|
Қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақты дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Заң – мемлекеттің тірегі, ал оны құрметтеу мен орындау – әрбір азаматтың басты міндеті. Бүгінде құқықтық мәдениеті жоғары, заңға бағынатын қоғам ғана өркениетті мемлекет ретінде дамып, болашаққа нық қадам басады. Ең алдымен, заңға бағыну – мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіну. Әр азаматтың құқықтарымен қатар міндеттері де бар. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау, өзгенің мүлкіне қол сұқпау-қарапайым көрінгенімен, қоғам тыныштығы үшін аса маңызды талаптар. Осындай қағидалар
сақталған жерде өзара сыйластық, сенім және қауіпсіздік орнығады. Сонымен қатар, заңға құрмет – әділдік пен теңдіктің кепілі. Заң алдында бәрі бірдей. Ол адамның қызметіне, байлығына немесе қоғамдағы орнына қарап бөлмейді. Егер әркім заңды өз пайдасына қарай бұрмалауға тырысса, онда қоғамда әділетсіздік белең алып, мемлекетке деген сенім әлсірейді. Сондықтан ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет. Заңға бағыну – мәдениеттілік пен адамгершіліктің де көрінісі. Тәртіпке бағынған елдің келешегі кемел болады. Мәдениетті қоғамда заң бұзу, жемқорлық, қоғамдық тәртіпті елемеу секілді келеңсіз әрекеттерге жол берілмейді. Өйткені әр адам өз ісімен ел абыройын қалыптастыратынын терең түсінеді. Сондай-ақ, заң талаптарын сақтау-қауіпсіз өмірдің кепілі. Мысалы, жол ережесін сақтау адам өмірін сақтаса, экологиялық заңдарды орындау табиғатты қорғауға мүмкіндік береді. Ал құқықтық нормалардың сақталмауы түрлі қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан заң – тек міндет емес, әр азаматтың қауіпсіздігі мен болашағын қорғайтын маңызды құрал. Елдің дамуы да заңға деген құрметпен тікелей байланысты. Заң бұзушылық, салықтан жалтару, жемқорлық секілді әрекеттер мемлекет экономикасына үлкен зиян келтіреді. Ал заңды сыйлайтын, тәртіпке бағынатын қоғамда тұрақтылық орнап, даму қарқыны арта түседі. Қорытындылай келе, заңға бағыну – әр азаматтың ар-намысы мен азаматтық борышы. Заңды құрметтеген адам – өз елін, өз болашағын құрметтеген адам. Тәртіпке бағынған қоғамда ғана бейбіт өмір, әділдік пен өркендеу болады. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға міндетті.
Олжас Абильдаев, Көптерек ауылы әкімдігінің іс жүргізуші бас маманы. |