|
«Баланы жастан» дейді қазақ. Расында да, баланың болашағы оның кішкентай кезінен басталады. Әрбір ата-ана баласының жақсы азамат болып өсуін қалайды. Алайда кейде баланы шектен тыс еркелетіп, барлық айтқанын орындап, қалауын екі етпей өсірудің соңы жақсы нәтижеге алып келмей жатады. Бүгінде көптеген ата-аналар балаға материалдық жағдай жасап беруді басты міндет санайды. Қалаған ойыншығын алып береді, сұрағанын әпереді, қателігін жасырып қорғайды. Әрине, баланы жақсы көру – ата-ананың табиғи қасиеті. Бірақ махаббат пен шектен тыс еркелетудің
ара-жігін ажырата білу кажет. Қазақта «Баланы жастан, әйелді бастан тәрбиеле» деген сөз бар. Баланың мінезі мен өмірге көзқарасы ерте жастан қалыптасады. Сондықтан оның болашағын мектепке барған кезде емес, дүниеге келген сәтінен бастап ойлау керек. Өйткені бүгінгі тәрбие – ертеңгі тағдыр. Психологтардың айтуынша, бала барлық нәрсеге оңай қол жеткізіп үйренсе, өмірдің қиындықтарына төтеп беруі қиындайды. Ондай балалар жауапкершіліктен қашады, өз мәселесін өзі шешуге ынтасы жоқ болады. Кейде өзгелерден үнемі көмек күтетін, өзіне қызмет көрсетуді қалыпты жағдай санайтын мінез қалыптасады. Ал өмір әрдайым ата-ананың қорғауында өте бермейді. Тым ерке болып өскен баланың тағы бір ерекшелігі-өзгенің еңбегін бағалай алмауы. Ол ата-анасының қанша еңбек етіп жүргенін түсінбей өсуі мүмкін. Соның салдарынан ата-анасына құрмет көрсетуде де кемшіліктер байқалады. Әрине, барлық ерке бала жаман болып кетеді деуге болмайды. Бірақ тәрбие мен талап қатар жүрмесе, оның салдары кейін сезіледі. Кейбір ата-аналар «балам қиналмасын» деп барлық жұмысын өздері істеп береді. Алайда бала үйдегі қарапайым міндеттерді орындауды, жауапкершілік алуды үйренуі керек. Өйткені еңбекке баулынған бала ертең өз өмірін де дұрыс ұйымдастыра алады. Қазақтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалының тәрбиелік мәні бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көпшілікті толғандыратын тағы бір сұрақ бар: бүгінгі бала ертең ата-анасын бағалай ала ма? Бұл сұрақтың жауабы да тәрбиеге байланысты. Ата-ананың қадірін білуді балаға сөзбен ғана емес, іс жүзінде үйрету керек. Үлкенді сыйлау, алғыс айту, қамқорлық көрсету сияқты қасиеттер отбасында қалыптасады. Бала ата-анасының өз ата-анасына қалай қарағанын көріп өседі. Сондықтан тәрбие ең алдымен үлгі көрсетуден басталады. Психолог мамандар баланы жақсы көру мен талап қоюдың арасында тепе-теңдік болуы керек екенін айтады. Бала өзін жақсы көретінін сезінуі қажет, бірақ сонымен қатар жауапкершілік пен тәртіптің де бар екенін түсінгені дұрыс. Қателік жасаса, оның салдарын сезініп, дұрыс қорытынды шығаруға мүмкіндік берілуі керек. Қорыта айтқанда, баланың болашағын ойлау-оған қымбат заттар алып беру емес, дұрыс тәрбие беру. Еркелету қажет, бірақ шектен тыс әлпештеу баланың өмірге бейімделуіне кедергі келтіруі мүмкін. Балаға махаббатпен бірге тәртіп, қамқорлықпен бірге жауапкершілік үйретілгенде ғана ол ертең ата-анасының қадірін білетін, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасады. Өйткені бүгінгі тәрбие – ертеңгі ұрпақтың келбеті.
Мерей ҚУАНЫШ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті. |