Онлайн газет



ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ЖУРНАЛИСТ

Аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы аудандық орталықтандырылған  кітапханада қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбайұлының «Жазусыз өткен күнім жоқ...» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке келген зиялы қауым өкілдері мен кітап оқырмандары   алдымен кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Байзақ елі мен жерінің тарихын толғаған қаламгер» атты кітап көрмесімен танысты. Онда мерейтой иесінің шығарған кітаптары мен газет мақалалары қойылған.
Тұрсынхан Толқынбайұлы қарапайым тілшіліктен бастап баспасөз саласында басшылық қызметтерге дейін көтеріліп, қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан қаламгер. Аймақтың тарихына, атақты тұлғаларына арналған зерттеу мақалалалар, эссе, естеліктер жазып, кітаптар шығарып келе жатқан Тұрсынхан Толқынбайұлының еңбек жолы 1974 жылы Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде басталды. Әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болды. 1986 жылы облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетіне қызметке шақырылды. Тілші, аға тілші, кейіннен бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, зейнет жасына жеткен соң бас редактордың кеңесшісі болып істеді. 2010 жылдан 2020 жылға дейін Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Ақпарат және талдау» орталығының консультанты, «Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қоры» Жамбыл облыстық бөлімшесінің референті болып еңбек етті.


Жазушы-журналист қоғамдағы өзгерісті байқап қана қоймай, оның себебі мен салдарын көркем тілмен бейнелей алды. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғаларды қағазға түсіріп, уақыттың шежіресін жасады. Қазақ әдебиеті мен журналистика саласында қатар қалам тартып келе жатқан Тұрсынхан Толқынбайұлы ұлт руханиятына қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін шығармалары арқылы жеткізді.
Шығармашылық кеште аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, қоғам қайраткері Аманкелді Карентаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, жергілікті басылымдардың белсенді авторы, ақын-сазгер, ауданның Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатырлар сөз сөйлеп, қаламды серік еткен тұлғаның өмір жолы кейінгі буынға өнеге екенін жеткізсе, жергілікті өнерпаздар Алмахан Исабаев, Сәрсенбек Бәкір, Заман Молдабаевтар әннен шашу шашып, кештің ажарын ашты.


Кеш барысында мерейтой иесінің қызы Айнұр Толқынбаева мен немересі Шамшат Бақтұрсынқызы өз тілектерін арнап, кеш қонақтарына алғысын айтты.
Кеш соңында Тұрсынхан Толқынбайұлы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорына өзінің 35 дана кітабын сыйға тартып, жаңадан шыққан «Жол азық» кітабының тұсауы кесілді. Кеш иесі аудан басшылары мен кітапхана ұжымына, қаламдас әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған қаламы қарымды журналистің “Жол азық” кітабыда оқырман жүрегіне жол табатынына сенім мол.

 

Сундетулла АБИЛОВ,
«Ауыл жаңалығы».
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 02.06.2026 10:53
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1118
mod_vvisit_counterКеше1784
mod_vvisit_counterОсы аптада1118
mod_vvisit_counterӨткен аптада13521
mod_vvisit_counterОсы айда12865
mod_vvisit_counterӨткен айда64729
mod_vvisit_counterБәрі3990957

Серіктестер