Онлайн газет



БАЙЗАҚТЫҚ ЕРНҰР ҚЫТАЙДА БІЛІМ АЛАДЫ

Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында туып-өскен Елнұр Тілеубай бүгінде Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірінде білім алуға дайындалып жүр.
Елнұр Тілеубай-еңбекпен есейген ауыл балаларының бірі. Анасы үй шаруасымен айналысса, әкесі түрлі жұмыстар істеп, адал еңбегімен отбасын асырап жүрген нағыз еңбек адамы.
Елнұр ауылдағы қарапайым мектепте білім алды. Сабақтан кейін үй шаруасына араласып, ата-анасына қолғабыс етті. Ол кезде шетелде білім алу туралы ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Алайда табандылық пен білімге деген құштарлық оның өмірін мүлдем басқа арнаға бұрды.
Бәрі екі жыл бұрын «IQanat» олимпиадасына қатысудан басталды. Білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсеткен жерлесіміз Бурабайдағы «IQanat High School of Burabay» мектеп пансионатында тегін білім алуға мүмкіндік алды. Осы ортада оның қабілеті шыңдалып, болашаққа деген сенімі нығая түсті.
Мектепте Елнұр халықаралық стандарттарға сай білім алып, ағылшын тілін жетілдірді, шетелдік университеттерге түсуге қажетті дайындықтан өтті. Осылайша ұстаздарының бағыт-бағдары мен өзінің тынымсыз ізденісінің нәтижесінде Қытайдағы Zhejiang University of Finance and Economics оқу орнының грантын жеңіп алды. Экономика және бизнес саласы бойынша мамандар даярлайтын бұл оқу орны Қытайдың беделді университеттерінің қатарында.
Дегенмен шетелге жол жүру, жаңа ортаға бейімделу, оқу барысындағы және басқа да шығындарды өтеу ауылдағы қарапайым отбасы үшін оңай емес еді. Сондықтан осы сәтте Елнұрдың отбасы тығырыққа тірелгендей болды.
Алайда бұл мәселе де 16 маусым күні Бурабайда өткен «IQanat» мектебі түлектерінің кешінде шешімін тапты. Елнұр өзге түлектермен бірге сахнаға көтеріліп, құттықтау қабылдап тұрғанда жиналған көпшілік күтпеген жаңалықты естіді. Ұлының қуанышын бөлісу үшін ұзақ жол жүріп келген анасы да сол сәттің куәсі болды.
«IQanat» жобасының қамқоршысы, кәсіпкер Алмаз Тұлтаев жас талапкерге атаулы шәкіртақы тағайындайтынын мәлімдеді. Бұл қолдау Елнұрдың Қытайға баруына және оқу кезеңіндегі шығындарын толық өтеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің айтуынша, дарынды жастарға қолдау көрсету – елдің ертеңіне салынған инвестиция.
-Біз дәстүрлі түсініктегі қайырымдылықпен айналысып жүрген жоқпыз. Еліміздің дамуына үлес қоса алатын білімді жастардың қалыптасуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл болашаққа салынған инвестиция, – дейді Алмаз Тұлтаев.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінгі таңда «IQanat» жобасын Қазақстанның 240-тан астам кәсіпкері қолдауда. Сол қолдаудың арқасында ауыл мектептерінің оқушылары олимпиадаларға қатысып, қосымша білім алып, әлемнің жетекші университеттеріне түсуге дайындалады.
Биылғы түлектердің жетістігі де аз емес. Олар әлемнің тоғыз еліндегі жоғары оқу орындарынан 56 шақырту алған.
Елнұр Тілеубайдың жетістігі ауыл мектебінде білім алып жүрген талай жасқа үміт сыйлайды. Арманға жетудің жолы әрдайым үлкен қаладан басталмайды. Кейде ол қарапайым ауыл мектебінен, білімге деген ынтадан және дер кезінде берілген мүмкіндіктен басталады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
журналист.

Обновлено 01.09.2026 10:46
 

Халыққа жолдау

 

 

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1568
mod_vvisit_counterКеше6400
mod_vvisit_counterОсы аптада1568
mod_vvisit_counterӨткен аптада22840
mod_vvisit_counterОсы айда38011
mod_vvisit_counterӨткен айда96777
mod_vvisit_counterБәрі4295269

Серіктестер