|

Жаз айы мектеп оқушылары үшін ұзақ күткен демалыс пен уайымсыз қуаныш кезеңі болып табылады. Осы орайда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру мақсатында Мәдімар ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп жанынан құрылған “Қазына” жазғы лагері өз жұмысын жүргізуді. Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында ашылған бұл орталық бүгінде ауыл балаларының ең сүйікті мекеніне айналып үлгерді. Жазғы демалыстың алғашқы күнінен бастап мектеп ауласы балалардың сыңғырлаған күлкісіне толы болды. Мұнда жалпы саны 248 оқушы қамтылған. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай екі үлкен топқа бөлінген: 1-4-сынып аралығында
98 бүлдіршін демалса, 5-10-сынып аралығындағы 150 өрен бағдарлы лагерь аясында өз уақыттарын қызықты өткізуде. Лагерь ішінде жалпы саны 4 топ құрылған. Олардың “Шаңырақ”, “Алтын сақа”, “Қыран” және “Атамұра” деп аталуының өзі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты, салт-дәстүрді және тарихи құндылықтарды сіңіруді көздейді. Лагерьдің әрбір ауысымы 10 күнге жоспарланған және әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, арнайы бекітілген кесте бойынша жүреді. Лагерьдің салтанатты ашылу күніне ауылдағы “Асыл әжелер” ұйымы арнайы келіп қатысты. Ақжаулықты аналарымыз балаларға ақ батасын беріп, жылы лебіздерін білдірді, тіпті балаларға ертегілер айтып беріп, шараның сәнін келтірді. Оған қоса, ашылу салтанатының көркін қыздыра түсу үшін ұйымдастырушылар тарапынан барлық балаларға тәтті балмұздақтар таратылды. Бұл тосынсый ыстық жазда бүлдіршіндерге нағыз қуаныш сыйлады. Ал келесі күндер жоспар бойынша екінші күн- “Спорт” күні, үшінші күн “Өнер” күні болып жалғасып, оқушылардың тән сұлулығы мен жан сұлулығын қатар дамытуға бағытталды. Жоғары сынып оқушылары, яғни 5-10-сыныптар үшін бағдарлы лагерьдің берері мол болып отыр. Мұнда балалар жай ғана демалып қоймай, заман талабына сай жаңа дағдыларды меңгеруде. Лагерь аясында робототехника, мектеп айналасын көгалдандыру және еңбекке баулу сияқты сан түрлі пайдалы үйірмелер жұмыс істейді. Бұл оқушылардың техникалық ойлау қабілетін дамытып, табиғатты аялауға және еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Әр бала өзінің қызығушылығына қарай үйірме таңдап, бос уақытын тиімді өткізуде. Балалардың лагерьдегі бір күні таңертең ерте сергіту жаттығуларынан басталады. Таза ауада денелерін шынықтырған соң, олар дәмді де құнарлы таңғы астарын ішеді. Одан ары қарай бекітілген жоспар бойынша қызықты іс-шараларға, зияткерлік ойындар мен жарыстарға белсене кіріседі. Сондай-ақ, әр топта оқушылардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне тікелей жауапты 2 тәрбиешіден жұмыс істейді. Жетекшілер балалардың әрбір қадамын қадағалап, олардың қызықты уақыт өткізуіне жағдай жасауда екен. Демалыс барысында балалардың денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінген. Мектеп медбикесі арнайы кесте бойынша өз сабақтарын өткізіп, балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін және жеке гигиена ережелерін түсіндірсе, мектеп психологтары тренингтер ұйымдастырып, оқушылардың тұлғалық дамуына, топтасып жұмыс істеуіне және өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етуде. Он күндік қызықты демалыс соңында үлкен жабылу салтанаты жоспарланған. Жабылу салтанаты аясында балалар арасында “Әнші балапан” сайысы ұйымдастырылады. Бұл сайыста кішкентай таланттар сахнаға шығып, ән айтып, өз бақтарын сынайды. Мерекелік шара соңында белсенділік танытқан және өнерімен көзге түскен балаларға арнайы жүлделі сыйлықтар таратылады деп күтілуде. Бұл балалардың ынтасын арттырып, оларға ұмытылмас естелік сыйлары болмақ. Лагерь ұйымдастырушысы Ләйлә Амалбекованы әңгімеге тартқанымызда: - Біздің басты мақсатымыз балалардың жазғы демалысын қызықты, мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру. 10 күндік бағдарламаны әр баланың есінде өмір бойы қалатындай, әрі танымдық тұрғыдан пайдалы болатындай етіп құрдық. Әжелердің батасымен, тәтті балмұздақтың дәмімен басталған лагеріміз балаларға ұлттық тәрбие беріп, спорт пен өнерге, еңбекке баулуда үлкен септігін тигізіп жатыр. Ал алдағы жабылу салтанатындағы “Әнші балапан” байқауы олардың дарынын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Балалардың жүзіндегі күлкі біздің жұмысымыздың ең үлкен жемісі болып табылады,-деді. Жадыраған жазғы демалыс-барлық балалардың сағына күтетін айрықша сәті. Бұл демалыс - ұзақ оқу жылынан кейін мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту мен өсіп-өркендеуі үшін өте маңызды кезең. Сондықтан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жанынан ашылған “Қазына” лагерінде ауыл балаларының көңілді, қызықты демалуы үшін бар жағдай жасаған ұжымға алғыстар айтылуда.
Әсел ЖОЛДАСБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |