Онлайн газет



ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Конституциясын ілгерілету мәселелері бойынша аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынды Қазақстан Республикасы Конституциясына байланысты аудан басшысы Олжас Елебекұлы кіріспе сөзбен бастады.
-Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Ата заңның қабылдануы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындап, әділетті, құқықтық және тиімді мемлекет құруға бағытталған ауқымды саяси реформалардың берік құқықтық негізін қалыптастырды.
Бүгінгі жиынға конституциялық реформаның негізгі бағыттарын аудан тұрғындары арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысқан мемлекеттік мекемелер мен ауыл және ауылдық округ әкімдері қатысып отыр.
Жалпы баршаңызға белгілі мемлекетімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты-басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, билік тармақтарының тепе-теңдігі мен жауапкершілігін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін жетілдіру екендігін атап өткен жөн.
Жақында елімізде өткен референдум-халықтың өз болашағына бейжай қарамайтынын көрсеткен маңызды саяси оқиға болды.
Бұл тарихи сәтте Байзақ ауданының халқы ел дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап, мемлекетіміздің болашағын айқындауға белсенді қатысты.
Аудан тұрғындарына Конституциялық реформаны түсіндіруде жоспарлы әрі жүйелі, сонымен қатар, түрлі бағыттағы жұмыстардың нәтижесі деп білемін,- деді аудан әкімі.
Бұдан кейін сөз кезегі аудандық Билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаевқа  берілді.
-Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуын жеделдету және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Ата заңымызға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Ол өзгерістердің халыққа нақты қызмет жасауын қамтамасыз ету, барынша дамыту үшін құрамына 100-ден астам заңгерлер мен ғалымдар енгізілген арнайы комиссия құрылып, комиссия тарапынан Ата заңымыздың 85 пайызын өзгерту туралы ұсыныс жасалды. Оны 15 наурызда өткізілген жалпыұлттық референдумда ел болып қабылдағанымыз баршаңызға аян.
Сіздерді ел болшағын айқындайтын, мемлекетіміздің дамуына бастау болатын, сол жалпыұлттық референдумда қабылдаған жаңа Халық Конституциясының заңды күшіне енуімен шын  жүректен құттықтаймын!
Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі халқымыздың бірлігі мен ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Аталған тарихи қадам-еліміздің жан-жақты жаңғыруының,  заң үстемдігін қамтамасыз етудің және тұрақты дамуының берік негізі деп білемін.
Қарыштап дамып бара жатқан әлемдік көштен қалып қоймау үшін алдымызда мемлекетіміздің әлеуетін арттыру, сапалы білім мен ғылымды дамыту, еліміздің экономикасын өркендету, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту секілді бірқатар  маңызды міндеттер тұр. Бұл мақсаттарға “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып” бірлік пен ынтымақта еңбек етіп, адал еңбек пен мол жауапкершіліктің арқасында ғана қол жеткізуге болады.
Жаңа қабылданған Қазақстанның Халық Конституциясының күшіне енген күннен бастап, елімізде түбегейлі өзгерістердің бастау алғанына өздеріңіз куә болып отырсыздар. Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде  маған жаңа Конституциямыздан қатты ұнағаны- елімізде бұрын мән беріле бермейтін Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаз құндылықтарды қоғамда берік орнықтыру мәселесі. Бұрындары осындай-бір қарағанда қарапайым  әрекеттерге жете мән бермегендіктен, елімізде экологиялық ахуал айтарлықтай нашарлаған. Тіпті біздің ауданның ішінде де шешімін күтіп тұрған осы тектес  мәселелер жоқ емес. Ал, бұл мәселенің халқымыздың денсаулығына тікелей қатысы бар екені белгілі.
Жаңа Конституция біздің әрқайсымыздан өзімізге жүктелген міндеттерімізді санамызбен түйсініп, жауапкершілікпен қарауды талап етіп отыр. Бұл қазіргі заманның талабы және біз ел боламыз десек, осы көштен қалып қоймауымыз керек.
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, Отанымыздың дамуы мен өркендеуі жолындағы игі бастамаларымыз табысты болсын!
