|
Қуырылған балық дегенде жамбылдықтардың есіне ерекше дәмі бар “Erma_fish_taraz”-дың балықтары еске түседі. Көне шаһарымызда бір жылдан бері кәсібін дөңгелетіп жатқан Ерма фишті ерлі зайыпты Нұрғали Абитаев пен Таңшолпан Рахымбердиева жүргізіп отыр. Әрине достары Жұмағали мен Әйгерімнің де бұл кәсіпке қосқаны бар. Сондықтан бизнесті екі достан құралған тату-тәтті отбасылар ашқан десек болады. “Erma_fish_taraz” ашылғанына үш жыл болса да төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Түскен табыс екі отбасыға бөлінеді. Адал достардың бірі осы қуырылған балықтармен айналысса, екіншісі көліктерді техникалық жөндеуден өткізумен айналысады. Екі жақтан түскен табыс та теңдей бөлінеді. Достардың арасында кәсіпке қатысты ұрыс та, реніш те жоқ. Отағалары Нұрғали мен Жұмағали бала күннен бірге өскен достар. Ең алғаш қандай бизнес ашамыз деп ойланғанда Жұмағали Астанадан ауыздан қанша жесең де
дәмі кетпейтін балық жегенін айтады. Өзара осы ойға тоқтап Елордамызда орналасқан “Erma_fishkz» тің франшизасын сатып алуға бекінеді. Әрі десе “Erma_fish kz-тің” нағыз егесі Қазақстанға танымал композитор Ғалия Өзбекбайқызы екен. Жерлесіміз Ғалия Шаудырбаева Жамбыл ауданы, Сеңгірбай ауылының қызы. Тараздағы бизнестің егесі Таңшолпан екеуі бір ауылда көрші болған екен. Осылайша олар үш жарым миллионға франшизаны сатып алып, тірлікті бастап кетеді. - ҚР ақпарат саласының үздігі Ғалия Өзбекбайқызы-бұрыннан кәсіпке жақын адам. Өзінің рецептісімен жасалған қуырылған балықтардың франшизасын екі жанұя ортадан бірігіп ақша шығарып сатып алдық. Дос адамдар бірігіп бизнес ашса, ұрыс болады, арты жаман болады дегенге сенбейміз. Тату-тәттіміз. Ақшаға, кәсіпке таласқан ешқайсымыз жоқ. Кім неге жақын, соны бөліп алдық. Жұмағали мен Әйгерім көліктерді техникалық бақылаудан өткізеді. Ал күйеуім балықтарды әкеледі. Мен тазалаймын, маринадтаймын, пісіремін. Аспаз – өзім. Жақында тағы бір аспаз алдық. Бас аспазбын. Балықтың маринадталу жолын ешкім білмейді. Құпиясы да осында. Бізден балық сатып алған адамдар міндетті түрде қайта қайырылып соғады. Тапсырыспен әкетеді. Мәзірде сазан, карась, минтай бар. Балықтарымыз көптің сұранысында, - дейді Таңшолпан Жалалқызы. Шындығында ыстықтай әзірленіп жеткізілетін сүйікті ас тараздықтарға ерекше дәмімен ұнайды. Бүтіндей кейде жартылай, қалауыңызша әзірленетін балықтың қуырылу жолы да, дайындалу барысы да ерекше. Енді франшиза деген не? Соған тоқталайын. Франшиза – қолданыста жүрген танымал брендтің, сауда белгісінің тауарын, жұмысын, қызмет түрін коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат алу. Франчайзинг – бұл бизнес ұйымдастырылуы тізбегі, бренд иесі жеке тұлғаға немесе компанияға, яғни франчайзинге өз өнімін сатуға, таратуға, құқық береді. Отандық сауда айналымдағы әлемдік танымал брендтердің барлығы сауда белгілер: тұтыну тауарлары, киім-кешек, автокөліктер, азық-түлік, тіпті компьютер ойындары мен кинофильмдер франшизаға жатады. Бір сөзбен айтқанда келісімшарт арқылы жергілікті кәсіпкерлер шетелдік және отандық өнімді отандық нарықта сата алады. Міне түсінгендеріңіздей бұл бизнес бастапқыда Ғалия Өзбекбайқызының танымал бренді болған. Енді оның құпия рецептісі сатылып жан-жақтан ашылуда. Осы орайда “Erma_fish kz»-тің негізін қалаушы сонау Елордамыздағы Ғалия Шаудырбаевамен сөйлестік. «Неліктен“Erma_fish?» деген сұраққа да жауап берді - Әрбір жеп отырған тағамымыздың не киген киіміміздің өзіндік шығу тарихы бар. Адамзаттың ақыл-ойының ұшқырлығының арқасында біздер пайдаланып жүрген тұрмыстық бұйымдар, киімдер, азық- түліктер, тағамдар пайда болған. Тоңазытқыш, көлік, бәрі-бәрінің басталу тарихы бар. Кезінде «Gucci», «Versace» сынды алып дүкендер де шағын жерден бастаған өз ісін. Мәселен, жылдам дайындалатын Кентуккилік қуырылған тауық етін әлемде білмейтін адам жоқ. Kentucky Fried Chicken (KFC) атауы айтып тұрғандай бұл тағамның шыққан жері АҚШ-тың Кентукки штаты, Луисвилл қаласы. Харланд Сандерстің ашқан кәсібі бүгінде бүткіл әлем бойынша жұмыс істеп тұр. Мен де өз қолыммен тағам жасағанды жақсы көремін. Әсіресе мен қуырған балықтар ерекше болады. Содан не керек, жан-тәніммен беріліп істейтін өз ісімді аштым. Бұл да кейін әлемге танымал болса қанеки? Бизнесті бастау ешқашан кеш емес екенін түсіндім. Бизнес бірден жүріп кетпейді. Құлайсың, жылайсың, желінесің, шаршайсың, қолды бір сілтеп, ертеңіне қайтадан түк болмағандай жұмысқа кірісесің. Қайтпау керек екен. Соны түсіндім. Екі сетевой бизнестен машина мінгенім осындай табандылықты үйретті. 