|

Аудан әкімі Олжас Баққараев пен аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов кеше Үлгілі ауылында болып, халықпен кездесті. Ауылдық клубта «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары Р.Қасымов, Қ.Бүркітәлиев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Б.Мейірбеков, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары қатысты. Ауыл халқыда көп жиналып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер туралы сұрақтар қойып, оған жауап алды. Алдымен сөз алған аудан әкімі Олжас Елебекұлы халық арасындағы тәртіпке баса назар аударды. Ауылдағы көптеген әлеуметтік нысандардың
соғылмай жатқандығы, оған қажетті жерлердің жетіспеуіне жауап берді. -Ауылдарда әрбір құрылыс нысанының соғылу тәртібі бар. Мәселен, спорт кешенін соғу үшін ауыл халқы 5 мыңнан асуы тиіс. Сондай-ақ өткен жылы ауылдық жерлерде мәдениет және спорт нысандарын соғуға республикада бюджеттің жетіспеуіне байланысты тыйым салынды. Қаржы халыққа аса қажет болып саналатын елдімекенге газ кіргізу, жарық, су тарту, жол салу тәрізді жұмыстарға жұмсалуда. Демеуші табылып жатса мәдениет, спорт нысандарын соғуға болады. Ал жерге байланысты ауылдың бас жоспарын қарап, қажет болған жағдайда ауыл әкімі, осындағы ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді азаматтардың ұсынысымен бас жоспарға өзгерту енгізуге болады,- деді аудан әкімі.
 Ауыл тұрғыны Ақбота Елеусіз ауылдағы жер кезегі, Бекен Айтқұлов пен Ержан Тезекбаев жазда мал шығатын «Көделі» жайылымын әкімдік есебінен қайтару, Камалладин Садуов арнайы комиссия жерді зерделеп, ауыл балалары үшін ойын алаңы, саябақ, дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары, мектеп соғатын жерлерді анықтаса деген тілегін жеткізді. Аудан прокуроры А.Мүлкеманов әр нәрсе заң аясында шешілетінін айта келіп, жерге байланысты мәселе тексеріліп жатқанын айтты. Бұл жерде заңсыз алынған жерлер болса, сотта қаралып, қайтарылатынын атап өтті. Аудан әкімі қорытынды сөзінде ауыл тұрғындарын сабырға шақырып, барлығы заң аясында шешілетіндігіне тоқталды. Ауылда ауыл әкімімен бірге, ауылдық ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері және белсенді азаматтар бас қосып, ортақ іске өз үлестерін қосулары қажет екендігін атап өтті.
Сундетулла АБИЛОВ, “Ауыл жаңалығы”. Үлгілі ауылы. |