Жаңа Конституциямыздың тұғыры берік, Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болсын,-деді Исағали Бошқайұлы.
-Конституция-кез келген мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, оның даму бағытын, қоғамдық құндылықтарын және мемлекеттік басқару қағидаттарын айқындайтын басты заң,-деді Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Гүлбахрам Ермекова.-Сондықтан Конституцияға енгізілетін әрбір өзгеріс-елдің болашағына әсер ететін маңызды саяси шешім.
Жалпыхалықтық референдумда Қазақстан халқы Конституциялық реформаларды қолдап, еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Аудандық мәслихат депутаттары ретінде біздің негізгі міндетіміз – тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, өзекті мәселелерді дер кезінде көтеру және олардың шешілуіне нақты ықпал ету болса, Конституцияда бекітілген қағидаттардың іс жүзінде орындалуына қоғамдық бақылау жасап, мемлекеттік саясаттың халық игілігіне қызмет етуіне үлес қосу біздің басты жауапкершілігіміз.
Конституциялық реформалардың маңызды бағыттарының бірі-азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету. Солардың  ішінде сапалы білім алу құқығы ерекше орын алады. Өйткені білім – жеке адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің өркендеуінің басты кепілі. Бүгінгі таңда білім саласының алдында бірнеше маңызды міндет тұр.
Ең алдымен, әрбір балаға сапалы білімге тең қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи технологияларды енгізу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру-бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі.
Екінші маңызды бағыт-педагог мәртебесін одан әрі нығайту. Мұғалім-білім беру жүйесінің басты тұлғасы. Оның кәсіби біліктілігі, әлеуметтік қорғалуы және қоғамдағы беделі жоғары болған жағдайда ғана білім сапасы артады. Сондықтан ұстаздарға қолдау көрсету – келешек ұрпаққа жасалған инвестиция.
Сонымен қатар білім беру мазмұны заман талабына сай үнемі жаңарып отыруы қажет. Бүгінгі мектеп оқушыға тек пәндік білім берумен шектелмеуі тиіс. Ол жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін, цифрлық сауаттылығын, коммуникативтік мәдениетін және өмірлік дағдыларын дамытуға бағытталуы қажет. Себебі қазіргі еңбек нарығы білімді ғана емес, өзгерістерге бейімделе алатын, жауапкершілігі жоғары, бастамашыл азаматтарды талап етеді.
Жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқулықтары жаңа Конституцияға сай жаңарады, білім беру мазмұнына бірнеше жаңа міндетті курстар толықтырылады.
Тағы бір маңызды мәселе – өскелең ұрпақтың тәрбиесі. Білім мен тәрбие-бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Біз тек жан-жақты білімді емес, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, заңды сыйлайтын, отансүйгіш, еңбекқор және жауапты азамат тәрбиелеуге міндеттіміз.
Бұл ретте мектептің, отбасының және қоғамның өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Бала тәрбиесі – тек мұғалімнің ғана емес, ата-ананың, жергілікті қоғамдастықтың және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі. Бірлескен жұмыс қана сапалы білім мен саналы тәрбиеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Конституциялық реформалардың түпкі мақсаты- азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз қалау.
Ендеше, жаңартылған Конституцияда айқындалған қағидаттарды басшылыққа ала отырып, әділетті қоғамды қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бар күшімізді салайық.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры берік, бірлігі бекем, болашағы баянды болсын!
Жиынға қатысушылар жаңа Конституциядағы өзгерістердің елдің өсіп өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлес қосатынына сенім білдірді.

Сундетулла АБИЛОВ,
“Ауыл жаңалығы”.

Обновлено 03.07.2026 11:57
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін307
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3036
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63785
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109595

Серіктестер