15 жылдық телевизиялық еңбегім жаңа идеяларды дереу іске асыру керектігін үйретті. Ылғи өз орныңыздан табылыңыз. Сіз жоқ болсаңыз, ол орынға басқа адам келеді. Ол жайнатып, сол жұмысты дөңгелетіп әкеткенде, “мен де сөйтер ем” деп сырттай шіреніп, іштей мүжілесіз. Сол себепті, бизнес бастаймын деп жүрсеңіз, қорықпаңыз. Бастаңыз! Ұлымның аты -Ермахан. Бұрыннан баламның атынан бизнес ашсам деп армандайтынмын. Ақыры ашып Астана қаласынан жүргізіп жатырмыз. Бүгінде нақты осы өз рецептімен жасалған франшизаны Орал, Тараз, Алматы қалалары сатып алған. Орал мен Таразда жұмыс қарқыны тамаша. Алматы жұмысты жүргізе алмады. Құдайға шүкір, Астанадағы бизнесіміз құлпырып жүріп жатыр, - дейді ол. Нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіптің бірі-балық шаруашылығы. Өйткені қазір екінің бірі балық өнімін тұтынады. Әсіресе жиын-той дастарханы балық етінсіз жұтаңдау көрінеді. Сұраныс артқан сайын балықтың бағасы да шарықтап барады. Бірақ осы шаруашылықты қолға алып, кәсіби тұрғыда айналысуға әлі де қауқарсызбыз. Бұл жайында кәсіпкер Нұрғали Абитаев былай дейді. - Баяғыда Ақкөлде балық толып жүретін.Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде балық шаруашылығының кенжелеп тұрғаны рас. Шетелді айтпағанда өзіміздің елдегі Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері мен Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары арқылы шаш етектен пайда тауып отырған шаруашылықтар секілді біздің де балық аулап, байлыққа белшеден батуымызға не кедергі? Облыста 115 су айдыны бар болса, соның 96-сы шаруашылық жүргізу үшін заңды тұлғаларға бекітіліп беріліпті. Шыны керек біздің шикізат – ол балық. Амал жоқ сырттан әкелеміз. Өз облысымыздан емес. Кейде сазанды Ақкөлден әкелеміз. Минтай балығы Ресейден әкелінеді. Отандық өз өніміміз болса әрине қуанар едік. Біреуге бағынышты болып жұмыс істегеннен гөрі өзіңе жұмыс істеген жақсы. Айына 1 миллионнан кейде 500 мыңдай табамыз. Бір күнде 50 кг қуырылған сазан сатылады. Алдын ала маринадтап қоямыз. Келушіге не тапсырыс берушіге ыстықтай қуырып береміз. Төрт баланың ата-анасымыз. Кейде жанымызда жүреді. Кәсіптің қызығы мен шыжығы бар. Ісіміз берекелі, - дейді ол. Балық – көптеген адамдардың ең сүйікті тағамдарының бірі. Адамдар оны кез келген түрінде жей береді. Және ол қайнатылған, қуырылған, буланған немесе тұздалған, маринадталған, ысталған, тіпті шикі балық болсын, өзінің ерекше дәміне байланысты кез-келген адамның көңілінен шығып, тәбетін ашады. Ет тұтынатындарға қарағанда балық жейтіндер көп. Өйткені тіпті, ет жемейтін кейбір адамдар балықтың артықшылығы оның етінің құрамында екенін біле отырып, балық жейді. Оның құрамында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мырыш бар. Тауық еті секілді балықтың құрамында да адам ағзасы жақсы сіңіретін өте жоғары, сапалы ақуыз бар. Ол, өз кезегінде, ағзаға қажетті барлық аминқышқылдарын қамтиды. Біз айтпасақ та балықтың ас та төк пайдасын барлығыңыз жақсы білесіздер. Балықты жеудің де өз әдебі бар, әңгімені шай үстінде бұрқыратып айтып отыруға болмайды. Балық жесеңіз үндемей отырып жеңіз. Ертеректе қазақ балыққа, яғни, қылқанына қақалып өлсе, туыстары балықпен сыйлаған адамнан құн сұрайды екен. Сондықтан, қонақ дастарханына балық қойса да, “ал, же” деп айтпайды екен. Бірде қонаққа барғанда қызық әңгіме естідім. Сөзшең адамның әңгімесі балық турасында еді. Айтуынша балық жеп отырып тамағына қылқан тұрып, қиналып қалыпты. Сонда бір естияр кісі: “Балықтың тікені тамағыма кеткенше, суға кетіп өлейін” деп 3 рет айтсаң, қадалып тұрған қылқан өзінен өзі кетеді”, - депті. Қиналған адам ойлансын ба, әлгі сөзді 3 рет айтқан екен. Қадалған қылқан жылжығандай болып, жаны жай тауыпты. Адам - адамнан амалымен артық. Амалды мен амалсыз бірдей ме? Білетіндер мен білмейтіндер де тең емес. Табысты мен табыссыз да бірдей емес. Ризығын адалынан тауып отырған отбасыға сәттілік тілейік.
Аяулым Аскербек, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті. |