|
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аппараттық кеңестің кезекті отырысы аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен өтті. Отырысқа аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Кеңес барысында алдымен «Аудандық телекоммуникациялар торабы мекемесінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мекеме инженері Жансерік Тұрлыбаев слайдты пайдалана отырып, баяндама жасады. Баяндамашыға Жаңатұрмыс ауылында байланыстың нашарлығы, Аққия, Базарбай, Ақтөбе ауылдарында интернетке байланысты проблемалардың барлығы айтылды. Оған Ж.Тұрлыбаев жауап берді. Аудандық пошта байланыс торабы мекемесінде
атқарылып жатқан жұмыстар туралы Орталық операциялық участоктың бастығы Айнұр Нұрпейсова айтты. Ауыл, ауылдық округ әкімдері тарапынан пошта байланыс торабының жергілікті жерлердегі қызметкерлері атына көптеген сындар айтылды. Олардың ішінде Жетібай ауылындағы пошта ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарының кешеуілдеп жатқаны, Кеңес, Жақаш, Мәдімар ауылдарындағы пошта мекемелерін газға қосу, жергілікті жерлерде газет-журналдар мен хат-хабарлардың уақытылы таратылмауы баса айтылды. Хат тасушылардың айлық жалақысының төмендігі де айтылмай қалмады.

Баяндамашы сұрақтарға жауап беріп, газет, хат-хабарламаны тартуда кейбір ауылдардағы бейсеубет жүретін иттердің кедергі келтіретінін айтты. Аудандық электр жүйелерін тарту мекемесінің басшысы Алтынбек Жамишжанов мекемедегі атқарылған жұмыстар мен электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларымен таныстырды. Бұл жерде Қостөбе ауылдық округінің әкімі М.Мамышев тарапынан округтегі ескі бағаналарды ауыстыру, жел тұрса болды жарықтың өшетіндігін тоқтату мәселесі көтерілді. А.Жамишжанов бағаналар кімнің есебінде болсада РЭС мекемесімен келісімшартқа отыру қажеттігін түсіндірді. Себебі мұнда адам қауіпсіздігі алдыңғы орында тұруы ескертілді. Баяндамаларды мұқият тыңдаған аудан басшысы Олжас Елебекұлы халыққа қызмет көрсететін мекемелердің жұмысы талапқа сай болуы керектігін баса айтты. Бұл ретте халықтың сұранысына назар аудара отырып, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын жақсартып, пошта қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету керектігіне тоқталды. Сондай-ақ электр желілеріндегі ақаулардың алдын алу, ал ол анықталған жағдайда мәселені жедел шешу керектігі айтылды. Адамдардың қауіпсіздігі үшін трансформаторлардың қоршалуы кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Бұл ретте Дихан, Көкбастау, Түймекент ауылдарындағы трансформаторларды қоршау үшін аудандық электр жүйелерін тарату мекемесі мен тиісті округ әкімдеріне бір апта уақыт берілді. Әр ауылдардағы трансформаторларды тексеріп, олардың қаншасы тиісті мекеме есебіне өткізілгенін анықтау да тапсырылды. Алдымызда қыс мезгілінің жақындап қалғанын еске ала отырып, оған дайындық жұмыстарын естен шығармау қажеттілігі ескертілді.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |