|
Соңғы уақытта аудан аумағында мопед жүргізетін жастардың саны айтарлықтай артып келеді. Алайда көлік құралын басқару мәдениетінің жеткіліксіздігі, қорғаныш құралдарын қолданбау және жол қозғалысы ережелерін сақтамау қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Осыған орай, мопед жүргізушілерінің жауапкершілігі, жол қауіпсіздігі және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы Байзақ ауданы полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Асхат Рапилбекпен сұхбаттасқан едік.
– Соңғы уақытта ауданымызда мопед жүргізетін жастардың саны
артып келеді. Жалпы жол қауіпсіздігі тұрғысынан бұл жағдайға қандай баға берер едіңіз? – Аудан аумағында мопед жүргізетін жастар санының артуы байқалады. Бұл – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, кейбір жастар жол қозғалысы ережелерін толық сақтамай, өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Әсіресе тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттырады. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімі тарапынан түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Жастар арасында мопедті қорғаныш құралдарынсыз жүргізу, жылдамдықты шамадан тыс асыру және жол ережелерін сақтамау фактілері қаншалықты жиі кездеседі? – Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі тіркеледі. Әсіресе қорғаныш шлемінсіз көлік басқару, жылдамдықты асыру, бағдаршам талаптарын елемеу және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері алаңдатады. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заң талаптарын сақтамай мопед басқаруы да өзекті мәселеге айналып отыр. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы автожолдарда күнделікті патрульдеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған деректер бойынша жүргізушілер мен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
– Аудан көлемінде мопед жүргізушілеріне қатысты биыл қанша әкімшілік іс тіркелді? Қандай құқықбұзушылықтар жиі анықталуда? – Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында аудан көлемінде мопед жүргізушілеріне қатысты 169 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, мотошлем пайдалану талаптарын сақтамау, тіркеусіз көлік құралын пайдалану және өзге де құқықбұзушылықтар жиі анықталуда. Қазіргі таңда бұл бағыттағы бақылау күшейтіліп, заң талаптарын сақтамаған азаматтарға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылып келеді.
– Жол қозғалысы ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне қандай әкімшілік жауапкершілік қарастырылған? Рейдтік жұмыстар тұрақты өткізіле ме? – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жол қозғалысы ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, мотошлемсіз жүру, тіркеусіз көлік пайдалану, жылдамдық режимін бұзу және өзге де құқықбұзушылықтар үшін айыппұл салынады. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 797-бабы талаптарына сәйкес көлік құралын айыптұраққа қою шаралары қолданылады. Аудан көлемінде рейдтік және бақылау-профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Бұл мәселеде ата-аналардың жауапкершілігі туралы не айтар едіңіз? – Ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды. Баласына мопед алып берген әрбір ата-ана оның жол қозғалысы ережелерін білетініне, көлік басқаруға дайын екеніне көз жеткізіп, арнайы автомектептерде білім алуына жағдай жасауы қажет. Егер 16 жасқа толмаған жасөспірімнің мопед басқарғаны анықталса, заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы мен 612-бабының 5-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, мотошлем пайдалануын және жол мәдениетін сақтауын қадағалау – әрбір ата-ананың міндеті.
– Сөз соңында мопед жүргізетін жастар мен аудан тұрғындарына қандай кеңес айтар едіңіз? – Аудандық полиция бөлімі барлық мопед жүргізушілерін және аудан тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әрбір жүргізуші өз өмірімен қатар өзгенің де қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы қажет. Қорғаныш құралдарын пайдаланып, жылдамдықты асырмай, жол мәдениетін сақтайық. Заң талаптарын орындау арқылы ғана қайғылы жағдайлардың алдын алып, қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан- Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |