|
Қазіргі қоғамда ажырасу жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бір кездері бірге өмір сүруге серт берген ерлі-зайыптылардың жолы неге жиі екіге айырылады? Бұл шешімге келу оңай ма, әлде терең ойланатын, жүректі жаралайтын сәт пе? Қоғамда отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі саналады. Әрбір жас жұбай үйленген сәтте мәңгі бірге болуға, қуаныш пен қиындықты бірге көтеруге уәде береді. Алайда, өмірдің ағысы, мінез бен көзқарастардың алшақтығы, тұрмыстық қиындықтар бұл үміттерді бұзып жатады. Сөйтіп, күндердің күнінде бірге өмір сүру мүмкін болмай қалған сәтте
ажырасу туралы шешім қабылданады. Бірақ бұл шешім шын мәнінде оңай ма? Қазақстанда ажырасу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде жыл сайын 140 мыңнан астам неке тіркелсе, соның 45-50 мыңдайы ажырасумен аяқталады. Бұл әрбір үшінші неке ұзақ өмір сүрмейтінін білдіреді. Яғни, қоғамда отбасылық тұрақтылыққа төнген қауіп бар. Ажырасу – жай ғана заң жүзіндегі келісімді бұзу емес, ол – адамдардың тағдыры, баланың болашағы және қоғамның денсаулығына әсер ететін құбылыс. Ажырасуға әртүрлі себептер бар: бір-бірін түсінбеу, экономикалық қиындықтар, туыстар араласуы, ерлі-зайыптылардың бірінің жауапсыздығы немесе опасыздығы, зорлық-зомбылық, ішімдікке салыну немесе әлеуметтік қысым. Қалалық жерлерде урбанизация мен жеке өмірге ұмтылыс басым болса, ауылдық жерде дәстүр мен туыстық байланыстың шамадан тыс араласуы да мәселе тудырады. Ең ауыр зардап — ортада бала болған жағдайда туындайды. Балалар көбінесе ата-анасының жанжалына куә болады, психологиялық соққы алады және ажырасудан кейін ата-анасының бірінен алыстайды. Бұл олардың болашақтағы мінез-құлқына, мектептегі үлгеріміне, тіпті болашақтағы өз отбасын құруына әсер етеді. Мамандардың айтуынша, баланың қауіпсіз, тұрақты отбасында өсуі — оның дамуы мен өзін-өзі тануына өте маңызды. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың әрқайсысы бұл үдерісті әртүрлі өткереді. Әйелдер көбіне материалдық ауыртпалық пен баланы жалғыз өсіру жүгін арқаласа, ер адамдар үшін бұл — жалғыздық пен жауапкершілікті сезінудің кезі. Сонымен қатар, біздің қоғамда әйел адам ажырасса, әлі де біршама теріс пікірге тап болады. «Ұстап қала алмады», «түсіністік танытпады» деген секілді таптаурын түсініктер әйелдің беделіне кері әсер етеді. Дегенмен соңғы жылдары қоғамның ой-санасында өзгерістер бар: енді әйел өзінің құқығы мен қадірін қорғауға тырысып, өзін құрбан етпеуге бейім. Қазақстанда бұл мәселеге байланысты мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. «Бақытты отбасы», «Отбасылық психолог» сынды жобалар арқылы отбасыларға кеңес беріледі, қиын жағдайлардан шығу жолдары ұсынылады. Дегенмен, бұл бағдарламалар көбіне қала орталығында жұмыс істейді, ал ауыл-аймақтарда мұндай қолдау әлі де жеткіліксіз. Сонымен қатар, жастарға неке туралы білім беру, отбасылық өмірге психологиялық дайындық жүргізу ісі әлі де жүйелі емес.Ажырасу кейде жалғыз дұрыс шешім болуы мүмкін. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық, психологиялық қысым немесе сенімсіздік болса, ондай қарым-қатынасты сақтаудың мәні жоқ. Адам өз өмірін сақтау, баласын қауіпсіз ортада тәрбиелеу үшін осындай шешімге келуі мүмкін. Бұл — әлсіздік емес, батыл қадам. Себебі, кейде ажырасып кеткен соң адамдар өздерін қайта табады, жаңа өмір бастап, бақытын басқадан табады. Дегенмен, ажырасу – шешімі жеңіл, салдары жеңіл болатын қадам емес. Ол – адамның жүрегіне салмақ түсіретін, өз өмірін қайта бағамдауға мәжбүр ететін өмірлік сынақ. Сондықтан ажырасудың алдын алу үшін қоғам, отбасы, мектеп, мемлекет бірлесе жұмыс істеуі керек. Жастарға отбасылық құндылықтарды, сабыр мен түсіністікті, кешірімді болуды үйрету қажет. Шешімді сабырмен, санамен қабылдау – тұрақты отбасының негізі. Қорыта келгенде, ажырасу – оңай шешім емес. Ол – қоғамның күйін көрсететін айна. Қазақстанда бұл мәселе өзекті болып тұр және оны тек заңмен не статистикамен емес, мәдениетпен, тәрбиемен, жанашырлықпен шешу қажет. Әрбір отбасының өмірі – мемлекеттің негізі. Ал мықты мемлекет – мықты отбасынан басталады.
Эльанора ҚАЛМАХАН, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті. |