Онлайн газет



АНА ТІЛІ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

Тіл-халықтың алтын діңгегі. Әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек. Өйткені халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Тіл-қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым.
Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл-халықтың жан, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін - ана тілі. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Менің ана тілім-қасиетті қазақ тілі. Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақ тілі-Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. «Ана тілі халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын

ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына»,-деп  белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі, өз ана тілінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік өлшемі болып табылады.
Тіл-ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы   оның ана тілі. Тіл-халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі  оның бақыты мен тірегі. Менің ана тілім- шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер - сол ана тілім. Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім-мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.
Тіл-ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Көпұлтты елімізде қазақ тілінің ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдайлар жасалынуда.
Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
Ана тіл-ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау деген сөз. Ең жақсы адам- ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз ана тіліміз - бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Әрбір адам баласы өз тілін құрметтеуге міндетті. Сонымен қатар өзге тілді де құрметтеуге, және де оны білген артық етпейді. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы   кеңейеді. Сондықтан мен өз замандастарымды  «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтейік дегім келеді!

 

Эльанора ҚАЛМАХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Обновлено 09.06.2026 12:36
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін323
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3052
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63801
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109611

Серіктестер