|
«Заңды қадірлеу – тәртіпті қорғау» – әділетті, қауіпсіз және өркениетті қоғам құрудың басты шарты. Ортақ ережелерге бағыну жеке бас бостандығын шектемейді, керісінше әрбір азаматтың құқығын қорғап, мемлекеттің тұрақты дамуына жол ашады. Заң – қоғамдағы қатынастарды реттейтін, әділеттілікті орнататын маңызды құрал. Ол адамдардың өзара сенімін қалыптастырып, ешкімнің өз бетінше әрекет етуіне жол бермейді. Егер әрбір адам заң алдындағы міндетін түсініп, оны бұлжытпай орындаса, онда құқық бұзушылық
пен қылмыс та азаяды. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, тәртіп саналы түрде қабылдануы тиіс. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Ол әрбір саналы азаматтың міндеті. Жол жүру ережелерінен бастап, күнделікті өмірдегі қарапайым ережелерді бұзбауы.Қоршаған ортаға, басқа адамдардың құқығы мен тыныштығына құрметпен қарауынан көрінеді. Заңды құрметтеу арқылы біз еліміздегі тұрақтылықты сақтап қаламыз. Қоғамда заң үстемдігі орнаған кезде ғана экономика дамиды, әлеуметтік жағдай жақсарып, адамдар еркін әрі алаңсыз өмір сүре алады. Заңды білу және оны қадірлеу – құқықтық сауаттылықтың, жоғары мәдениеттіліктің көрінісі. Заң мен тәртіпті қадірлеу – мемлекетіміздің гүлденуінің, тыныштық пен бірліктің кепілі. Әрбір жаңа заң мен ереже – азаматтардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы үшін қабылданған шешім. Сондықтан заңға бағыну – жеңіліс емес, ол – елдік пен отаншылдықтың нақты көрінісі.
Жанерке Алдаберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті. |