|

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов қатысып, көпбалалы аналарды марапаттарымен құттықтап, игі тілегін арнады. - Ана-өмірдің гүлі, тіршіліктің тірегі деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Сіздер еліміздің демографиялық өсіміне үлестеріңізді
қосып келесіздер. Отбасы берекесін сақтау мен ұрпақ тәрбиелеудегі және қоғамның дамуына қосып отырған үлестеріңіз өлшеусіз. Дүниеге әкелген ұл-қыздарыңызды мейірімімен тәрбиелеп, елімізге адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеп отырсыздар. Ауданымызда 700-ден аса “Алтын алқа”, 1800-ге жуық “Күміс алқа” иегері бар. Баршаңызды марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбастарыңызға береке тілеймін. Өсіріп отырған перзенттеріңіздің қызығын көрулеріңізге тілектеспін,-деді Р.Қасымов. Мұнан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев та өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Әрмен қарай Рүстем Қалмұхамбетұлы түймекенттік Улмира Амиркуловаға, шахандық Айдана Әбітаеваға, кеңестік Ақбота Байбековаға, сарыкемерлік Гулбахар Сейтназароваға “Алтын алқа” төсбелгісін, көкбастаулық Салтанат Ағайдароваға, жетібайлық Сайра Байшукироваға, сарыкемерлік Гульчехра Матякуповаға, көкөзектік Сандуғаш Тайжумаеваға “Күміс алқа” төсбелгісін табыстап, гүл шоқтары ұсынылды. Қабылдауға аудан әкімінің аппарат басшысы Асылжан Құрманов, аудандық ардагерлер мен Қоғамдық кеңестердің төрағалары Бердібек Омаров пен Қыдырәлі Оралов қатысты.
“Ауыл жаңалығы”- ақпарат. |
|
Обновлено 04.08.2026 11:00 |