|
Аудан өмірінің айнасы, өңірде атқарылған жасампаз істердің шежірешісі болып келе жатқан, шыға бастағанына биыл сексен алты жыл толатын «Ауыл жаңалығы» газетінде әр кезеңде редактор болғандар арасынан қаламгерлік қайратымен танылғандар да шыққан. Солардың бірі-өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында Алматы жоғары кеңес-партия мектебін бітіргеннен кейін облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі «Ауыл жаңалығы» газетіне редактор етіп жіберген Қамбар-Бек Қойшыбаев еді. Аудандық басылымды аз ғана жыл абыройлы басқарып, өзі туып өскен Талас аудандық газетіне ауысқан, аудандық мәслихат депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланған Қамбар-Бек Қойшыбайұлы
тарихи тақырыптарға жазған зерттеу мақалалары, эсселері, сыршыл өлеңдері республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жарияланып тұратын қарымды қаламгер, ақын, өлкетанушы ретінде танылды. Олардың таңдаулылары республикалық баспалардан шыққан жинақтарға енген. Өлкеміздің тарихына қатысты тақырыптарда өндірте қалам сілтеген Қамбар-Бек Қойшыбайұлы 2024 жылдың мамыр айында ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін бақилық болып кетті. Өткен жылы жылдық асы берілер алдында бір кезде өзі оқып бітірген Луговой малдәрігерлік-зоотехникалық техникумы (қазір Құлан жоғары агротехникалық колледжі) туралы жазған «Қақтық қанат Құланнан» атты кітабы кезінде аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде бірге қызмет істеген, өмірде сыйласып өткен қаламдас досы, белгілі журналист, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбайұлының құрастыруымен баспадан шықты. Ол редакциямызға бір келгенінде кітаптың бір данасын аудандық басылым журналистеріне деп «Ayyl janalygy» - «Сельская новь» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бауыржан Жақсымбетовке табыстады (суретте). Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Оқитын ұлт» атты ауқымды жоба жүзеге асып жатқаны, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында кітап сыйлау ізгі дәстүрге айнала бастағаны белгілі. Әрі десе, Қамбар-Бек Қойшыбайұлы қайда қызмет істемесін, бір кезде өзі еңбек еткен «Ayyl janalygy» газеті редакциясымен байланысын үзбеген. 2011 жылы жазда өткен басылымның алғашқы саны шыға бастағанына 70 жыл толуына арналған іс-шараға келіп қатысқан еді. Бұл жолы өзі емес, қаламдас әріптесі келіп, «Қақтық қанат Құланнан» атты кітабын сыйлады. Кітап келешекте ашыла жатар редакция мұражайынан өзге де жәдігерлермен қатар өз орнын алатын болады. Міне, осы жайларды ескеріп, қарымды қаламгер, аудандық газеттің бұрынғы редакторы Қамбар-Бек Қойшыбайұлының кітабын сыйлау сәтінен түсірілген фотосуретті Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында жариялауды жөн көрдік. Ал, кітаптың мазмұны жөнінде оқырмандарымыз толық ақпарат алуы үшін оған енген төмендегі мақаланы беріп отырмыз. Құрастырушыдан Бұл кітапты марқұм Қамбар-Бек Қойшыбайұлы ортамызда аман-сау жүрген кезінде баспаға дайындауға кіріскен болатын. Бірақ, үлкен өкінішке орай, жоспарын жүзеге асырып үлгірмеді. Сексен жасқа толарына санаулы күн қалғанда фәниден бақиға аттанды. Осылай боларын жүрегі сезген болар, науқасы меңдеген шақта менімен ватсап арқылы хабарласып, қатты сырқаттанып қалғанын, компьютерде отыра алмайтын хәлде екенін, кітабының қолжазбаларын маған жіберетінін айтып, баспадан шығуына бас-көз болуымды сұрады. Кітап дайын болғанда балаларының демеуші табатынын да ескертті. Кезінде аудандық, облыстық газеттерде бірге қызмет істеген, кейін де сыйластық қарым-қатынасымыз үзілмеген, бірер жас қана үлкендігі