Онлайн газет



ОҚУ ЖЫЛЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде аудан орталығындағы №7 орта мектебінде білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы басымдықтар» тақырыбында өтті.
Конференция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
Кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекова білім саласындағы жыл ішінде қол жеткен жетістіктерді паш ететін, орын алған кемшіліктерді орнына келтіретін байыпты баяндама жасады. Онда мектептер, мектептен тыс білім беру мекемелері мен балабақшалардағы білім сапасы, тәрбие жұмысы, материалдық-техникалық база, ұстаздар қауымының жетістіктері, білім ошақтарындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, жаңа оқу жылына дайындық барысы рет-ретімен баяндалды.
Құралай Әмреқұлқызы өз баяндамасында жыл ішінде қол жеткізген жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктер мен өзекті мәселелерді де жасырып қалмады. Аталған кемшіліктер жүйелі түрде сараланып, олардың себеп-салдарын анықтау және алдағы уақытта қайталануына жол бермеу-бүгінгі күннің маңызды міндеттері екендігін баса айтты. Оқу бағдарламаларының меңгерілуі тұрақты ішкі бақылауда болып, сыртқы бағалау нәтижелері жүйелі саралануына басымдық берді.
Мектеп бітірушілердің білім нәтижелерін сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі-Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы. Мұнда Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия, Бурыл, Берікқара, Көктал, Мырзатай, №2 орта мектептері тұрақты жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ауданда 7 түлек ҰБТ қорытындысы бойынша 130 балдан жоғары баллды иеленсе, ең жоғарғы 137 баллға №1 мектеп-гимназиясының «Үздік аттестат» иегері Инабат Қанатбек қол жеткізді.
Керісінше аудан бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 77,5 баллды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 2,5 баллға төмендеген. 100 баллдан жоғары нәтиже көрсеткендер саны да былтырдан 11 оқушыға кеміген. Демек, мектеп басшылары ҰБТ нәтижелерін терең талдап, нақты проблемалық бағыттарды айқындап, жауапты педагогтардың жұмысын қайта қарау және білім алушының нәтижесіне бағытталған жеке дайындық жүйесін қалыптастыру қажеттігі үлкен мінбеден айтылды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың, зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары конкурстарының облыстық кезеңінде Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия, Н.Киікбаев, Сарыкемер, №1 мектеп-гимназиялары, №6, №7, Бурыл орта мектептерінің оқушылары жоғары нәтиже көрсеткенімен республикалық кезеңге жолдама ала алмаған.
Баяндамада рейтинг қорытындылары, балабақшалар, кадр, тәрбие мәселелері, инклюзивті білім беру, педагог этикасы тәрізді мәселелер де жан-жақты айтылды.
-Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бала-ертеңгі ел тағдырын арқалайтын азамат. Сондықтан да тәлімді тәрбие бере отырып, білім сапасын арттырып, әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасау-басты міндеттеріміздің бірі,- деді ауданның бас ұстазы баяндамасының соңында.
Кеңесте Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Оқу-әдістемелік орталығының басшысы Шахризада Усерова, №6 орта мектебінің директоры Құралай Үкібаева, аудан прокуроры Болатхан Қалыбаевтар сөйлеп, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтады, бала оқытып, тәрбиелеудегі жұмыстарында тек жетістіктерге жетулерін тіледі.
Кеңеске қатысқан аудан әкімі Олжас Баққараев ұстаздар қауымын енді аз күнде басталатын жаңа оқу жылымен құттықтап, ұстаздарға шығармашылық табыс тіледі.
-Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер.
Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келді. Жаңа Конституция қабылданды. Бұл-еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға.  Ата заңда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді. Адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды.
Ұстаз еңбегі – жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесін қалыптастыратын, елдің болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды қызмет. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген барша педагогтарға еңбектері үшін алғыс айтамын. Жаңа оқу жылдарыңыз құтты болсын,- деген аудан басшысы Олжас Елебекұлы аудандағы білім саласына байланысты көрсетіліп отырған көмектерге де тоқтала кетті.
Аудан әкімі ардагер ұстаздар Кеңесбек Бибосынов, Тазагүл Кадимова, Нұржамал Абдуллаеваларға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің «Еңбек ардагері», ардагер ұстаз Жанатбек Тұрғымбаев, №2 орта мектебінің директоры Дана Байкеева, Сарыкемер, Көктал орта мектептері бастауыш сынып мұғалімдері Ләззат Рыспанбетова, Мақпал Салимбаева, Рима Абдрахманова, Ғ.Мұратбаев, Көктал орта мектептерінің химия, ағылшын тілі пәні мұғалімдері Мөлдір Рахметқұлқызы, Айкерім Ажибековаларға «Ы.Алтынсарин» медальдарын табыс етті. Абай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Тасбауова ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, ал Сарыкемер мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Күлипа Ишанқұлова Алғыс хатымен марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына М.Мәметова атындағы негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Мусанбекова, Алғыс хатына С.Абланов атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Айжамал Мыңжасарова, Амангелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Бектаева, №1 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Алтын Төлепбергенова, Көктал орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Алтай Тастановтар ие болды.
Бұлардан басқа да бірнеше алдыңғы қатарлы ұстаздар мен балабақша қызметкерлері Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мен Байзақ ауданы әкімінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды.


Аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын №4 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Айгерім Тулебаева мен «Еркетай» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жансая Исаеваға мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев табыстады.
Оқушы жетістігі - аудан абыройы. Ендеше аудан абыройын асқақтататын білімді де, тәрбиелі оқушыларымыз көп болсын.
Салтанатты жиын соңында Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Әсем әуен» үйірмесінің  жетекшісі Диана Пиналиева өз шәкірттерімен бірге «Ұстаздарға тағзым» әнін әдемі орындады. Ал Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, танымал әнші Алмахан Исабаев орындаған «Атамекен» әнін ұстаздар қауымы орындарынан тұрып, қосыла шырқады.

Сундетулла АБИЛОВ, 
«Ауыл жаңалығы».
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 01.09.2026 11:03
 

Халыққа жолдау

 

 

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1585
mod_vvisit_counterКеше6400
mod_vvisit_counterОсы аптада1585
mod_vvisit_counterӨткен аптада22840
mod_vvisit_counterОсы айда38028
mod_vvisit_counterӨткен айда96777
mod_vvisit_counterБәрі4295286

Серіктестер