|
Денсаулық - қоғамның басты байлығы. Бүгінде аудандық медицинаның әлеуетін арттыру, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, кадр мәселесін шешу, аурудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандос Ордабайұлы Рысқұловпен аудан медицинасының бүгінгі тынысы, жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайында сұхбаттасқан едік. - Жандос Ордабайұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған медициналық мекеменің бүгінгі мүмкіндігіне тоқталып өтсеңіз. Байзақ ауданы тұрғындарына қанша медициналық ұйым
қызмет көрсетеді. - Ұлт саулығы - Мемлекет басшысы саясатының басты бағыттарының бірі. Мемлекеттің ең маңызды құндылығы халқы болса, адам үшін басты байлық-денсаулық. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау ісіне баса мән беріліп, бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді. Бүгінде аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы Байзақ ауданында 41 емдеу мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық тіректер мен фельдшерлік-акушерлік тіректер бар. 1976 жылы салынған аудандық аурухана 161 төсек орынға арналған. Биылғы жылдың 1 маусымына дейін мұнда 2702 науқас ем алды. Олардың 2578-і осында жатып ем қабылдаса, 124 науқас күндіз осында болып емделді. Басты міндетіміз - тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету.
- Аудан медицинасының негізгі тірегі - білікті мамандар екені белгілі. Кадр мәселесі қалай шешілуде? -Әрине, медицинадағы ең үлкен құндылық - маман. Бүгінде аудандық денсаулық сақтау саласында 900-ден астам қызметкер еңбек етеді. Адам өмірін сақтап қалу, аурудан айықтыруда білікті маманның атқарар рөлі зор. Сондықтан дәрігерлерімізді жиі біліктілігін арттыру курстарынан өткізіп отырамыз. Өткен жылы 138 медицина қызметкері оқытудан өтті. Оның 49 дәрігер, 89-ы орта буын маманы. Оның ішінде 1 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды. Тарқатып айтатын болсам, аудандық емдеу мекемелерінде 133 дәрігер, 500 орта буын медицина қызметкерлері, 140 кіші қызметкерлер қызмет атқарады. Дегенмен дәрігер тапшылығы мәселесі жоқ емес. Қазіргі таңда бізге бірқатар жас мамандар қажет. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың өзінде бірнеше жас мамандар қабылданды. Жас дәрігерлерді ауыл медицинасына тарту-маңызды бағыттардың бірі.
- Қазіргі таңда медицина саласында заманауи құрал-жабдықтардың болуы өте маңызды. Аурухананың материалдық – техникалық базасы қандай деңгейде? - Соңғы жылдары бұл бағытта үлкен өзгерістер бар. Елімізде халықтың денсаулығын қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жемісін беруде. Ауылдық аймақтардағы медициналық мекемелерді заманауи жабдықтауға, білікті мамандармен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, цифрландыру мәселелері де басты назарда. Себебі қазіргі медицина тек емдеу ғана емес, уақытты тиімді пайдалану, науқас туралы мәліметтің қолжетімді болуы секілді жаңа талаптарды қажет етеді. Мәселен, аудандық емхана заманауи жаңа аппараттармен қамтамасыз етілген. Мұнда ота жасау залы бар, операция жасауға барлық жағдайлар жасалған. Мұнда негізінен жеңіл оталар жасалынып, 2-3 сағаттан соң ауру үйіне қайтарылады. Осындағы 4 хирург кесте бойынша халыққа қызмет етеді. Олар аптасына орташа есеппен 10-15 адамға ота жасайды. Аудандық емханада ЭКГ, клиникалық және биохимиялық зертхана, флюорография зерттеуі, рентген зерттеуі, спирография-өкпенің ауа сыйымдылығын тексеру, электроэнцефалография, бастан аяққа дейін бүкіл мүшені түсіріп, ауруларын анықтайтын компьютерлік томография, УЗИ зерттеуі, фиброгастродуоденоскопия, видеоэндоскопия, маммография, физиотерапевтикалық аппараттары, пациенттерді реабилитацияға арналған тренажерлар, клиникалық лабораторияға арналған анализаторлар сынды диагностикалық-емдеу қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ ауруды ерте анықтауда тиімділік көрсеткен жасанды интеллектіні де ұтымды пайдалану бағытында жұмыстар қолға алынуда.
