы-ұйымдастырушыларымен оқу-семинар өткерілген. Биылғы жыл Қарулы Күштердің жауынгерлік ұраны” Кәсіпқой-Армия негізі” болып жарияланғандықтан, қазіргі таңда жастар арасында азаматтық борышын өтуге деген талпыныс артқандығы да баяндалды. Бұдан соң жиынға қатысушыларды Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаменті басшысының орынбасары Б. Қырғызбаев құттықтады. Аудан әкімінің орынбасары С. Кенжебаев жастардың бойына атамекенге, Отанына деген терең сүйіспеншілік өзінің туған өлкесінен, батырлардың ерлігін ұлықтаудан басталатындығын атап өтті. “Жастар орталығының” директоры Е. Мадияров болса ел ертеңі-жастардың әскерге барып борышын өтеу-ер-азаматтардың міндеті екендігін айтты. Форум соңында әскери патриоттық тәрбие беруде қосқан үлесі үшін Сарыкемер, Қызыл жұлдыз және Ботамойнақ ауылдық округтеріндегі әскери есеп мамандары А. Алданбекова, Н. Оршыбекова, О. Ибрагимовтар Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, алқалы жиын шырайын №3 Байзақ колледжінің оқытушысы З. Молдабаевтың орындауындағы белгілі ақын Қ. Шотбасовтың сөзіне жазылған “Батырға бас ию”, “Байзағым-байтақ елім” атты әндер келтірді.
Өз тілшіміз. |