|

Қасиетті Құрбан айт мерекесі аудан көлемінде кеңінен аталып өтіп, мешіттерде айт намазы оқылып, қайырымдылық шаралары мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бұл игі күн тұрғындарды ізгілікке, бірлік пен бауырмалдыққа үндейтін маңызды мерекеге айналды. Аудандық «Байзақ баба» мешітінде өткен айт намазына мыңға жуық жамағат қатысты. Жиналған қауымды ауданның бас имамы Қанат Жұмағұл қасиетті мерекемен құттықтап, Құрбан айттың рухани маңызы мен ізгілікке бастайтын
мәніне тоқталды. Айт мерекесінің дәстүрлі көрінісі ретінде мешіт ауласында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қол күрес, арқан тарту және кір тасын көтеру сайыстары өтіп, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, дипломдар мен медальдар табыс етілді. Мерекелік шара барысында аудан әкімі Олжас Баққараев құрбандық шалып, оның еті 25 отбасыға үлестірілді. Бұл қайырымдылық шарасы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көрсетілген нақты қамқорлықтың көрінісі болды.
 Сондай-ақ, Аймантөбе мешітінде айт дастарханы жайылып, оған ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы қатысты. Мұнда 15 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіліп, ұлттық ойындардан ұйымдастырылған жарыстардың жеңімпаздары арнайы марапатталды. Құрбан айт мерекесі аясындағы игі бастамалардың бірі – Жетібай ауылындағы «Ақыл-Ата» мешіті жанынан асхананың ашылуы болды. Асхананы ашудағы басты мақсат-халыққа қолайлы жағдай жасап, мешітке келушілерге қажетті мүмкіндік ұсыну. Қасиетті Құрбан айт мерекесі аудан тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, қайырымдылық пен мейірім құндылықтарын дәріптеген тағылымды мереке ретінде есте қалды.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат. |
|
Обновлено 29.05.2026 11:14 |