Онлайн газет



ҚҰРБАН АЙТ – КЕШІРІМ НАУҚАНЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет жуырда өткен баспасөз мәслихатында «Құрбан айт – тек діни мереке емес. Бұл – қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты дәріптейтін рухани мейрам», – деді.
Расында да өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. «Бір анадан тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ екен», - деп шырқалғандай, өкпе-реніштің себебімен ағайыннан сәл-пәл алыстап қалатын кездер де болып тұрады. Алайда, «ағайынның азары болса да, безері жоқ» демекші, алыстап қайда барамыз?!
Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтында ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын, – депті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Бір атадан тараған ағайынның татулығы біле білсеңіз Алланың өзі бұйырған іс. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» («Ниса» сүресі, 1-аят), - деп бұйырады.
Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Кім ризық - несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтсін» (Бұхари), - деген екен.
Демек, туыспен жақсы қарым-қатынас жасасақ, ризығымыз молайып, өміріміз ұзарады деген сөз. Ол бекер емес. Себебі халқымыз былай дейді: «Ағайын тату болса, ат көп деген, абысын тату болса, ас көп деген».
Ал туыстың қарым-қатынастың бұзылуы береке мен ырыстың кемуіне, тіпті абыройсыздыққа әкеліп соғады.
Жағалассаң жағаң кетер,
Жанжалдассаң - бағаң кетер,
Өш қуалассаң - бастағы бақ пен дәулетке сор,
Кек қуалассаң - арттағы ұрпақ пен әулетке сор, – деп Әбіш Кекілбаев жырлағандай, араздық жақсылық әкелмесі анық.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ағайындық аршыға байланған. Аршы айтады: кім менімен туыстық байланыс жасаса, онда ол Алламен байланыс жасағаны. Ал кімде-кім менімен туыстық байланысты үзсе, онда ол Алламен байланысты үзгені» (Тирмизи), - деген.
Ортада не жағдай болса да, көптен бері бармай кеткен жақынымызға осы Құрбан айттың қарсаңында барып, «Айт құтты болсын» айтып, шаңырағына бас сұқсақ, мұндайда кез келген адам жұмсарып, жібісе керек. Сосын ең бірінші кешірім сұраған адамның Алланың алдындағы сауабы еселене түсетінін ұмытпайық.
Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше,
Жаман адамның ашуы көрге басы жеткенше,- дегендей, арадағы өкпе-ренішті ұмытып, өзара бір-бірімізді кешіре білейік. Құрбан айтта тек мал ғана емес, сонымен қатар іштегі эгоны да құрбан ете білуіміз керек.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп қазақтың төбе биі Төле би бабамыз айтқандай, бірлігі мол, ырысты елге айналайық, ағайын!

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1060
mod_vvisit_counterКеше1784
mod_vvisit_counterОсы аптада1060
mod_vvisit_counterӨткен аптада13521
mod_vvisit_counterОсы айда12807
mod_vvisit_counterӨткен айда64729
mod_vvisit_counterБәрі3990899

Серіктестер