|
Заң мен тәртіптің сақталуы, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тыныштық – кез келген өңірдің тұрақты дамуының маңызды кепілі. Осы бағытта Байзақ ауданында атқарылып жатқан жұмыстар, қылмыстың алдын алу шаралары және құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Темирлан Джумалбековпен сұхбаттасқан едік.
- Соңғы уақытта аудан көлемінде жиі тіркелетін құқықбұзушылық түрлері қандай және олардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? – 2026 жылдың бес айының қорытындысы бойынша аудан аумағында
87 құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,5 пайызға төмен көрсеткіш. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігін мүлік пен мал ұрлығы құрайды. Сонымен қатар есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар бойынша 12 дерек анықталды. Қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар 39,3 пайызға, көшелерде тіркелген қылмыстар 43,5 пайызға азайды. Көшедегі бұзақылық 57 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыстар 66,7 пайызға, топпен жасалған қылмыстар 75 пайызға төмендеді. Сондай-ақ тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстардың саны 57 пайызға қысқарды. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда.
- Интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр? – Есепті кезеңде аудан аумағында интернет-алаяқтықтың 7 дерегі тіркелді. Оның 6-ы бойынша қылмыстық іс ашылып, қылмыстың ашылу көрсеткіші 85,7 пайызды құрады. Ішкі істер министрлігінің 2026–2028 жылдарға арналған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында аудан көлемінде кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігі, “Жастар ресурстық” орталығы және білім бөлімімен бірлесіп, бірнеше ауылдық округтер мен білім беру ұйымдарында ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды. Бес ай ішінде тұрғындарға интернет пен мобильді қосымшаларды қауіпсіз пайдалану жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 600-ден астам жадынама таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары туралы 130-дан астам материал жарияланды. Сонымен қатар аудандық басылымда арнайы мақалалар жарық көріп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық берілуде.
-Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар қолға алынған? -Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта ювеналды полиция инспекторлары есепте тұрған жасөспірімдер мен қолайсыз отбасыларды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Аудан әкімдігі, білім бөлімі және “Жастар ресурстық”орталығымен бірлесіп, бес ай ішінде түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарда 120 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалуы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 378 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар бұрын қылмыс жасаған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, олардың тарапынан қайталама құқықбұзушылықтарға жол бермеу бойынша түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
- Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? – Аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 5,3 пайызға, жарақат алғандар саны 17,5 пайызға, ал қайтыс болғандар саны 16 пайызға төмендеді. Қаңтар айынан бастап жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Орталыққа 77 бейнебақылау камерасы қосылған. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелерге заманауи бақылау құрылғылары орнатылды. Атап айтқанда, «Сергек», «Ураган», «Зерек», «Мерген» кешендері мен жылжымалы жылдамдық өлшеу құрылғылары пайдаланылуда. Бұл техникалық мүмкіндіктер жол қозғалысын бақылауды күшейтіп, жүргізушілердің тәртіп сақтау деңгейін арттыруға ықпал етуде.
- Құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткен жастарға қандай кеңес берер едіңіз? -Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Еліне адал қызмет етуді, заң талаптарын бұлжытпай орындауды мақсат еткен, патриоттық рухы жоғары жастарды құқық қорғау саласына келуге шақырамын. Халыққа қызмет ету-абыройлы міндет әрі үлкен сенім.
-Сұхбатыңызға рақмет! Сіздерді бүгінгі Қазақстан полициясы күні – кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Жұмыста абыройлы болып, жақсы жетістіктерге жете беріңіздер.
Сұхбаттасқан-Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |