|
31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылық құрбандары болған отандастарымызды еске алады. Тарихи деректерге сүйенсек, қос зұлмат қазақ халқын үлкен шығынға ұшыратты. Атап айтқанда, 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам өзге мемлекеттерге ауып кетті. 1938 жылғы қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың бетке ұстар зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Атап айтқанда,
АЛЖИР, Карлаг, Степлаг сынды ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерьлері дәл осы қазақ даласында орналасып, оған 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Халқымыздың тұғырлы тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да зиялылар осы зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болды. Қаралы қасірет аудан халқында айналып өткен жоқ. Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Жақаш Мамыров, Жүніс Науатов сынды ерлер «халық жауы» атанып, атылды. Бір ғана Диқан ауылынан 5 азамат репрессияның құрбаны болды. Олардың барлығы-халқымыздың біртуар, маңдай алды, озық ойлы азаматтары еді. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, қазақ жеріне еріксіз жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Халқымыздың жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар аман қалды. Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, халқымыз ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін, сан ғасырлық даналығын сақтап қалды. Тәуелсіздігіміз қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресімен, азаттыққа ұмтылған қайсарлығымен келді. Егемендіктің арқасында жазықсыз жала жабылған ұлт қайраткерлері ақталып, есімдері ортамызға қайта оралды. Сондықтан тарихтан тағылым, өткеннен сабақ алудың, бүгінгі бейбіт күннің қадірін біліп, тәуелсіздікті тұғырлы етудің, сонымен қатар елінің ертеңі үшін құрбан болған арыстар рухына тағзым етудің маңызы зор деп білеміз. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде сол бір жылдардың қасіреті ұмытылмайтындығы айтылып, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, әруақтардың рухына тағзым етіледі.
“Ауыл жаңалығы”- ақпарат.
Қуғын-сүргін қасіреті
Жылағанға қарамай жылан заман, Турап елдің үмітін тұмандаған. Тең жартысы қазақтың аштан өлген, Бәріне де куәгер ұлан далаң.
Адыра қап адамдық ниетті арман, Қарайғанға көз сүзген, иек талған. 30-шы жылдардың ойраны сол, Қырда-сайда шашылып сүйек қалған.
Қасіретке белшеден кірген елде, Қалар дейсің үлде мен бүлдеден не? Жақсыларын ұлтымның, бастыларын, Атты, асты, шірітті түрмелерде.
Біте алмайсың күн-түні шерткеніңмен, Қазақ алда тұр опат, дерт көруден. Голощекин жасаған қуғын-сүргін, Әлі күнге келеді зерттелумен.
Ел ағытып тұр бүгін мұңды арманын, Тәуелсізбіз өткен сан сыннан қалың. Естен еш шығармауға тиістіміз, Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын!
Қасқырбай Нарбатыр. ақын.
|