Онлайн газет



ТЕЛЕФОНҒА БАЙЛАНҒАН БАЛА ТАҒДЫРЫ

Қазіргі заманда баланы тыныштандырудың ең жеңіл жолы – оның қолына телефон ұстату болып қалды. Көшеде де, үйде де, қонақта да кішкентай балалардың көзін экраннан алмай отырғанын жиі көреміз. Бір қарағанда бұл – ата-ана үшін үлкен жеңілдік. Бала жыламайды, мазаламайды, өзімен-өзі отырады. Бірақ осы тыныштықтың артында қандай қауіп жатқанын көпшілік терең ойлана бермейді.
Бала-тірі қарым-қатынасты, жылулықты, назарды қажет ететін жан. Ол дүниені ұстап көру, сұрақ қою, сөйлесу арқылы таниды. Ал телефон осы табиғи дамудың орнын басып, баланы дайын, жасанды әлемге енгізеді. Экрандағы түрлі-түсті бейнелер мен жылдам ауысатын кадрлар баланың миын тез қызықтырады, бірақ ойлау қабілетін тереңдетпейді. Керісінше, оны жеңіл қабылдауға, тез жалығуға үйретеді.
Қазіргі ата-ананың басты мәселесі-уақыттың жетіспеуі. Таңнан кешке дейін жұмыс, тұрмыстық шаруалар, күнделікті күйбең тіршілік баламен сапалы уақыт өткізуге мүмкіндік бермей жатады. Осындай сәтте телефон- «құтқарушы құрал» сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде бұл-уақытша ғана шешім. Балаға берілмеген көңіл, айтылмаған әңгіме, көрсетілмеген мейірім ертең үлкен олқылыққа айналуы мүмкін.
Телефонға тәуелді болып өскен бала шынайы өмірдегі қарым-қатынастан алшақтай бастайды. Ол ата-анасымен сыр бөліспейді, ойын ашық жеткізе алмайды, өз эмоциясын басқаруды үйренбейді. Себебі экран оған дайын жауап береді, дайын көңіл-күй сыйлайды. Ал өмірде бәрі басқаша: мұнда сабыр, түсіністік, қарым-қатынас қажет.
Тағы бір маңызды мәселе-тілдің дамуы. Кішкентай бала үшін ең басты даму құралы-сөйлеу. Ата-анамен сөйлесу, сұрақ қою, жауап алу арқылы оның сөздік қоры артады. Ал телефон бұл процесті тежейді. Бала тыңдайды, бірақ жауап бермейді. Қарап отырады, бірақ ой бөліспейді. Соның салдарынан тіл дамуы кешеуілдеп, ойын жеткізуі қиындайды.
Көп ата-ана «бәрі телефон ұстап отыр, заман солай» деп өзін жұбатады. Иә, технологиядан қашып құтылу мүмкін емес. Бірақ оны дұрыс қолдану-үлкен жауапкершілік. Телефон баланың өмірін толық басқарып кетпеуі керек. Ол тек құрал ретінде ғана қалуы тиіс.
Бала тәрбиесі-тек тамақ беріп, киіндіру емес. Ол-уақыт бөлу, тыңдау, түсіну, бірге күлу, бірге ойнау. Бала үшін ең қымбат нәрсе-ата-анасының назары. Егер сол назарды телефон алмастыратын болса, онда бала бірте-бірте ата-анадан алыстай береді.
Тыныш отырған бала-тәрбиелі бала емес. Кейде ол жай ғана өз әлеміне кіріп кеткен, жалғыз қалған бала болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана үшін басты мақсат-баланы тыныш ету емес, оны дұрыс бағыттау. Оның ойын тыңдап, сұрағына жауап беріп, бірге уақыт өткізу-ең үлкен тәрбие.
Қорытындылай келе, бүгінгі жеңілдік ертеңгі қиындыққа айналмауы тиіс. Телефон-уақытша тыныштық сыйлайды, ал дұрыс тәрбие- болашақтың негізін қалайды. Балаға берілген әрбір минут-оның тұлға болып қалыптасуына салынған инвестиция. Сондықтан таңдау әр ата-ананың өз қолында: уақытша тыныштық па, әлде саналы ұрпақ па?

Қарлығаш Халилулаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін379
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3108
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63857
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109667

Серіктестер