Онлайн газет



«БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫ» ДОСТЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ «АЛТЫН КӨПІРІНЕ» АЙНАЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІН

Президент Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. «Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылған іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.
Жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдердің басшыларына, құрметті қонақтар мен халықаралық турнирге қатысу үшін елімізге келген спортшыларға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тапқан турнир баршаға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндесетінін айтты.
– Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен жаттықтырушыларға, тиісті мамандарға, еріктілерге және осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.
Ашылу салтанатында Ресей Президенті Владимир Путиннің турнир қатысушыларына бейнеүндеуі көрсетілді.
Сонымен қатар жиында Болашақ ойындарының бас директоры Дэн Меркли сөз сөйледі.
Бұдан соң көрермендер театрландырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалады.
29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді. Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.
Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.

Мемлекет басшысының «Болашақ ойындары – 2026» сайысының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Қадірлі достар және меймандар!
Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін!
Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе.
Жаңа ғана Ресей Президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтауын жолдады. Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы – Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын.
Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты.
Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін.
Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса  маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды.
Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқиға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді. Бұл – шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған, яғни өркениетке қарай жасалған озық қадам.           
Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана.

Құрметті мемлекеттер басшылары, отандастар және достар!
Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында. Осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді.

Құрметті достар!
«Болашақ ойындарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр.
Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ.
Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру.
Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін.

Қадірлі достар!
Сөз соңында осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен бапкерлерге, тиісті мамандарға және еріктілерге алғыс айтамын. Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең достығын бекемдейді, береке-бірлігін арттыра түседі деп сенемін.
Спортшыларға сәттілік тілеймін! Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз. Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!

Аkorda.kz

Обновлено 04.08.2026 11:07
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1922
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1922
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36205
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196686

Серіктестер