|

Ауыл – қазақ руханиятының алтын бесігі. Ұлттық құндылықтың қайнары да, салт-дәстүрдің сақтаушысы да – ауыл мәдениеті. Бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысына жаңа серпін беру, заман талабына сай жаңашыл бағыт қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта Түймекент ауылында ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері арасында «Ауыл–CLUB» облыстық ART-тимбилдингі өтті. Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Байзақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп отырған шара екінші жыл қатарынан аталып өтуде. Ерекше форматтағы басқосуға облыстың барлық аудандарынан келген мәдениет қызметкерлері қатысып, тәжірибе алмасып, шығармашылық қабілеттерін
ортаға салды. Әр ауданнан келген командалар қазақтың қара шаңырағы саналатын киіз үйлер тігіп, туған жерінің тарихы мен мәдени ерекшеліктерін таныстырды. Ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, салт-дәстүр көріністері арқылы әр өңір өз ерекшелігін көрсетуге тырысты. Мәдениет қызметкерлері сахнадағы өнерімен ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен де сынға түсті. Олар 40 минуттық концерттік бағдарламаларын ұсынып, ән мен биден, театрландырылған қойылымдардан шашу шашты. Сонымен қатар интеллектуалдық, логикалық және музыкалық ойындарға қатысып, тапқырлықтары мен білімдерін көрсетті. Тимбилдингті облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып, құттықтау тілегін арнады.
 -Бұл жай ғана өнер додасы емес, ауыл мәдениетін дамытудың жаңа жолдарын іздеген, мәдениет саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған шығармашылық алаң болды. Шараның басты ерекшелігі-қатысушылардың тек өнер көрсетуімен шектелмей, өз өңірінің мәдениетін таныстырып, ұлттық болмысты дәріптеуі,-дейді ол. Байқау барысында қатысушыларға түрлі шығармашылық тапсырмалар берілді. Командалар қысқа уақыт ішінде бірлесе жұмыс жасап, креативті идеяларын жүзеге асырды. Бұл өз кезегінде мәдениет қызметкерлері арасындағы байланысты нығайтып, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты-ауылдық клуб меңгерушілерінің кәсіби және шығармашылық әлеуетін анықтау, озық тәжірибелерді тарату, мәдени қызметкерлер арасында достық қарым-қатынасты арттыру.
 -Бүгінде ауыл клубтары тек мерекелік концерт өткізетін орын емес. Ол-ауыл тұрғындарының бас қосатын, рухани демалатын, өнерге қанат қағатын орталығы. Сондықтан мәдениет үйін заманға сай дамыту, жастарды өнерге тарту, жаңа идеяларды енгізу-уақыт талабы. 21 ауылдық мәдениет үйі сайысқа қатысып отыр. Дайындығымыз жақсы. Жүлдеден үміттіміз,-дейді Қордай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Елдар Боранбек. ART-тимбилдинг барысында жаңа этикалық нормаларға да ерекше назар аударылды. Қатысушыларға сәлемдесу мәдениеті, киім кию үлгісі, көпшілік ортада өзін ұстау, сөйлеу әдебі секілді маңызды құндылықтар дәріптелді. Өйткені мәдениет қызметкері- көпшілікке үлгі болатын тұлға. Ұлттық дәстүрді ұлықтап, ауыл мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен мұндай жобалар алдағы уақытта да ауылдағы өнер ошақтарының дамуына жол ашары сөзсіз. Себебі ауыл мәдениеті дамыса-ұлттық рух та биіктей түседі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА, журналист. |