Онлайн газет



РӘМІЗДЕР – ЕЛ РУХЫНЫҢ АЙБЫНЫ

Тәуелсіз елдің ең қастерлі құндылықтарының бірі – оның Мемлекеттік рәміздері. Олар – халықтың өткені мен бүгіні, ұлттық болмысы мен болашағының көрінісі. Аспан түстес Туымыз, айбарлы Елтаңба және асқақ Гимн – әрбір азаматтың жүрегінде ерекше орын алатын қасиетті белгілер. Рәміздер – жай ғана ресми нышандар емес, олар – елдің рухы, халықтың мақтанышы, азаттықтың айғағы.
Қазақ халқы еркіндік пен егемендікті ғасырлар бойы аңсады. Сол арман орындалып, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылған сәттен бастап ұлттық рәміздеріміз де жаңа тарихтың жарқын бетіне айналды. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимні бекітілді. Бұл күн ел тарихында айрықша мәнге ие болып, кейін «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде белгіленді.
Мемлекеттік Туымыз-бейбітшілік пен татулықтың символы. Көгілдір түс – ашық аспан мен бірліктің белгісі. Тудың төріндегі алтын күн – өмір мен берекенің нышаны болса, қалықтаған қыран – еркіндікке ұмтылған рухтың бейнесі. Ал тудың сол жақ бөлігіндегі ұлттық өрнек халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін айшықтайды. Көк Туымыз әлемдік ареналарда желбіреген сайын әр қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімі оянады. Спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінгенде, шетелде көк байрағымыз көтерілгенде, ол – бүкіл халықтың мерейі үстем болған сәт.
Мемлекеттік Елтаңбамыз-елдігіміздің терең мәнге ие көркем белгісі. Оның авторлары-сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның жүрегінде орналасқан шаңырақ-ортақ үйіміз Қазақстанның бейнесі. Одан тараған уықтар халықтың ынтымағы мен бірлігін білдіреді. Қос қанатты пырақ-еркіндік пен асқақ арманның белгісі. Жоғарғы бөлігіндегі жұлдыз – болашаққа бағытталған жарқын жолды меңзейді. Елтаңбаға зер сала қараған адам қазақ халқының дүниетанымы мен өмір философиясын аңғарады.
Ал Мемлекеттік Гимн – елдің рухын көтеретін, жүректі тебірентетін қасиетті туынды. Қазіргі Гимн 2006 жылы қабылданды. Оның сөзін жазуға ақын Жұмекен Нәжімеденовпен бірге еліміздің Тұңғыш  Президенті де қатысып, әні композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармасы негізінде бекітілді. Гимн орындалғанда әр азаматтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет сезімі күшейеді. Өйткені оның әр жолында кең даланың тынысы, халықтың арманы мен үміті жатыр.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың парызы әрі жауапкершілігі. Қазақстан Республикасының заңнамасында рәміздерді пайдалану тәртібі нақты белгіленген. Бұл – рәміздердің мәртебесі жоғары, қасиеті ерекше екенін айғақтайды. Өйткені елді сыйлау – ең алдымен оның нышандарын қадірлеуден басталады. Президентіміз: «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің қасиетті бойтұмары» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Расында да, рәміздер – егемендіктің белгісі ғана емес, ұлтты біріктіретін рухани күш. Олар халықтың тарихи жадын жаңғыртып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Қазақ халқы үшін көк аспан, қыран құс, шаңырақ ұғымдары ежелден киелі саналған. Сондықтан рәміздеріміз ұлттық рухпен астасып, халықтың болмысын айқын көрсетеді. Көк Туымыздың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты еліміздің ынтымағы мен бірлігі– осы рәміздердің мәнін одан әрі тереңдете түседі.
Рәміздерге тағзым ету-құр рәсім емес, ол – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Әрбір мектепте, әр мекемеде, әр отбасының жүрегінде мемлекеттік нышандарға деген құрмет берік орнығуы тиіс. Өйткені Туымыз-тұғырымыз, Елтаңбамыз – елдігіміз, Әнұранымыз – асқақ рухымыз.
Тәуелсіз Қазақстанның Туы мәңгі желбіреп, Елтаңбамыздың айбыны асқақтап, Гимніміз әлем төрінде шырқала берсін. Рәміздеріміз – ұлт мақтанышы, елдігіміздің еңселі белгісі, болашаққа бастар жарқын жолымыздың шамшырағы болып қала береді.

Перизат ОСПАНОВА,
М. Әуезов атындағы орта мектептің ұстазы.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1083
mod_vvisit_counterКеше1784
mod_vvisit_counterОсы аптада1083
mod_vvisit_counterӨткен аптада13521
mod_vvisit_counterОсы айда12830
mod_vvisit_counterӨткен айда64729
mod_vvisit_counterБәрі3990922

Серіктестер