|
Береке-бірлік ел билеп, жол көрсетер тұлғадан, тәуелсіз тірлік шешім шығаратын Астанадан бастау алады. Түрлі ұлт өкілдерінің баласын бауырына басып, алып шаңырақтың астына топтастырған қазақ елі-алтын бесік болса, Есіл жағасындағы еңселі Елорда-алтын қазық саналады. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Қазақстанның сол кездегі Тұңғыш Президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы
10 маусымда өтті. Құрылу, қалыптасу, өркендеу сатысынан өтіп, еліміздің әкімшілік және іскерлік орталығына айналған Астана қазақстандықтарды ортақ идеяға, рухани тұтастыққа біріктіріп келеді. Қазіргі таңда Елорда тәуелсіздігіміздің символына және әлемдік маңызы бар саяси, мәдени орталыққа айналды. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ беріліп, медальмен марапатталды. Астана арқылы қазақ елін жаһан таныды. Қазақстанның саяси және экономикалық орталығы саналатын Елордаға шетел инвестициясы көптеп тартылуда. Жыл өткен сайын бас қаламызда сәулет нысандары бой көтеріп, ең батыл жобалар жүзеге асырылуда. Астана күні-елге ортақ мереке. Тарихымыздың шежіресі саналатын бас қаламыз жастар қаласы деп аталады. Мұндағы тұрғындардың дені жастар. Келешегі жарқын, болашағы айқын бас қаламыз көпұлтты халқымыздың бірлігі мен ынтымағына тірек, достығы мен татулығына кепіл болып отыр. Астана-тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған ұлттық рухы мен мәдениетін ұлықтайтын басты рухани ордасына айналды. Мемлекетіміздің жарқын болашағына жол ашатын тағдырлы шешімдер қабылданатын бас қаламыздағы “Abu Dhabi Plaza”, “Emerald Towers”, “Солтүстік шұғыласы” тұрғын үй кешені, Қазақстан теміржолы ғимараты, “Khan Shatyr”, “Астана Триумфы”, “Хан шатыр”, “ЭКСПО”, “Бәйтерек” монументі сынды зәулім ғимараттар алыстан көзді арбайды. Алтайдан Атыруға дейін созылып жатқан Ұлы Даламызда тыныштық пен бейбіт өмір салтанат құрған. Ел алдында тұрған басты міндет- Тәуелсіздікті тұғырлы ету, мемлекет тұтастығын көздің қарашығындай сақтау, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз Қазақстанды құру. Ал тәуелсіздіктің тірегі, еліміздің жүрегі саналатын Астана қаласы жайнап, өркендей берсін. Туған күніңмен, Астана! Мәңгі жаса, бас қалам!
Ақжарқын ҚУАНЫШБЕКОВА, “Ауыл жаңалығы”. |