|
Аудандық басылымның тарихы – оны оқып, қолдап, тұрақты түрде өз ой-пікірін білдіріп отырған оқырмандардың да тарихы. Газетпен бірге өсіп, оның әр санын асыға күтетін, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтардың арасында қаламды серік еткен белсенді авторлар аз емес. Солардың бірі – Теспе ауылында дүниеге келген, белсенді оқырман, ардагер ұстаз – Айтмаханбет Тышқанбаев. Ол 1947 жылы Теспе ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы тәмамдаған. Студенттік кезеңнен бастап баспасөзге мақалалар жариялап, қоғамды толғандырған мәселелерді
көтеріп келеді. Қоғамдық өмір мен ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Айтмаханбет Тышқанбаевтың еңбегі де лайықты бағаланған. Оның өмір жолы мен педагогикалық қызметі 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай жарық көрген педагогикалық антологияға енген. Сонымен қатар ол «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Айтмаханбет ағамыз аудандық газеттің мазмұнына көңілі толатынын айтып, оның ауыл өмірімен етене байланысын ерекше бағалайды. Оның пікірінше, басылым беттерінде ауыл шаруашылығы, ұлттық тәрбие, мәдениет, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдар көбірек жарияланса, оқырман үшін маңызы арта түсер еді. Сондай-ақ ол тұрғындардың тек теледидар мен интернетке сүйенбей, өз ауылы мен ауданында болып жатқан жаңалықтардан да хабардар болғанын қалайды. Сондықтан әр шаңырақтың газетке жазылып, жергілікті баспасөзді тұрақты оқуы маңызды деп есептейді. Газетпен тығыз байланыста жүрген тағы бір белсенді оқырман, Тегістік ауылының тұрғыны, ақын, қоғам белсендісі Аманғазы Халықов. Аманғазы ағамыздың баспасөзге деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде республикалық «Қазақстан пионері» газетіне екі өлең жолдап, алғашқы шығармашылық қадамын жасаған. Өлеңдері жарияланбағанымен, газет редакторы Рза Қунақовадан келген хат жас талапкерге үлкен жігер береді. Онда «талабың бар, көп оқып, көп үйрен, үзбей жазып тұр» деген жылы лебіз айтылған екен. Сол қолдау оның шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп, қаламға деген құштарлығын арттырған. 1981 жылдан бастап аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне өлеңдері мен ауыл тынысынан хабар беретін мақалаларын жолдай бастаған қаламгер бүгінге дейін газеттен қол үзбей келеді. Ол басылым беттерінде қоғамдағы өзекті мәселелердің кеңінен қозғалғанын қалайды. Әсіресе отбасы құндылықтары, ажырасудың көбеюі, әке беделінің төмендеуі, жастар тәрбиесі секілді тақырыптардың жиі жазылуы өскелең ұрпаққа үлкен сабақ боларына сенімді. Сонымен қатар нашақорлық пен құмар ойындардың қоғамға тигізер зияны туралы материалдардың тұрақты жарияланып тұруының маңызын атап өтті. Ақын, батагөй А.Халықов шығармашылықпен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында да белсенді еңбек етіп келеді. 2024 жылы «Батаменен ел көгерер» атты ауданымызда өткен батагөй ақсақалдар байқауында І орынды иеленіп, Шу ауданында өткен облыстық кезеңде ІІ орынға қол жеткізді. Ал биыл Мырзатай ауылында өткен аудандық байқауда жеңімпаз атанып, екінші рет облыстық кезеңге жолдама алды. Үлгілі ауылындағы аналар алқасының және қауымдастық кеңесінің белсенді мүшесі, ақын, қылқалам шебері әрі тігінші Майра Сатыбалдиевада - аудандық газетпен байланысын үзбей келе жатқан жандардың бірі. Ол аудан өмірінің шежіресін жасап келе жатқан басылымның қоғамдағы орны ерекше екенін айтады. Майра апайдың пікірінше, газет – ауыл мен халықтың үнін жеткізетін маңызды ақпарат көзі. Сондықтан онда еңбек адамдарының жетістігі, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, өнер мен мәдениет тақырыптары кеңінен көрініс тауып отыруы тиіс. Оның айтуынша, газет оқырманды ойландырып қана қоймай, рухани тұрғыдан байытып, елдік құндылықтарды дәріптеуге қызмет етуі керек. Белсенді авторлар мен тұрақты оқырмандардың ортақ пікірінен аудандық газетке деген ерекше жанашырлық пен құрмет анық аңғарылады. Олар үшін газет – жай ғана ақпарат құралы емес, туған өлкенің тыныс-тіршілігін танытатын шежіре, халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір. Осындай жанашыр оқырмандардың қолдауы мен сенімі аудандық басылымның беделін арттырып, оның болашақтағы дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |