|
Белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбайұлы күні ертең туған ауданында шығармашылық кешін өткізгелі отыр. Осы оқиға қарсаңында саналы ғұмырын журналистиканың дамуына арнаған қарымды қаламгерді әңгімеге тартқан едік. - Тұрсынхан аға, сөздің киесі бар дейді. Ауданымыздың тумасы Сіздің қаламгерлік жолыңызды «Ауыл жаңалығы» газетінде бастап, облыстың бас басылымы – «Ақ жолда» ұзақ жыл жемісті де абыройлы қызмет атқарғаныңызды жақсы білеміз. Айтыңызшы, өміріңізде баспасөз қызметіне арнағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма? - Журналистикаға кездейсоқ келген адам емеспін. Жүз жылдығы 2015 жылы тойланған әйгілі білім ордасы Түймекент орта мектебінде оқып жүргенімде шәкірттердің бойындағы қабілетін дәл басып тани білетін ұстаздарымның аудандық газетке мақалалары жиі шығып тұратын жас тілші
менің балауса талабымды қанаттандырар жақсы лебіз, тілектерімен жүрегім қалаған журналист мамандығына адалдығымнан небір ауыр кезеңдерде де айныған, тіпті, басқа жұмысқа ауысу туралы ойға алып та көрген емеспін. Әрине, қай кәсіптің де өз қиындығы, ерік-жігерің сынға түсетін кездер болады. Мұндай сәттер басымнан аз өткен жоқ. Әсіресе, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде басталған еңбек жолымның алғашқы жылдарында. Ол заманда компьютер түске де кірмейтін. Аптасына үш рет қазақ және орыс тілдерінде екі бөлек шығатын газетке дайындалған материалдар алдымен қолмен жазылып, машинисткаларға беріледі, одан алынған соң бөлім меңгерушісі, редактор оқып, қолдары қойылған соң ғана барып, баспаханадағы линотип машинасымен теруге жіберілетін. Мұнда газет беттерін беттеу, корректорлар мен кезекшілер оқыған, редактор қараған беттердің қателерін түзеу сияқты жұмыстар негізінен қолмен атқарылатын.Осыдан да газет шығару түн ортасына дейін созылатын, кейде таңды қарсы алатын кездер де болатын. Күндіз іс-сапарда болып оралғанда жинаған деректерге сүйеніп мақала жазып, немесе, авторлардың хаттарын қорытып, кейде аупарткомнан келіп түсетін орысша материалдарды аударып жұмыс күнін аяқтағанда кезекшілікке қалдырылған кездерім аз болған жоқ. Қиындыққа төзе білдім, өрескел қате жіберіп сөгіс алған емеспін. Кезекші болған күннің ертеңіне аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманына еріп, егістік алқабына, не мал фермаларына баратынмын. Бағыма орай, алғашқы редакторым, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғани Әлиев те, одан кейін басылымға аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы лауазымынан ауысып келіп, басшы болған Жақсығұл Мәдімаров та ауыл шаруашылығы тақырыбына жазатын журналист болып қалыптасуыма барынша қамқорлық жасады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып, осы Жақсығұл ағамыздың кезінде тағайындалдым. Бұл 1975 жылы редакцияға қабылданғаныма бір жылдан енді асқан кезде болды.Іс-сапарға, онда да аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарымен жиі шығып тұрдым. Өйткені, әр сапардан көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей, деректер жинап, адамдармен сөйлесіп, мол «олжамен» оралатынмын. Келісіммен нөмір сайын мақала шығарып тұрдым. Аудандық газеттегі үшінші, төртінші редакторларым Кеңес Рахметулаев пен Қамбар Қойшыбаевтың екеуі де облыстық «Еңбек туы» газетінен келді. Екеуі де газетті жаман басқарған жоқ, шығармашылық ұжымымен тіл табысып істеді, басылым беделін арттырар жетістіктерге қол жеткіздік. Менен, небәрі екі-үш жас қана үлкендігі бар Қамбармен кейін өзі «пікірлес дос және сырлас іні таптым» деп жазғанындай жақын достасып кеттік. Бесінші редакторым болып келген жасы менен кіші Бекет Момынқұлов та шығармашылығыма қолдау, көмегін аяған жоқ. Тәжірибемнің молдығын ескерген болар мені жауапты хатшы етті. Қамқорлық қанат бітіреді емес пе? Осы бес редактор басқарған кезде ауыл шаруашылығы тақырыбына жазатын журналистер арасында өткен конкурстарда жүлде алып жүрдім. Аудандық және облыстық газетте проблемалық мақалаларым, очерк, суреттемелерім жиі жарияланып тұрды. Облыстық газетке қызметке шақырылуым осындай танымалдығымның арқасы еді.
- Бірнеше кітаптың авторысыз. Газетте еңбек ете жүріп, кітап жазу, баспадан шығаруға қалай келдіңіз? -Жаңа айтқанымдай ауыл шаруашылығы тақырыбына жазуға төселгенім баспагерлердің де назарына іліктірді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары республикада ауыл шаруашылығы әдебиетін «Қайнар» баспасы шығаратын. Осы баспаның редакторы, жазушы, көркемсөз шебері Бекболат Әдетов облыстық газеттегі тәлімгер ұстазым Бақытяр Әбілдәұлы ағама телефон шалған. Осылай да осылай, мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитетінің ғылыми-техникалық прогресс басқармасының тапсырысымен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы Жамбыл құс фабрикасының іс-тәжірибесіне арналған кітап шығаруымыз керек.Осыған көмегіңіз керек деген. Бәкең жарықтық, оған шәкірті менің есімімді атап, сырттай таныстырған.Бекболат Әдетовтің тапсырмасын орындау фабрика туралы аудандық, облыстық газетке құлаш – құлаш мақала жазып жүрген маған қиынға түскен жоқ.Бір сәтті күні құс фабрикасына барып директоры Николай Борисович Рубальскиймен, ондағы еңбек озаттарымен әңгімелесіп, керекті деректерді жинап алдым. Бұл істе маған аудандық партия комитетінде нұсқаушы кезінде жақын танысқан, фабрика кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрғали Дүйсенбековтің көп көмегі тиген еді. Көп ұзаған жоқ, республикалық «Қайнар» баспасынан 1988 жылы «Құс шаруашылығындағы семьялық мердігерлік» деген тырнақалды кітабым 5000 дана таралыммен жарыққа шықты. Орыс тіліндегісі де (аудармашы А.Хакімжанова) осынша дана болып шығып, таратылды. «Жол басы - соқпақ» деген. Әр жылдары республикалық «Қайнар», «Мерей», «Санат», «Алаш», «Қаз-Ақпарат», «Қазстат-информ», «Информ-А», «Ғылым», «Асаба», «Darmen Media» баспаларынан, өз облысымыздағы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан, «Формат-принт» баспаханасынан шыққан облысымыздың экономикасы мен тарихына, атақты адамдарына арналған отыздан астам кітаптардың авторы, құрастырушысы, редакторы болдым. Олар күні ертең аудандық орталық кітапханада ұйымдастырылған «Байзақ елі мен жерінің тарихын толғаған қаламгер» атты кітап көрмесінде оқырмандарға таныстырылады. Қай кітапты да болмасын шығарудың өз тарихы бар. 2000 жылы облыс делегациясы құрамында ауданымыздың мақтанышы-Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың шайқасқан жерлерінде, Балтық бойы елдерінде, Мәскеуде, Беларусь республикасында сапарлап қайтқан соң, «Жай отындай жарқ еткен» деген деректі хикаят жазған едім. Ол 2005 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Тараздағы «Сенім» баспасынан 1000 дана таралыммен шығарылып, облыстың барлық кітапханаларына таратылды. Тұсаукесері сол жылы маусым айында Байзақ ауданының сол кезде әкімі Абдалы Нұралиевтің қолдауымен және қатысуымен Сарыкемер ауылында, әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Бұл іс-шара қалай өткені туралы «Ауыл жаңалығы» газетінің бірінші бетінде «Батыр жайлы кітап» деген мақала, фотосуреттерімен қоса жарық көрді. Мақала қиындысы жеке мұрағатымда сақтаулы. Кітаптың редакторы болған Арғынбай Бекбосын ағамыз өзінің қазақ, орыс тілдерінде жазылған, «Егемен Қазақстан, «Ақ жол», «Знамя труда» газеттерінде, «Тағдыр етсе Алла..» хикаяттар, эсселер жинағында жарияланған «Ақәділдің жүрегі» эссесінде: «Ал, дарынды журналист інім Тұрсынхан Толқынбайұлы «Жай отындай жарқ еткен» атты жап- жақсы кітап жазды» деп өз бағасын берген еді. Оқырманын көп тапқан «Жай отындай жарқ еткен» атты кітабым Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының электронды кітаптар базасына енгізілген. Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада оқырмандар мен студент жастардың қатысуымен конференция да өткен. Байзақ ауданында ұйымдастырылған патриоттық жиындар мен іс-шараларға кітап авторы ретінде шақырылып, сөз сөйлеп, баяндамалар жасадым. Туған ауданымнан 27 Еңбек Ері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек майталмандары көп шыққан. Шығармашылық жолымда олардың бірқатарымен жүздесіп, сөйлестім, газеттерге мақалалар жариялап, олар кейін шығарған кітаптарыма енді. Айталық, атақты қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантоқова, қоғам қайраткері, облыстың бірқатар аудандарын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаты болған Төребай Ақбозов, ауыл шаруашылығы өндірісінің танымал ұйымдастырушылары Орынбек Тілеубаев, Жұмабек Сапарәлиевтер және басқалар туралы естеліктер кітаптарын шығардым. Бұлардың есімдері қала мен аудан орталығындағы, туған ауылдарындағы көшелерге, мектепке берілген. Ауданда тұғырлы тұлғаларды ардақтауда жақсы істер атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Күні кеше ғана Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектепте тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған «Нар тұлғалы Төребай Ақбозов» кітабының құрастырушы - авторы ретінде шақырылып, қатысып қайттым. Мектеп оқушыларының өздері туып, өскен өңірдің тарихын, танымал тұлғаларын жақсы білуі қажет. Сөйлеген сөзімде осы жайында айтып, үш бірдей Еңбек Ері, Төребай Ақбозов бастаған қайраткер тұлғалар шыққан ауыл мектебінде оларға арналған арнайы бұрыш ұйымдастырылса керекті деректерді табуда көмегімді аямайтынымды жеткіздім.
- Жасыңыз ұлғайса да қаламыңызды қолыңыздан түсірмей шығармашылықпен өнімді айналысып келе жатқаныңызды сыры неде? -Батыста «үшінші жас» деген ұғым кеңінен таралған. Оларда «үшінші жас» зейнетке шығумен басталады. Батыстық қарттар ғұмырының осы кезеңінде бар уақытын өз қызығушылықтарына арнайды, кейінге қалдырып келе жатқан бастамалары мен жобаларын жүзеге асырады. Ұзақ жыл бір ғана салада – журналистикада еңбек етіп, зейнетке шыққан мен де өзімді батыстық қарттар үлгісін жалғастырғандар қатарына қосамын. Жасым алты мүшелден баяғыда асса да әлі күнге кітап оқудан, зерттеу мақалалар, эсселер, естеліктер жазудан қол үзбей келемін. Аудан әкімдігінің қолдауымен ертең өткелі отырған шығармашылық кешімнің тақырыбы «Жазусыз өткен күнім жоқ» деп аталуының сыры осында.
