Онлайн газет



ҚАРА ДОМБЫРА – ӨМІРЛІК СЕРІК

Домбыра – қазақтың жаны. Оның қос ішегінен төгілген күй – ұлттың тарихын, тағдырын, дүниетанымын, қуанышы мен мұңын бүгінге жеткізген қасиетті үн. Домбыраны қолға алған бала тек күй үйренбейді. Ол туған халқының рухымен тілдеседі, тарихымен қауышады, тамырынан нәр алады. Сондықтан домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың рухани коды.
Аудан орталығында орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі осы асыл мұраны ұрпақтан - ұрпаққа аманаттап келе жатқан өнер ордасы. Жылдар бойы бұл мектептен ұлттық өнерге адал жүздеген шәкірт қанат қақты. Бүгінде олардың қатарынан белгілі орындаушылар, ұстаздар, дирижерлер мен мәдениет саласының мамандары өсіп шықты.
Мектептің домбыра бөлімінде тәжірибелі ұстаздар жас таланттарды тәрбиелеуде. Олардың қатарында отыз жылдан астам уақыт бойы ұрпақ тәрбиесіне қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаздар Алима Оралбекова мен Бақытгүл Тайпақованың орны ерекше. Саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған ұстаздардың еңбегі жүздеген шәкірттің өмір жолына бағыт-бағдар болды.
Балалар мектепке 8–9 жастан қабылданып, жалпы білім беретін мектептегі оқуымен қатар алты-жеті жыл бойы кәсіби музыкалық білім алады. Осы уақыт ішінде олар шамамен елуге жуық күй мен түрлі музыкалық шығармаларды меңгеріп шығады. Бұл – жай ғана репертуар емес, қазақтың күйшілік мектебінің тәлімін бойына сіңірген жас домбырашының қалыптасу жолы.
Домбыра сыныбындағы оқу барысында баланың музыкалық қабілеті ғана емес, еңбекқорлығы, жауапкершілігі, сахна мәдениеті мен ұлттық дүниетанымы қатар қалыптасады. Шәкірттер аудандық, облыстық, республикалық байқауларда өнер көрсетіп, мәдени-көпшілік іс-шаралардың белсенді қатысушыларына айналады. Әрбір сахна – олардың кәсіби шыңдалу мектебі.
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі – көптеген шәкірт үшін домбыра болашақ мамандықтың бастауы бола алады. Тоғызыншы сыныптан кейін түлектердің бірқатары музыкалық бағытты саналы түрде таңдап, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне, Алматы қаласындағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Кейін олар білімін Ұлттық консерватория мен Ұлттық музыка академиясында жалғастырып, кәсіби өнер жолына қадам басады.


Бүгінде мектептің түлектері еліміздің мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың қатарында Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледжде Жақсылық Ажмұханов абыройлы қызмет атқарса, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде Зият Бақытжан жас музыканттарды тәрбиелеуде. Жамбыл облыстық оркестрінде бірінші пульттің домбырашысы ретінде Дидар Басықараев өнер көрсетіп жүрсе, осы шығармашылық ұжымның бас дирижері – мектеп түлегі Рауан Жексенбі. Әбу Мерей қазақтың дәстүрлі ән өнерін республикалық деңгейде насихаттап келеді. Жетіген аспабының ұстазы Айман Шерметова облыстық «Әулиеата әуендері» іріктеуінде жеңімпаз атанғанын мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар облыстық оркестр құрамында мектептің көптеген түлектері түрлі ұлттық аспаптар бойынша қызмет атқарып, қазақ өнерінің өркендеуіне үлес қосуда.
Бүгінде Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде 267 оқушы түрлі музыкалық аспаптар бойынша білім алуда. Оның ішінде 89 оқушы домбыра сыныбының шәкірттері. Бұл көрсеткіш аудан балаларының ұлттық өнерге деген қызығушылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Биыл алғашқы рет Астана қаласында өткізілген республикалық «Сөз бен саз» байқауында оқушымыз Кәусар Ахмет бас жүлде алып, облысымыздың мәртебесін биіктетті. Бұл-ұстаз еңбегінің, ұлттық мектептің өміршеңдігінің нақты нәтижесі.
Мектеп жетістігі тек жеке орындаушылардың жеңісімен ғана өлшенбейді. Ұжымдық шығармашылық та-білім сапасының, ұлттық өнерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі. Мектебіміздің ЮНЕСКО клубтарының қауымдастығына мүше болуы –  мәдени кеңістіктегі беделін айқындайтын маңызды мәртебе. Бұл – ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеу жолындағы жүйелі жұмыстың жоғары бағалануы. Қазақтың күй өнері мен дәстүрлі музыкасын жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы мектеп ұлттық құндылықтарды әлемдік мәдени кеңістікпен сабақтастырып келеді.
Биыл мектеп ұжымы тағы бір үлкен белесті бағындырды. Мектеп жанынан құрылған «Кенен сазы» фольклорлық ансамблі өзінің шығармашылық деңгейін дәлелдеп, «Халықтық» атағын сәтті қорғады. Бұл – ансамбль мүшелерінің ғана емес, күллі ұжымның ұзақ жылғы ізденісі мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Халықтық өнердің қайнарынан нәр алған ансамбль бүгінде ауданның ғана емес, облыстың мәдени өмірінде өзіндік орны бар шығармашылық ұжымға айналды.
Қара домбыра көптеген шәкірттің тағдырын өзгертті. Бірі кәсіби музыкант болды, бірі ұстаздық жолды таңдады, енді бірі басқа мамандық иесі атанса да, домбырасын өмірлік серігіне айналдырды. Өйткені домбыра – тек сахнада орындалатын күй емес, ол – адамды туған халқымен, ұлттық болмысымен өмір бойы байланыстырып тұратын рухани көпір.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің жетістіктеріне көз жүгіртсек, бір нәрсе анық аңғарылады. Мұнда тек күй үйретілмейді. Мұнда ұлттың үні, ұлттың рухы, ұлттың болашағы тәрбиеленеді. Осындай өнер ордалары барда қара домбыраның қоңыр үні ешқашан үзілмейді, қазақтың күй өнері мәңгі жасай береді.

Панабек АХМЕТОВ,
К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің директоры.
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 03.07.2026 11:43
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін291
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3020
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63769
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109579

Серіктестер