|
Саңырауқұлақтар (лат: fungi, жекеше түрі fungus) – табиғаттағы ерекше тірі ағзалар тобы. Олар өсімдіктер мен жануарлардан бөлек жеке патшалыққа жатады. Саңырауқұлақтар табиғатта кең таралған және экожүйеде маңызды рөл атқарады. Саңырауқұлақтардың табиғаттағы маңызы өте зор: • органикалық қалдықтарды ыдыратып, топырақты құнарландырады; • өсімдіктердің қоректенуіне көмектеседі; • кейбір түрлері
тағам ретінде пайдаланылады. Адам өмірінде саңырауқұлақтар: • тағам өндірісінде (ашытқы, ірімшік); •медицинада (антибиотиктер алу); • биотехнологияда қолданылады. Саңырауқұлақтардың ішінде жеуге жарамды және улы түрлері бар. Жеуге жарамды түрлері тағам ретінде кеңінен қолданылады. Ал улы саңырауқұлақтар адам өміріне қауіпті.Саңырауқұлақтарды дұрыс танымай жинау улануға әкелуі мүмкін. Уланудың негізгі белгілері: жүрек айну, құсу, іш өту, әлсіздік. Кейбір жағдайларда ауыр асқынулар мен өлімге дейін апарады. Мемлекеттік орман қоры аумағында саңырауқұлақ жинау Қазақстан Республикасының Орман кодексіне және Мемлекеттік орман қоры аумағында орманды жанама пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Саңырауқұлақ жинау – орман ресурстарын пайдаланудың бір түрі болып табылады және ол белгілі бір тәртіп пен нормаларды сақтауды талап етеді. Жеке тұлғалар үшін саңырауқұлақтарды жеке тұтыну мақсатында жинауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда арнайы рұқсат құжатын алу міндетті емес және бұл қызмет тегін жүзеге асырылады. Алайда, жинау көлемі белгіленген нормадан аспауы тиіс. Жамбыл облыстық мәслихатының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 38-12 «Мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың өз қажеттілігіне ақысыз, рұқсат беру құжаттарынсыз жабайы жеміс, жаңғақ, саңырауқұлақ, дәрілік өсімдік шикізаттарын және орман ресурстарын жинау нормаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес саңырауқұлақты ақысыз, рұқсат беру құжатынсыз жинау нормасы 3 кг деп бекітілген. Саңырауқұлақтарды жинау бекітілген нормадан асқан жағдайда, міндетті түрде орман билетін алуы тиіс. Аталған құжатта саңырауқұлақтың жиналатын нақты көлемі, төлем мөлшерлемесі және мерзімі көрсетіледі. Орман билеті – мемлекеттік орман қорында заңды түрде саңырауқұлақтарды жинауға мүмкіндік беретін ресми құжат. Орман билеті орман шаруашылығы мекемелері арқылы беріледі және орман ресурстарын есепке алу мен қорғау мақсатында енгізілген. Жамбыл облыстық мәслихатының 2025 жылғы 27 қарашадағы №28-3 шешіміне сәйкес мемлекеттік орман қоры учаскелерінде саңырауқұлақтарды жинау мен дайындау үшін 1 кг саңырауқұлаққа 248 теңге төлемақы мөлшерлемесі белгіленген. Саңырауқұлақтарды пайдаланғанда төмендегі ережелерді сақтау қажет: • тек жақсы таныс саңырауқұлақтарды ғана жинау; • ескі немесе бүлінген саңырауқұлақтарды қолданбау; • дұрыс термиялық өңдеу; • күмәнді жағдайда мүлде пайдаланбау. • саңырауқұлақты тамырымен жинауға болмайды, себебі бұл орман экожүйесіне зиян келтіреді; • орманды ластауға, өсімдіктерді бүлдіруге жол берілмейді. Саңырауқұлақтарды жинау кезінде қоршаған ортаны, табиғатты қорғау талаптарын сақтау өте маңызды.
Айсұлу айсенгирова, Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-інің Орман пайдалану инженері. |