|

Еліміздің түкпір-түкпірінде Халықаралық балаларды қорғау күні кеңінен аталып өтуде. Бұл мереке – әрбір баланың бақытты балалық шаққа, қамқорлық пен махаббатқа лайық екенін еске салатын ерекше күн. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға қоғамның мейірімі мен қолдауы аса маңызды. Балалар күніне орай ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара аудандық емхананың Алдын алу бөлімінің және «Аmanat» партиясының демеушілігімен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету
бөлімінің меңгерушісі Жәудір Мырзаева құттықтау сөз сөйлеп, балалар мен ата-аналарға өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Балалардың шат күлкісі мен жарқын армандары - қоғамымыздың ең үлкен байлығы екендігін айтты. Шара барысында психолог мамандар арт-терапия әдісін қолдана отырып, түрлі-түсті қаламдар арқылы “Қолтаңба” атты қызықты ойын ұйымдастырды. Бұл ойын балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, көңіл-күйлерін көтеруге ерекше әсер етті. Өз кезегінде кішкентай бүлдіршіндер ән айтып, тақпақтарын мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Әсіресе Мирас Әбубәкір салған ән көпшіліктің ыстық ықыласын тудырды. Осылайша балалардың шат күлкісі мен қуанышы мерекенің сәнін кіргізді. Сондай-ақ, балалар би билеп, арнайы дайындалған сыйлықтарға ие болды. Шара соңында ата-аналар атынан сөз алған Балжан Асқарова балаларға айрықша іс-шара ұйымдастырғандары үшін алғысын айтты. Осындай игі шаралар ерекше балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы орнының маңызды екенін көрсетеді. Әр баланың бақытты балалық шағы – ел болашағының жарқын кепілі.
Арайлым ҮЙКЕКБАЙ, Байзақ аудандық орталық емхананың әлеуметтік қызметкері. |
|
Обновлено 02.06.2026 10:38 |