|

Аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, көктемгі әскерге шақыру науқанының жайы, Сазтерек ауылдық округі, Көптерек, Көктал ауылдары әкімдерінің есепті кезеңде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары қаралды. Жиында аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков ең басты экономикалық көрсеткіштер бойынша баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өнеркәсіп - 100,7 пайыз, бөлшек сауда
айналымы-115,1 пайыз, құрылыс - 81,1 пайыз, тұрғын үй-100,3 пайыз, ауыл шаруашылығы-107,9 пайызды құраған. Сонымен қатар ол ауыл әкімдеріне белгіленген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің 2026 жылғы жоспарлық мәндерінің орындалуы барысына да егжей-тегжейлі тоқталды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе-көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімшесінің басшысы Омарғали Ибрагимовтың хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына ауданымыздан аттанған 148 азамат әскер қатарында міндеттерін атқарып жатқандығын, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырғандығын жеткізді. Әрмен қарай Сазтерек ауылдық округінің, Көктал, Көптерек ауылдарының әкімдері Жұмабек Шайхиев, Серік Қайпулдаев және Самат Кусемісовтер осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі Олжас Елебекұлы жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне белгіленген жоспарларды сапалы жүзеге асыру және экономикалық өсімді сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар елдімекендерде тазалықты сақтау, кейбір орын алған кемшіліктерді тез арада жою, инвестиция тарту, салық түсімдерін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Өз тілшіміз. |