|
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және тазалықты сақтау мәселелері қоғам өмірінде ерекше маңызға ие болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза ауыл» бастамасы тек экологиялық шара ғана емес, жас ұрпаққа тәрбие берудің маңызды бағыты болып саналады. Ауыл – ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің және еңбек тәрбиесінің алтын бесігі. Ауылдың таза әрі көрікті болуы тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Сондықтан әрбір азамат туған жерінің тазалығына бейжай қарамай, оның гүлденуі мен көркеюіне өз үлесін
қосуы қажет. Осы мақсатта Темірбек ауылдық округінде «Таза ауыл» акциясы аясында ерікті жастардың қатысуымен кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акция барысында ауыл көшелері, қоғамдық орындар, саябақ аумақтары мен жол жиектері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жастар белсенділік танытып, туған жердің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Мұндай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор. Өйткені тазалық жұмыстарына қатысу арқылы жастар еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйренеді. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға атсалысу олардың азаматтық белсенділігін арттырып, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін нығайтады. Халқымыз «Тазалық-саулық негізі, саулық-байлық негізі» деп бекер айтпаған. Таза қоршаған орта-денсаулық кепілі. Айналаның таза болуы адамдардың көңіл-күйіне оң әсерін тигізіп, өмір сүру сапасын жақсартады. Сондықтан тазалықты сақтау тек арнайы мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті болып табылады. Темірбек ауылдық округінде өткізілген бұл шара жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосты. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының қолдауына ие болады деген сенім мол. Темірбек ауылдық округінің жастарымен ұйымдастырылған “Таза ауыл” акциясы - ауылдың келбетін жақсартатын ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына жауапкершілік, еңбекқорлық және табиғатқа жанашырлық қасиеттерін сіңіретін тәрбиелік маңызы зор бастама. Туған жердің тазалығын сақтау - әрбір азаматтың парызы. Бірлесе еңбек етіп, ауылымызды таза ұстасақ, келер ұрпаққа көркейген, гүлденген мекен қалдырамыз.
Ғани Утембаева, Темірбек ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы. |