Онлайн газет



РУХАНИ КЕЛІСІМ - БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Қ.Шотбасов,
«Ауыл жаңалығы».

Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен

де дәлелдеп отырмыз. Бүгінде тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері жасап жатыр деп мақтанамыз. Егемендікті егелеген кезеңде талай елдер қақтығыстар мен қантөгістерге жол беріп алса, біз бірлігіміздің арқасында тірлігімізді түзедік, көркейдік. Бұл Елбасының сындарлы саясатының жемісі болумен қатар ел халқының, соның ішінде мемлекетті құраушы негізгі қазақ халқының кеңпейіл толеранттылығының жемісі екені даусыз.
Еліміздің көпұлтты болу тарихы  әріден басталады. Кең даладан қоныс болар жер іздеп орыстар мен қазақтар келді. Қысылғанда қытайдан қашқан ұйғырлар мен дүнгендер еліміз аумағына көшіп келе бастады. Өткен ғасырдың құғын-сүргіні кезінде тарихи қонысынан, атамекенінен қуылған түрлі ұлт өкілдері келіп, Қазақстанды мекендеді. Солардың  бірқатары біздің ауданымызға да келіп,  қоныс тепті. Түрік, неміс, курд, кәріс, құмық, тағы басқа ұлт өкілдерінің біздің өңірде пайда болуы осыдан еді. Оларды қазақтар  өздерінің қиналып отырғанына қарамай бауырына тартып, үйінің бір бөлігін ажыратып, жарты нанын бөліп беріп, аман алып қалды. Ескікөз есті қариялар солардың бәрін еске алып, халқымыздың кең пейілі мен қамқорлығы үшін алғыс айтып отырады. Жергілікті халықтың дархандығының арқасында қазір ауданымызда отызға тарта ұлттың өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Солардың барлығы да қазақ халқының қайырымдылығы мен бауырмалдығы үшін ризашылықтарын білдіреді.
Рухани келісімнің, жерімізді мекендеп жатқан халықтардың өзара тату-тәтті өмір сүру мүмкіндігінің арта түсуіне тәуелсіздік алғаннан бергі дәуірде Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған бірегей саясаты игі ықпал етуде. Ол Қазақстан халқын ынтымаққа шақыра отырып, «бірлік түбі-береке» екенін үзбей айтып келеді. Елімізде жасап жатқан ұлттар мен ұлыстардың бірлігі жайлы айта келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Бұл адамдарды басты бір мақсат біріктіреді. Ең бастысы олар қазақстандықтар деген құрметті атқа ие. Олар мықты да тұрақты достық қарым-қатынасқа  қол жеткізіп, әрбір халық өзін еркін сезінетін үлкен орда яғни мемлекет құрды. Бірлік пен ынтымақтастықты ұран еткен түрлі халықтар өздеріне тән ұлттық дәстүрін сақтап және түпкілікті халықтың салттарын құрметтей отырып, сүттей ұйыған бір шаңырақтың астына жиналды» деген болатын. Шынында солай, мұны ел өмірінен де, аудан өмірінен де айқын көруге болады. Елімізде ешбір  ұлттың өз  салт-дәстүрін сақтауына, ана тілін құрметтеуіне, білуіне шектеу қойылмайды. Сонымен қатар негізгі халықпен біте қайнаса отырып, мемлекеттік тілде үйренуге міндетті. Ауданымыздың мысалынан алатын болсақ бізде үш ұлттық мәдени орталық жұмыс істейді. Л.Горр жетекшілік ететін орыс, М.Раджамов басшылық жасайтын түрік және Н.Шин басқаратын корей ұлттық мәдени орталықтары өздерінің ұлтына тән ұлағаттың бәрін ұрпағының бойына сіңіруден  жалыққан емес. Мереке сайын өздерінің ұлттық киімдерінде шығып, ұлттық ойындарын ойнап, ән-билерін, өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынып, ерекшеліктерімен көзге түседі. Сонымен қатар олардың еліміздің мемлекеттік тілін үйренуіне де мүмкіндік жасалған. Ауданымызда қазір қазақ тілін үйрететін арнайы курс жұмыс істеуде. Онда көптеген өзге ұлт өкілдері тегін білім алып, мемлекеттік тілді үйренуде.  Бір тілдің төңірегінде топтасу да бірлігіміздің тұғыры биік болуына игі ықпал етпек.