- Алда оқырмандарыңызды қандай туындылармен қуантпақсыз? - Алға құрған жоспар көп. Биыл Алматыдағы баспада жатқан екі кітабым жарыққа шығып қалады деген үмітім бар. Сондай-ақ алдағы жылы 90 жылдығы аталып өтетін Арғынбай Бекбосын ағамыз туралы естеліктер жинағының екінші кітабын және Құлан өңірінің Ақыртөбе аймағында өмір кешкен, елді имандылыққа үндеп өткен үлкен ақын, ғұлама молда Өзібек Ақжолұлы атамыз бен оның шәкірттерінің ел арасынан жиналған әр кездерде, реті келген жерде табан астында айтқан тапқыр сөздері, ұтқыр жауаптары, орынды әзіл-қалжыңдары, айтыстары енетін жинақты баспаға тапсырғалы отырмын. Байзақ ауданынан шыққан танымал тұлғалар туралы мұрағаттардан, тарихи әдебиеттерді оқудан тапқан тың деректер де болашақ кітабымның арқауы болмақ. Кітаптар шығарумен қатар, өзім көп жыл еңбек еткен «Ақ жол» газетінде және бірқатар басылымдарда, әлеуметтік желілерде жазған зерттеу мақалаларымды жариялап келемін. Олардың да оқырмандарын тапқандығы қуантады. Бірер мысал келтіре кетсем, халқымыздың заңғар тұлғасы Д.А.Қонаев кезінде кітабын оқып, жақсы пікір айтқан жазушы Галина Серебрякова туралы жазған «Зұлмат жылдары Тараздан пана тапқан орыс жазушысы» атты зерттеу мақалам қалалық газетте және интернетте жарияланып, көп қаралым жинады. Сондай-ақ алдымен облыстық «Ақ жол» газетінде жарық көрген «Аудандардың алғашқы әкімдері» зерттеу мақалам да өлке тарихын білуге ынта танытушылардың тарапынан қызығушылық туғызды, Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы шығарып тұратын «Газет мақалаларының шежіресі» аталатын библиографиялық жинаққа енді. Интернетте жарияланған нұсқасы көп қаралым жинаған. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады. Мерейтойлық жинақтар шығаруға да атсалысып жүрмін. Бұған да мысал келтірсек, Балуан Шолақ атамыздың 160 жылдығына шығарылған «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» жинағына зерттеу мақалам енген. Жалпы, облысымыздың соның ішінде туған ауданымның тарихы мен тұғырлы тұлғалары туралы зерттеу мақалалар, кітаптар жазып танылғанымды мақтаныш тұтамын. Жігерімді жанып, қаламымды қолдан түсірмей келе жатқан да осы сезім. - Абыз жасқа келген қаламгер ретінде пікіріңізді білгіміз келеді. Журналист болу қиын ба, әлде жазушы болу қиын ба? - Облыстық «Ақ жол» газетінің 1995-2004 жылдарғы бас редакторы болған, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жатқан жері жұмақтан болғыр Әлдихан Қалдыбаев ағамыз «Газет қаламгерді сылып алатын машина. Бұл жұмысқа барыңды сарқа жұмсамасаң әншейін біреу болып жүресің» деп жазған еді. Әлдекең жарықтық, жазушылық пен журналистікті қатар алып жүрген тұлға. Журналист болудың қиындығын қысқа да, нұсқа жеткізіп отыр. Мен де осындай пікірдемін. Ал, жазушы болу да ауыр еңбек. Қиындығы журналист болудан кем түспейді деп білемін.
- Соңғы сұрақ. Жас журналистерге қандай ақыл айтасыз? - Қаламгер жетістікке өзіне сенуі мен ұмтылысы, табандылығы, еңбекқорлығы арқылы жетеді. Үнемі ізден, талпын, біліміңді көтер. Деректі проза жазуда өзім ұстаз тұтатын халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Оқымасаң – озбайсың, жазбасаң – жарияланбайсың» деген. Журналист еңбегінің ең жақсы насихатшысы жазған дүниесі. Осыны ескер дер едім.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан-Гүлшахар Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”. |