бар азаматқа Алла шипасын беріп жазылып кетуін тілейтінімді, көмектесуден қашпайтынымды айтып жауап жазған едім. Науқасынан тезірек жазылып кетсе екен деп тіледім. Әйтсе де, үмітім ақталмады. Бір-бірімізді Ораза айт мерекесімен құттықтап, амандық тілескеннен кейін көп өтпей бақилық болып кетті. Сол қаралы күндерде Қамбар-Бек ақынның «Дүниенің басы-шын, арты- жалған» деп басталатын, ұлт газеті «Ана тілінде» жарияланған өлеңіндегі: Ойландың ба ертең – жоқ, бүгін – барсың, Көтергенмен тірлікте жүгін нардың. Кісіліктің келбетін армен өлше, Өшпес мәңгі артыңда үлгі қалсын,- деген жолдар еске оралды. Жүрегін жарып шыққан сырын, өмірлік ұстанымын осылай жырлаған Қамбар-Бек Қойшыбайұлы - өмірде ар жолымен жүрген, кісілік келбетін биік ұстай білгендердің бірі. Бұған осы кітапқа енген техникумда бірге оқыған құрдастары туралы естеліктерін, сондай-ақ, оқу бітіріп, мамандық алып келіп «Ойық» кеңшарының №4 фермасында зоотехник болып жүргенінде жазған тырнақалды өлеңдерін оқығанда көз жете түседі. Аға-достың, қаламдас-әріптестің өтініш-аманатын орындап, аяқтай алмай кеткен ісін жалғастырып, қолжазбаларын жүйелеп, редакциялап баспаға дайындау кезінде техникум тарихын зерттеуде көп ізденгеніне көзім жетті. Талас ауданынан Тараз қаласының іргесіндегі Гродиково ауылына көшіп келгелі бері бос уақытының бәрін мұрағаттардан жазатын зерттеу мақалаларына қажетті деректер іздеумен өткізетіні жайлы сөз рас болып шықты. Ара-тұра ел аралап, Алматы мен Шымкентте, өзге қалалар мен өңірлерге сапарлап тұрған. «Ізденгенге інжу ілінеді» деген емес пе? Қамбар-Бек Қойшыбайұлының мұрағатты ақтарып тапқан құжаттарды, ел аралап, шежірелі әңгімелерге жетік ауыл қарттарынан естігендерін арқау етіп жазған зерттеу мақалалары мен эсселері республикалық «Түркістан» газеті, «Ақиқат» журналы, өз облысымыздағы «Ақ жол», «Арай», «Ауыл аймақ», Талас аудандық «Талас тынысы» газеттерінде жарияланып оқырмандарын көптеп тапты. Кейбір еңбектері республикалық баспалардан шыққан жинақтарға енген. Жазған өлең-толғаулары да өз оқырмандарын тауып жатты. Бір мысал, «Таласта тумаларым тұрады» деген дана тұлға, елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ата-бабаларының мекені-Талас ауданына келіп тұрғаны белгілі. Осы жайында Қамбар-Бек Қойшыбайұлы «Дегдар Димаш» атты толғау жазды. Оны Халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесіне келіп, қор мүшелері алдында оқып берді. Дана тұлғаның халқына сіңірген еңбегі, бойындағы адами қасиеттерін өлең жолдарымен жеткізе білгені өз бағасын алды. Толғау өзім құрастырған, 2016 жылы баспадан шықан «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» естеліктер жинағының бірінші кітабына енді. Кітап үлкен сұранысқа ие болып, тез тарап кетті. Содан да қосымша мың данасы шығарылып, облыстың барлық кітапханалары алды. Тарлан журналистің жазғандары тарихшылар мен белгілі әдебиетші ғалымдардың да назарына ілікті, олардың тарапынан оң бағасын алды. Филология ғылымының докторы, профессор, академик Жанғара Дәдебаев өзі қатты сыйлайтын, шығармашылығын жоғары бағалайтын Қамбар-Бек Қойшыбайұлы туралы «Менің Қамбар ағам» деген көлемді эссе жазып, ғылыми журналда, республикалық газетте жариялады. Қолдарыңызға тиіп отырған кітабы да оқырмандарын көптеп табары сөзсіз. Құрастырушы редакторы ретінде кітапты баспаға дайындау кезінде көмегі көп тиген, сүйікті атасы алдындағы перзенттік борышын атқарған немересі Нұрсұлтан Қойшыбаевқа және баспадан шығаруға қаржылай жәрдемдескен ағайын-туыстарына алғыс айтамын.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі. Байзақ ауданының Құрметті азаматы. |