|

Аудан орталығындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет үйі жанында 2021 жылдың 26 тамызында Қайнар ауылындағы әскери бөлім қоймасында орын алған жойқын жарылыс салдарынан қаза тапқан боздақтарға орнатылған ескерткіш маңында «Ерлікке тағзым» атты жиын өтті. Айтулы іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев, мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, ардагерлер, Қоғамдық кеңестердің төрағалары Бердібек Омаров, Қыдырәлі Оралов, ардагерлер мен құрбандардың туыстары, ауыл тұрғындары қатысты. Еске алу жиыны бейбіт күннің батырларына арналған мемориалдық ескерткіш-тақтаға
гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған қауым жойқын жарылыста өзгенің жаны үшін жанын пида еткен әскери қызметшілер мен өрт сөндіру бөлімінің мамандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жиында сөз алған аудан әкімі Олжас Елебекұлы “Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2021 жылдың 26 тамызында Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыстан туындаған алапат өртті сөндіру кезінде әскери прокуратура, №28349 әскери бөлімінің және өрт сөндіру қызметінің 17 қызметкері ерлікпен қаза тапты. Олардың жанқиярлық ерліктері ел есінде. Ел Президентінің Жарлығымен өздерінің қызметтік міндеттерін соңына дейін абыроймен атқарып, ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміз бірінші және үшінші дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапатталды. 2022 жылы Тараз қаласында ескерткіш тақта орнатылып, тақта бетіне тілсіз жауды ауыздықтау кезінде қаза тапқан боздақтардың есімдері мен суреттері қашалып жазылды. Сондай-ақ Қайнар ауылындағы биік төбе басына «Ер ерлігі-ел есінде» атты мемориалдық тақта орнатылды”,-деді. Мұнан кейін Төтенше жағдайлар саласының ардагері Бақытжан Садықов боздақтардың есімдерін ұлықтау, батырлықтарын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру-бүгінгі қоғамның басты парызы екенін атап өтті. Ақын-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ауданымыздың Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр бүгінгі күннің батырларына арнаған өлеңін оқыды. Ерлік-елге мұра, ұрпаққа үлгі. Ерлер есімі ел есінде әрдайым сақталады.
Бақшагүл Жақсымбетова, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 28.08.2026 11:46 |