|

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық сот төрағасының бастамасымен «Отбасы мен некені сақтаудағы ведомствоаралық ынтымақтастық және отбасы құндылықтарын дәріптеу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысты аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы құндылықтарына үлкен мән беріп жатқандығын, отбасы институтын нығайтудың маңызына тоқталды. Мұнан кейін сөз алған Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбеков “Отбасылық сот” жобасының іске асырылу нәтижелері және отбасы дауларын шешу тәжірибесі бойынша” баяндап, неке бұзу істері бойынша қаралған сот көрсеткіштері және неке бұзудың негізгі себептерін
атап өтті. Төрағаның айтуынша аудандық сотқа 2024 жылы 1062 талап қоюлар келіп түскен. Оның ішінде 191 (18,%) неке бұзу туралы істер қаралған. Ал 2025 жылы келіп түскен 1626 талап қоюлардың 137 (8,4 пайызы) неке бұзу туралы істерді құраған екен. Биылғы жылдың 6 айында келіп түскен 1671 талап қоюлардың ішінде 68 (14 пайызы) неке бұзу туралы істерді құраған. -Неке бұзылу себептері алдымен отбасындағы зорлық-зомбылық, екіншіден «көзге шөп салу», ер адамдар ғана емес, әйелдер арасында орын алып жатқандығы өкінішті. Үшіншіден лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік. Соңғы кезде бәс тігуге қыз-келіншектердің құмар болуы отбасыға кері әсер етуде. Төртіншіден жұмыссыздық, ер азаматтардың отбасын асырауға деген құлықсыздығы, бесіншіден келін мен ененің арасындағы түсінбеушіліктер, алтыншыдан отбасындағы қаржылық сауатсыздық, жетіншіден кейбір діни ағымдардың кері әсері, сондай-ақ, маскүнемдік пен нашақорлыққа салыну, тым жастай үйленіп, отбасылық өмірге жастардың дайын болмауы, қаптап кеткен тренинг, коучтардың ұлттық емес, теріс батыстық құндылықтарды насихаттауы, сонымен қатар, шетелге ұзақ мерзімге нәпақа табуға кету салдарынан ерлі-зайыптылардың арақатынасы суып кетуі секілді себептер шаңырақтың шайқалуына негіз болып отыр. Осылардың алдын алу мақсатында тиісті құзырлы органдар мен мекемелер, тұтас қоғам болып шара қолдануымыз керек,-деді Досжан Қанатбекұлы.
 Әрмен қарай «Отбасын қолдау орталығының» өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөнінде және тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсету туралы” Отбасын қолдау орталығының директоры Нұрахмет Искаков баяндады. Баяндамашы “Отбасылық сот” жобасын іске асыру шеңберінде Байзақ аудандық сотынан Отбасын қолдау орталығына неке бұзу туралы 15 ұйғарым келіп түскендігін, оның ішінде 3 ұйғарым қайталанғандықтан, 12 отбасы бойынша нақты психологиялық және татуластыру жұмыстары жүргізілгендігін жеткізді. Нәтижесінде 12 отбасының 2-еуі татуласып, некесін сақтап қалғандығын, қалған 10 отбасының некесі сот шешімімен бұзылғандығын атап өтті.Сондай-ақ Байзақ аудандық полиция бөлімінен биылғы жылдың алты айында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 7 отбасы 14 баласымен орталыққа жеткізілген. Аталған отбасылармен арнайы топ өкілдерінің жүргізілген жұмыстары нәтижесінде олар қайта татуласқан. Мұнан кейін “Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмыстардың қорытындысы туралы” аудандық полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Бақытұлының, “Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстар және қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің отбасы мен бала құқығын қорғау бағытында атқарған жұмыстары” жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекованың, “Аналар кеңесінің отбасы құндылықтарын дәріптеу және татуластыру жұмыстарындағы тәжірибесі туралы” аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарованың, “Ақсақалдар алқасының отбасы тұрақтылығын сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстары туралы” аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаровтың баяндамалары тыңдалды. Отырыс соңында ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, орталықтың жұмысын одан әрі жетілдіру, жас отбасыларды қолдау мақсатында “Жас отау” клубын ашу және орталық аумағынан балалар ойын алаңын салу бастамалары айтылды.
Өз тілшіміз. |