|

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өткен аптадағы Жамбыл облысына арнаған іссапарының екінші күні ауданымызда болды. Мырзатай ауылындағы орталық клубта министрмен болған кездесуге аудан әкімі Олжас Баққараев бастаған аудан басшылары, медицина саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Кездесуді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағанбетова ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде Ақмарал Шәріпбайқызы еліміздегі денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету сапасын
көтеру және заманауи медициналық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Міне мұндай жүйелі жұмыстардың жүргізілуіне байланысты елімізде халықтың орташа жасы 70 жастан 75,6 жасқа жеткеніне тоқталды. Жүктілікке дайындықпен барудың нәтижесінде елімізде ана өлімі 35 пайызға кеміген.
 Министрдің айтуы бойынша соңғы жылдары елдегі денсаулық сақтау жүйесінде маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Халық денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын алуға бағытталған скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп келе жатқаны айтылды. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді тікелей министрдің өзіне қою мүмкіндігіне ие болды. Мұнда сарыкемерлік Қыдыралы Оралов, Шырын Қапарова, ынтымақтық Ізбасар Байқұлақов, жетібайлық Айдаш Медетхановалар ауданымызда дәрігерлердің жетіспеушілігі, ауылдық жерлерге дәрілерді жеткізу, дәріханалар ашу, дәрігерлік амбулаториялардағы интернет жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі, ескі жедел жәрдем көліктерін жаңаға айырбастау тәрізді сұрақтар қойып, оған жауап алды.
 Халықпен кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Ал бұл тұрғындардың нақты өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік туғызды. Жұмыс сапарының қорытындысында Денсаулық сақтау министрі аудандық орталық ауруханада болып, медициналық мекеменің жұмысымен танысты. Аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұлов мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық базасы, кадрлық әлеуеті және көрсетіліп жатқан медициналық қызметтермен таныстырды. Таныстыру барысында министр аурухананың бөлімшелерін аралап, медицина қызметкерлерімен пікір алмасты. Осында ем қабылдап жатқан пациенттердің бірнешеуімен тілдесіп, олардың денсаулық жағдайы мен көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасы жөнінде сұрап білді.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Мырзатай, Сарыкемер ауылдары. |