Айрықша айта кететін жәйт елімізде Қазақстан  халықтары Ассамблеясының жұмыс істеуі. Бұл да елімізді мекендеген тұрғындардың ұлттық құрамы және діни ұстанымдарының әртүрлілігіне қарамастан барлық азаматтардың тең құқылылығы мен еркін дамуын негізге алған саясатты жүргізуде қажетті маңызды құрал бола білуде. Сондай-ақ , Қазақстан халықтары тілдері фестивалі, Наурыз мейрамы, Қазақстан халықтары бірлігі күні, саяси қуғын-сүргін құрбандары күні, рухани келісім мен бірлестік күні сияқты жалпыұлттық мерекелерде түрлі шаралар өткізу де рухани келісімге, бірлігімізге қызмет етуде.
Рухани келісім дегенде ең алдымен діндераралық және конфессиялараралық келісім ойға оралары сөзсіз. Бұл жағынан алып қарағанда еліміз алдыңғы сапта келе жатқаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің өткізілуінің өзі үлкен маңызға ие екеніне ешкім дау айта алмас. Бірін бірі жоққа шығаруға құштар түрлі діндердің басшыларының бір үстел басында бас қосып, бір-бірінің қолын алуы, ой бөлісуі не тұрады. Ислам, христиан, иудайизм, буддизм, даосизм, синтоизм сияқты әртүрлі діндерді ұстанған адамдар съезге қатысып, дін бостандығы, өзге дін өкілдерін сыйлау, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда діни жетекшілердің  рөлі мәселелерін талқылады. Рухани дағдарысты жеңу, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу үшін әлемдік діндер күшін біріктіру сияқты мәселелер күн тәртібіне шықты. Мұның өзі рухани келісімді жетілдіре түсуде үлкен маңызға ие екені сөзсіз.
Шынында  дін-діңгегіміз. Ұйыстырушы, бірлікке шақырушы күш. Бірақ, соның өзінде теріс жолға бағыт сілтеп жіберетін діни ағымдар бар екенін де жасыруға болмайды. Олар рухани келісімді нығайтуға емес, керісінше бірлікті бұзуға, берекені қашыруға қызмет ететіні де шындық. Ондай жат пиғылдағы ағымдармен күрес  жүргізу де күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Бұл жұмыс та жүйелі жүргізіліп келеді.
Ауданымызда соңғы уақыттары жаңадан көптеп мешіттер салынып, Аллаға құлшылық етушілер саны арта түсуде. Қазір діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмыстары аяқталып келеді. Заң талаптарына сай келген ауданымыздағы діни бірлестіктер дерлік тіркеуден өтіп болып қалды. Бұл да аудан халқының рухани бірлігінің айқын дәлелі.
Мұның барлығын айтып отырған себебіміз 18 қазан – Халықаралық рухани келісім күні. Бұл күн елімізде 1992 жылғы 18 қазаннан бері жыл сайын атап өтіліп келеді және Қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің бірі болып есептеледі. Толеранттылықты жөн керетін кең пейілді қазақ елі осы бір күнді ұйымшылдықпен атап өте отырып, рухани келісімді одан әрі нығайта түседі деп сенеміз.  










 

Обновлено 17.10.2012 18:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін7
mod_vvisit_counterКеше1480
mod_vvisit_counterОсы аптада4543
mod_vvisit_counterӨткен аптада10842
mod_vvisit_counterОсы айда30236
mod_vvisit_counterӨткен айда32286
mod_vvisit_counterБәрі2680452

Серіктестер