|
Қазіргі қоғамда жастарға жасалған мүмкіндік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қалаған ақпаратты интернеттен бірнеше секунд ішінде табуға болады. Білім алуға, кәсіп бастауға, шетелде оқуға, жаңа технологияларды меңгеруге жол ашық. Дүкен сөрелері толы, байланыс құралдары қолжетімді, мемлекет жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Осындай жағдайда көпшіліктің көкейінде бір сұрақ туындайды: жастарға бәрі қолжетімді болса, неге қылмыс азаймай отыр? Бұл сұрақтың жауабы тек материалдық жағдаймен өлшенбейді. Себебі қылмыс көбіне адамның қалтасының жұқалығынан емес, санасының жұтаңдығынан, тәрбиесінің әлсіздігінен
және өмірлік құндылықтарының дұрыс қалыптаспауынан туындайды. Отбасы тәрбиесінің әлсіреуі Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Баланың болашақ тұлғасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Алайда қазіргі таңда көптеген ата-аналар күнкөріс қамымен жүріп, баласының жан дүниесіне жеткілікті көңіл бөле алмайды. Кейбір отбасыларда балаға қажетті заттың бәрі сатып алынады, бірақ оған қажетті уақыт пен тәрбие берілмейді. Балаға қымбат телефон алып беру оңай, ал оның ішкі дүниесін түсініп, дұрыс бағыт көрсету әлдеқайда қиын. Нәтижесінде материалдық қажеттілігі толық қамтамасыз етілген кейбір жастар рухани бос кеңістікте өседі. Мұндай жағдайда олар сыртқы ортаның ықпалына тез түседі. Әлеуметтік желінің әсері Бүгінде жастардың өмірінің басым бөлігі әлеуметтік желімен байланысты. Интернеттің пайдасы көп болғанымен, оның зиянды тұстары да аз емес. Әлеуметтік желілерде жеңіл жолмен байыған адамдардың өмірі жиі насихатталады. Қымбат көлік, сәнді киім, қымбат демалыс орындары жастардың санасында табыстың жалғыз өлшеміне айналып барады. Өкінішке қарай, кейбір жастар мұндай өмірге адал еңбекпен емес, тез әрі оңай жолмен жетуді қалайды. Ал бұл ойдың соңы алаяқтыққа, ұрлыққа немесе басқа да құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін. Бос уақыт пен мақсаттың жоқтығы Мақсаты айқын адамның қылмысқа бару ықтималдығы төмен болады. Ал өмірден өз орнын таба алмаған, бос уақытын пайдалы іске жұмсамайтын жастар теріс әрекеттерге бейім келеді. Спортпен айналыспау, кітап оқымау, өзін дамытуға қызықпау адамның бос кеңістігін пайдасыз әдеттермен толтыруы мүмкін. Кей жастар қылмысқа ақша үшін емес, қызығушылықтан немесе достарының ықпалымен барады. Олар өз әрекетінің болашақтағы салдарын толық бағамдай алмайды. Рухани құндылықтардың әлсіреуі Қоғамда материалдық байлық бірінші орынға шыққан сайын рухани құндылықтардың маңызы төмендеп бара жатқандай әсер қалдырады. Адалдық, ұят, ар-намыс, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер адамның ішкі қорғаны болуы керек. Егер бұл құндылықтар әлсіресе, адам заңнан емес, ар-ұяттан қорықпайтын деңгейге жетеді. Сондықтан жастар тәрбиесінде тек білім мен табыс емес, адамгершілік қасиеттер де қатар дәріптелуі қажет. Себебі заңнан қорыққан адам ғана емес, ардан қорыққан адам қылмысқа бармайды. Қазіргі жастарға білім алуға да, еңбек етуге де, дамуға да барлық мүмкіндік жасалған. Алайда мүмкіндіктің көп болуы адамның дұрыс таңдау жасайтынын білдірмейді. Қылмыстың алдын алу үшін ең алдымен отбасы тәрбиесін күшейту, жастардың рухани дамуына көңіл бөлу және қоғамда адал еңбектің құндылығын насихаттау қажет. Жастарға бәрін беруге болады, бірақ ең маңыздысы – дұрыс тәрбие мен дұрыс бағыт беру. Себебі болашақты өзгертетін байлық емес, саналы ұрпақ.
Әсем ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті. |