-Аудан тұрғындарын қуантатын үлкен жаңалықтардың бірі-жаңа аурухана құрылысы. Ол туралы айтып өтсеңіз? - Иә, бұл аудан үшін маңызды жоба. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Сарыкемер ауылында жаңа 200 төсек-орындық орталық аурухана салу жоспарланып отыр. Ол үшін жер телімі бөлінді. Алдағы екі жылда қолданысқа берілетін жаңа аурухана халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз.
- Соңғы уақытта ауруды емдеуден бұрын алдын алуға көп көңіл бөлініп жатыр. Скринингтік тексерулердің маңызы қандай? -Ауруды ерте анықтау-адамның өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы. Сондықтан тұрғындарды скринингтен уақытылы өтуге шақырамыз. Қазіргі таңда қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті, глаукома, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, тоқ ішек обыры секілді ауруларды ерте анықтау бойынша тексерулер жүргізіледі. Өкінішке қарай, кей азаматтар дәрігерге ауру асқынған кезде келеді. Ал ерте анықталған дертті емдеу әлдеқайда жеңіл.
-Аудан бойынша қандай ауруларға ерекше назар аударылып отыр? -Медицина мамандары білімдерін жетілдіріп, ауруды анықтап, науқасты айықтыруға қажетті медициналық құрылғылардың заманауи түрлерін жетілдіріп жатқанымен көптеген қауіпті аурулар жасарып бара жатқаны шындық. Әр кезеңнің өзекті мәселелері болады. Біз жұқпалы және созылмалы аурулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен, ауданда туберкулез бойынша көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісіктердің алдын алу бағытында жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Денсаулық мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Әр адам жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өтуі қажет.
- Ана мен бала денсаулығы бойынша жағдай қандай? - Ел Президенті өткен жылы Ақордада медицина қызметкерлерін марапаттаған кезде “... елде медицинаның қарқынды дамып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарғанын, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткендігін, ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайғандығын, ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталатындығын” атап өткен болатын. Ана мен бала денсаулығы-медицинадағы ең жауапты бағыттардың бірі. Аудан бойынша жүкті әйелдер тұрақты бақылауға алынады. Балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Басты мақсатымыз – қауіптің алдын алу. Дені сау ана – дені сау ұрпақтың кепілі.
- Жандос Ордабайұлы, сіз көп жыл хирург болып еңбек еттіңіз. Басшылық қызметке келгенде басты ұстанымыңыз қандай болды? – Мен еңбек жолымды дәрігер-хирург ретінде бастадым. Дәрігер үшін ең басты нәрсе – адам өміріне деген жауапкершілік. Басшы ретінде де ұстанымым өзгерген жоқ: бірінші орында – науқас, халықтың сенімі және медициналық көмектің сапасы. Ұжымның бірлігі, дәрігерлердің кәсіби дамуы, тұрғындардың ризашылығы – біз үшін ең үлкен көрсеткіш деп санаймын.
- Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз? - Ұлттың саулығы, ұрпақтың болашағы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі ең алдымен азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты. Жылдан жылға осы саланың құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі артып келеді. Медициналық техникаларды жаңарту, санитарлық автокөліктерді толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да ел денсаулығын одан әрі қорғау, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына қол жеткізу, жас мамандар тарту, жаңа медициналық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмек алу үшін қалаға сабылмайтын жағдай жасау.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз. - Рақмет. Барша тұрғындарға айтарым – денсаулыққа бейжай қарамаңыздар. Уақытылы тексеріліп, салауатты өмір салтын ұстану – ұзақ әрі сапалы өмірдің негізі екендігін естен шығармаса деймін.
Сұхбаттасқан - Гүлшахар Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”. |