|
Тұрмыстық қоқыстарды тек қоғамдық орындарда ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлердің жанында да кездестіруге болады. Орауыштар, стақандар, пластикалық бөтелкелер, темекі тұқылдары, тіпті үйден шығарылатын қоқыстары бар пакеттер. Қоқыспен байланысты жағдай қоршаған ортаға және адам денсаулығына теріс әсер етеді. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинауға, уақытша сақтауға және тасымалдауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығымен бекітілген “Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға
және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” Санитариялық қағидаларында (СҚ) айқындалып, келесідей талаптар қойылады: - Елді мекендерде (тұрғын үй қорының, ұйымдардың, мәдени-бұқаралық мекемелердің, демалыс аймақтары аумақтарында) көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаңға қатты жабын жабылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмайтын биіктікте, бірақ кемінде 1,5 м биіктікте қоршайды. -ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Елді мекендерде контейнер алаңын тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 м қашықтықта орналастырады. Қалыптасқан құрылыс салынатын аудандарда санитариялық ажырауларды сақтау мүмкіндігі болмаған кезде қашықтықтар жергілікті атқарушы органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, объектілердің меншік иелерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен комиссиялық түрде белгіленеді. - ҚТҚ-ны шығару уақтылы жүзеге асырылады. Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0ºС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен аспайды. - ҚТҚ-ны жинау үшін абаттандырылған тұрғын үй қорында контейнерлерді қолданады, жеке үй иеліктерінде қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі. - Елдімекендер аумағында қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуді мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
Роза Пірімқұлова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары. |