|

Өткен аптада Сарыкемер ауылдық округінде аудан әкімі Олжас Баққараевтың тұрғындармен кезекті кездесуі өтті. Жиын барысында ауылдың тыныс-тіршілігі, атқарылған жұмыстар және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер сөз болды. Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында өткен кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, аппарат басшысы Асылжан Құрманов, аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің басшысы Алтынбек Жамишжанов және ауыл тұрғындары
қатысты. Кездесу барысында ауыл әкімі Еркін Заурбеков Сарыкемер ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобалар жөнінде баяндап, жүзеге асырылған шараларды слайд арқылы таныстырды. Сонымен қатар елдімекеннің алдағы даму бағыттарына да тоқталды. Жиынның негізгі бөлігі тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға арналды. Тұрғындар ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, жаңа аялдама орнату, көшелерге атау беру және елдімекен көшелерін жарықтандыру мәселелерін көтерді.
 Әр ұсыныс назарға алынып, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары талқыланды. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы мен ауыл әкімі Еркін Әзімханұлы тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді. Кездесу соңында Олжас Баққараев бірқатар тұрғындарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелері мен өтініштерін тыңдады.
Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 01.09.2026 10:53 |