|
Аудан әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Аудан әкімі Олжас Баққараев төрағалық еткен жиында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы талқыланды. Кеңесте алдымен аудандық “Жастар ресурстық” орталығының директоры Жалғас Аруанов ағымдағы жылдың 5 айында ауданда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы баяндады. Аудандағы жастардың саны - 27 798. Биыл мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізуге 114 305,0 мың теңге қаражат бөлініпті. -Аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірлесіп, ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында
«Jastarga kenes» жобасы аясында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық және психологиялық бағыттар бойынша кеңес беру үшін түрлі сала мамандары тартылып, 46 көшпелі кеңес беру және 48 ашық есік күні ұйымдастырылды. Кеңес беру алаңдарының нәтижесінде жастар мен жас отбасылар «Отбасы банк» арқылы 112 жас тұрғын үй алу және бастапқы жарнаны жинақтау үшін депозит ашты. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы аясында 23 маман өтінім берді. Әр түрлі бағытта 1 981 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Ұлттық қор - балаларға» жобасы аясында ауданда 2006-2008 жылы туған 142 жасқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 18 жасқа толған 139 жас қор қаражатын, атап айтқанда, 49 жас оқу ақысын төлеуге, ал 90 жас баспана алу мақсатында «Отбасы банк» арқылы депозит ашып, қор қаражатын пайдаланды. “Жасыл ел “ жобасы аясында 100 жасты маусымдық жұмысқа тарту жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес көктемгі маусымдық жұмыстарға 30 жас тартылып, 7 гектар аумақ тазаланып, 2 тонна күл-қоқыстар шығарылды. Күзгі маусымдық жұмыстарға 70 жас тарту көзделініп отыр,-деді Жалғас Алмаханұлы. Сонымен қатар баяндамашы “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайту, “Таза Қазақстан” республикалық акциясын қолдау, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, еріктілер қозғалысын дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Баяндамашының сөзінен соң Олжас Елебекұлы жаз маусымында аудан жастарымен қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрады. Жалғас Аруанов жаз мезгілінде аудан жастары Төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Талас өзені мен тыйым салынған су айдындарында рейдтік шараларға қатысып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Мұнан соң Байзақ аудандық орталық ауруханасының «Жастар денсаулық орталығының» менеджері Гүлнұр Қайырла жастар арасында денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және профилактикалық жұмыстар аясында атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндады. Отырыс барысында Көптерек ауылы әкімінің міндетін атқарушы Олжас Абильдаев пен Қостөбе ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мамышев өз округтерінде жастар саясатының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Күн тәртібіндегі қаралған мәселелерге қатысты кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жастардың әлеуетін арттыру, олардың қоғамдық белсенділігін күшейту және өзекті мәселелерін тиімді шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. -Аудан жастарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар, өткізіліп жатқан іс-шаралардың санынан гөрі сапасына мән беріп, жастардың мәселесін шешуге ықпал етуіміз қажет. Барлық елдімекендердегі жастардың тыныс-тіршілігі, немен айналысып жатқандығы туралы нақты мәлімет жинақтау жөніндегі жұмыстар жандандырылсын. Тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әр сенбі сайын ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылып, өтуде. Осындай жобаларға аудан жастары мен сол елдімекендерде тұратын жастардың қатысып, ауыл тұрғындарымен тазалықты сақтау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. Үй төңірегіндегі тазалықты сақтамағандарға айыппұл салынатындығын тұрғындардың білгені абзал,-деді аудан басшысы Олжас Елебекұлы. Кеңес қорытындысы бойынша О.Баққараев жастар саясатын сапалы жүзеге асыру, жастарды қолдау шараларын күшейту және көтерілген мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Гүлшахар Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”. |