|
Бүгінгі таңда тұрғындардың тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу мәселесі өзекті болып отыр. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері азаматтарға кезек тәртібімен беріледі. Бұл – жерді бөлу барысында заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Бурыл ауылдық округінде жер учаскесін алуға ниетті азаматтардың өтініштері белгіленген тәртіппен қабылданып, арнайы кезекке қойылады. Кезекке қою қызметі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі арқылы
жүзеге асырылады және барлық мәліметтер бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеледі. Азаматтарға жер учаскелері тек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және заң талаптарына сәйкес дайындалған аумақтардан беріледі. Сондықтан кезекте тұрған азаматтардың өтініштері жердің дайын болуына және кезек реттілігіне қарай қаралады. Құрметті ауыл тұрғындары! Жер учаскесін алу мәселесінде түрлі делдалдардың қызметіне жүгінбей, тек заңда белгіленген тәртіппен әрекет етуге шақырамыз. Жер кезегінің жылжуы, кезек нөмірін тексеру және мемлекеттік қызметтер туралы толық ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы немесе тиісті мемлекеттік органдардан алуға болады. Бурыл ауылдық округі әкімдігі тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жер қатынастары саласындағы жұмыстарды ашықтық пен заңдылық қағидаттарына сәйкес жүргізуді жалғастыра береді.
Айдын Мантеев, Бурыл ауылдық округі әкімі аппаратының іс-жүргізуші бас маман. |