Қ.Шотбасов, «Ауыл жаңалығы».
Әңгіменің арқауы Ақжар ауылында кіндік қаны тамып, туған жеріне мешіт салдырған абзал азамат
Айдар Әбдікерімұлы Меңлібеков жайлы болып отыр. Ол тұз-несібе айдап, қонысы өзгергенмен туған жерден тінін үзбеген асылдардың бірі еді. Жалпы Ақжар ауылынан шыққан Айдар есімді азамат жалғыз емес және шеттерінен мықты. Ал, Айдар Меңлібековтің жөні бөлек. Ол осы ауылда туып, өсіп, орта білім алғаннан кейін Алматы қаласындағы құрылыс техникумында, Жамбыл гидромелиоративтік институтында оқыды. Мамандығы бойынша Жамбыл қаласында құрылыс мекемесінде жұмыс істеді. Қаладағы талай құрылыстардың іргесі қалынып, қабырғасы өрілгенде инженер ретінде басы-қасында жүрді. Жұмысына ыждағатты, білімді жігіт сол құрылыстардың сапалы болуынан білімін де, күш-жігерін де аяған емес. Іргелі іс, күрделі құрылыстың ел көңіліндегідей болып бітуіне баса көңіл бөлетін. Жаңа үйге кірген кісінің қабағына кірбің қонбаса екен деп ойлайтын еді. Сол еңбегінің арқасы ғой ұжымында беделі биік, абыройы асқақ болды. Ізденісі мен іскерлігінің арқасында үздік құрылыс маманы атанды. Кешегі бір өтпелі кезеңде құрылыстың да қарқыны қайтып, жұмыстың да жүйесі кете бастаған кезде кәсібін де, қонысын да ауыстыруға тура келді. Құдай қосқан қосағы Нұрғаныммен ойласқан. «Заман болса мынау, құрылыс қожырады, жұмыс божырады. Басқа кәсіпке ауысып көрсем қайтеді. Арқаға барып, элеваторға басшылық жсаудың реті келіп тұр. Бірақ қоныс ауыстыруымызға тура келеді» деген. Ер азаматтың басын сыйлап қалыптасқан жары мақұл дегеннен басқа не дей қойсын. Сонымен Қостанай облысы Ұзынкөл ауданынан бір-ақ шықты. Элеваторға басшы болды. Ісі оңға басты. Элеватор жекешеленді. Астықты өңір ғой, ас та төк пайда да кіре бастады. Бірақ астамсыған жоқ. Ар-ожданын жоғалтпады, Алласын ұмытпады. Туған ауылы Ақжармен байланысын да үзбеді. Алласын ұмытпады дегеннен шығады-ау, солтүстік өңір орыстілділер көбірек мекендеген, ата салтын, қазақы қалпын естен шығара бастаған өлке екені жасырын сыр емес. Оңтүстікте өскен өрен барған кезде бұған тосырқай қарайтын. Бар қандастарымыздың барынша халықтық салтымызды сақтап, қасиетті дінімізді қастерлегенін қалайтын. Содан аудан орталығында алғаш мешіт салынады дегенде қуана қолдағандардың бірі болды. Оның бой көтеруіне қолдан келген көмегін аяған жоқ. Аллаға мойынбұрғандардың басын біріктіріп жүрген мешіттің имамына қолдап, қуаттауы бөлекше болды. Тіпті, сол Ұзынкөлден мешіттің имамына сәулетті үй алып беріп, Хақтың жолын халыққа насихаттауына қолайлы жағдай жасады. Айдардың азаматтығына тек мешіттің имамы ғана емес, Алла деген адамдардың бәрі риза болған. Айдарды туған ауылы Ақжардан тінін үзбеді дедік қой, қолы қалт етсе осында келуге асығатын. Ағайынның той-мерекесіне араласып, қарайласып, қолушын беретін. Сөйтіп келіп-кетіп жүргенде туған ауылымнан да мешіт салдырсам деп ойлап қоятын еді. Алла сәтін салып, оның да мүмкіндігі туды, Ақжардан мешіттің құрылысын қолға алды. Ағайын арасынан «азды-көпті жинасақ, үлес қоссақ қайтеді» дегендер де болған. «Ауылымнан Алланың үйін өзім салсам деген ниетім еді, бар салмағын өзім көтеремін» деді ол. Осылайша мешіт құрылысын бастап жіберді. Тек қаражатын тауып беріп, жатып алған жоқ, бар жұмыстың басы-қасында өзі жүрді. Керек десең құрылыс жұмыстарына да тікелей араласып кете барды. Осылайша Айдар өз ауылы Ақжардан мешіт салып еді. Аллаға құлшылық етуді жаны қалаған ауылдың үлкен –кішісі қазір сонда барады. Айдар салған мешіт сөйтіп имандылықтың ордасы болып отыр. Білетіндердің барлығы оны аузын ашса көмекейі көрінетін, аңқылдаған ақкөңіл азамат еді дейді. Кісіні жатырқауды, жатсынуды білмейтін, көңілі де, қолы да ашық, қайырымдылығы мол азамат екен. Әңгімені өткен шақпен айтып отырғанымыз оның бақилық болғанына да үш жылдан асыпты. Тағдыр солай, 1956 жылы дүниеге келген Айдар Меңлібеков елу жастан сәл ғана асып, өмірінің де, өркенінің де жемісін тере бастаған сәтте өтіп кеткен. Өкінішті. Өзегің өртенгенмен амал қанша, Алланың жазғанына көнесің. Тек бір көңіл жұбатарлығың ақжарлық асыл азаматтың артында сайраған із қалды. Өткенін ойласаң іскерлігі мен іргелі кәсіпкерлігі, қамқорлығы мен қайырымдылығы, аққоңіл азаматтығы еске түседі. Оған қоса артында ұрпағы бір ұл, бір қызы өркен жайып келеді. Қызы Гүлжан мен күйеу баласы Серік кәсіпкерлікпен айналысса, ұлы Бауыржан білім қуып, магистратура бітірген. Айдардың ұрпағы бүгінде ел ордасы Астана қаласын мекен етіп отыр. Оған топырақ туған ауылынан бұйырды. Оны ауылдастары, ағайындары, ұрпақтары үнемі еске алып отырады. Жуықта Астанадан жары, ұл-қызы келіп, ауылдастары жиылып, Айдарды еске алды, онда атына аят бағышталды. Айтылған әңгімелердің арқауы Айдардың азаматтық тұлғасы, аңқылдаған ақпейлі, қайырлы істері жайлы болды. Осыған қарап та ауылын ардақтап, ақылды іс істеген, халқына қайыры тиген азаматтың ұмыт болмайтынын ойға түйдік.
|