|

Аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Бүркітәлиев, Р.Қасымов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Аппараттық кеңесте аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ғалым Қалтаев «Байзақ ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша атқарған жұмыстар туралы» баяндады. -Ауданымызда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды
тарту және сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы қаңтар айындағы РПН порталының деректеріне сәйкес аудан халқының саны 83204 адамды құрады. Оның ішінде 11216 азамат немесе жалпы халықтың 13,4 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған.
Жүргізілген түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылдың І тоқсанына сақтандырылмаған 10992 азаматтан сақтанғаны 10700 адамды құрады. Сондай-ақ осындай жақсы жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айында 2507 азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеп, сақтандырылған мәртебесін алды. Ауданда 2026 жылдың 1 шілдесіне аудан халқының саны 83687 адамды құраса, оның 70493-і сақтандырылған. Жекелеген округтер бойынша мамыр айының қорытындысында Суханбаев, Жетібай, Абай дәрігерлік амбулаториялары сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс жүргізуде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал керісінше аталған мерзімде Кеңес, Қостөбе, Үлгілі дәрігерлік амбулаториялары ең төменгі көрсеткішті көрсетті,- деді Ғалым Талғатұлы. Аудан әкімі халыққа медициналық сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ сақтандыру жұмыстарынан жеке кәсіпкерлерде шет қалмауын қатаң ескертті. Қостөбе және Темірбек ауылдық округтерінің әкімдері М.Мамышев пен А.Утебаев өздеріне қарасты округтердегі атқарылған жұмыстармен алдағы міндеттерді айтып берді. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы әкімдерге әлеуметтік сақтандыруға байланысты жұмысты жандандыру, сондай-ақ округ аймағындағы тазалық жұмыстарына баса көңіл бөлуді тапсырды.
Сундетулла Абылашұлы. «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 03.07.2026 11:50 |