|
Сарыкемер ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы саябақ – тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда ауыл жастары спортпен шұғылданады, балалар ойын алаңдарында асыр салып ойнайды, ал үлкендер таза ауада серуендеп, бос уақытын тиімді өткізеді. Алайда соңғы уақытта саябақтағы тәртіптің дұрыс сақталмауы тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Балаларға арналған ойын алаңдарында мұндай жағымсыз жағдайлар жиі кездеседі. Кейбір балалар әткеншектің отыратын орнына аяқпен шығып алады немесе үстіне отырып
секіреді. Сонымен қатар бір адамға арналған әткеншекке бірнеше баланың қатар отырып тебінетін жағдайлары да байқалады. Мұндай әрекеттер ойын құрылғыларына артық салмақ түсіріп, олардың тез тозуына, кейде тіпті істен шығуына себеп болады. Ал бүлінген ойын алаңдары балалардың қауіпсіздігіне де кері әсер етуі мүмкін. Ойын алаңындағы тәртіпсіздікпен қатар тазалық мәселесі де өзекті болып тұр. Кейбір демалушылар сусын бөтелкелерін, тәттілердің қағаздарын және басқа да қоқыстарды арнайы жәшіктерге тастамай, саябақ аумағында қалдырып кетеді. Нәтижесінде айнала ластанып, демалыс орнының көркі кетеді. Тазалық пен тәртіп сақталмаған жерде мәдениетті демалыс туралы айту қиын. Ауыл тұрғыны Гүлзат Қолдасова бұл мәселенің алдын алу үшін ата-аналардың жауапкершілігі маңызды екенін айтады. – Қазір жаз мезгілі басталды. Балалар саябаққа көп келеді. Сондықтан ата-аналар балаларына ойын алаңындағы құрылғыларды дұрыс пайдалануды үйретсе. Кейде балалар әткеншекке бірнешеуі мініп немесе аяқпен басып жатады. Мұндай әрекеттер құрылғылардың тез бұзылуына әкеледі. Ортақ мүлікке ұқыпты қарау – бәріміздің міндетіміз, – дейді ауыл тұрғындары. Шын мәнінде, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарау – әр азаматтың мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Бүгінде ауылдың көркеюіне, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондықтан ортақ мүлікке ұқыпты қарап, оның ұзақ уақыт қызмет етуіне үлес қосу әр тұрғынның парызы болуы тиіс. «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Сол секілді тәртіп те әр адамның өзінен басталады. Ал «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ауыл тұрғындары бірігіп тазалық пен тәртіпті сақтаса, саябақтың да сәні кетпей, келер ұрпаққа қызмет ете береді. Саябақ – баршаға ортақ демалыс орны. Сондықтан ондағы тазалықты сақтау, ойын құрылғыларын дұрыс пайдалану және қоғамдық тәртіпке мән беру – әр тұрғынның азаматтық міндеті. Ортақ мүлікке жанашырлық таныту арқылы ғана біз ауылымыздың көркін сақтап, келешек ұрпаққа үлгі бола аламыз.
Мерей ҚУАНЫШ, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті. |