|

Адамның қоғамдық орны жасаған жасының ұзақтығымен емес, пайым-парасатымен, адамдарға жасаған жақсылығымен, өзі өскен ортасына сіңірген елеулі еңбегімен бағаланады. Ауылдан ұзамай-ақ адалдық деп аталатын ардағына дақ салмай, әділдік деп аталатын тұнығын лайламай, дастарқанын даласының кеңдігімен өлшеп, ұлдарын нарға, қыздарын арға балаған, имандылықты қоныс, сыйластықты өріс етіп салиқалы ғұмыр кешкен кісілер ауданымызда аз емес. Сондай азаматтардың бірі - Үлгілі ауылының тұрғыны болған, бар болғаны 54 жыл ғана өмір сүрген Сұлтанқұл Шаухаров атамыз. Атамыз 1926 жылы Байзақ (Свердлов) ауданының Сарыбарақ ауылында дүниеге келгенімен 1932 жылдан бастап бар өмірі Үлгілі ауылында өткен. Қазіргі Сарыкемер ауылында 7 жылдық мектепті бітіріп, 1942 жылы еңбекке араласады. Өзі қатарлы жастармен бірге
еңбек етіп, жеңіске өз үлесін қосты. Жамбыл есеп-санақ техникумында оқып, ауыл шаруашылығы бухгалтері мамандығын алып, еңбек жолын Луговой (Т.Рысқұлов) аудандық қаржы бөлімінде қаржыгер мамандығы бойынша қызмет атқарды. 1951 жылы Свердлов аудандық қаржы бөліміне ауысса, 1960 жылдан Үлгілі колхозында партия ұйымын басқарды. Кейінірек колхозда товарлы қой фермасын басқарып, қызылша бригадирі болып еңбек етеді. Осы жылдары колхозда қант қызылшасынан мол өнім жиналса, оған біз сөз етіп отырған Сұлтанқұл атаның қосқан үлесі мол. 1976-1981 жылдары атамыз шаруашылықтың орталық қойма меңгерушісі қызметін абыройлы атқарды. Қай қызметте еңбек етсе де өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін көрсетіп, ауыл ғана емес, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мол. Сондықтанда әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Өмірлік жары Күлсара Үсенқұлқызы екеуі еңбек ете жүріп, 4 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде олар аудан, облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарып, бейнеттің зейнетін көріп отырған жандар. Ұзақ жылдар мектеп директоры болған ұлы Фазыл мен денсаулық саласында басшылық қызметте болған ұлы Хамиди адал еңбектің арқасында ауданның Құрметті азаматы атанып отыр. Асқары спорт саласында еңбек етсе, Ержаны кәсіпкерлікпен айналысады, қыздары Клара, Гүлбану, Назиралар қаржы саласында істесе, ал Гүлнәрі ақ халатты абзал жан ретінде ел есінде қалды. Сұлтанқұл ағайдай арда азаматтар көзден кетсе де көңілден кетпейді, қашанда елге сыйлы қалпында өз ұрпағы ғана емес, бүкіл елі, ауылы болып еске алып, атын ұлықтап жүреді. Өткен аптада Үлгілі ауылындағы орталық мешітте еңбек ардагері, елге сыйлы азамат Сұлтанқұл Шаухаровтың 100 жылдық еске алу асы берілді. Онда алдымен “Өнегелі өмір-ұрпаққа мұра” тақырыбында ауыл мектебі алдында үлкен іс-шара өтті. Іс-шараға ағаның көзін көрген, бірге қызметтес болған ағайындар, ауыл тұрғындары қатысты. Сұлтанқұл Шаухаровты еске алуға арнап кіші футболдан 2014-2015 жылғы туылған жасөспірімдер мен ересектер арасында аудандық турнир ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев сөз алып ағаның еңбегі, ал ол кісіні еске алып осындай іс-шара ұйымдастырып жатқан балаларына алғыс айтты. Бұл ас ардақты азаматтың еңбегін, өмір жолын, елге сіңірген қызметін ұлықтаумен бірге кейінгі ұрпаққа өнеге екендігін жеткізді. Сондай-ақ жастар арасында спортық іс-шара өткізуде құптарлық жағдай екендігін айта келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
 Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Жас спортшыларға байланысты жақсы тілекті ардагер інісі Абирбек Нұртаев пен үлкен ұлы Фазыл Шаухаровта білдірді. ҚР-ның мәдениет қайраткері, мәдениет саласының үздігі, белгілі әнші Алмахан Исабаев орындаған “Атамекен” әнінен кейін спортшылар ауылдың үш стадионында ойынды бастап кетті. Ал ауыл тұрғындары мен Сұлтанқұл ағамен қызметтес болғандар ауыл клубында «Жақсының аты – өлмейді» атты еске алу кездесуіне қатысып, өз естеліктерін айтты. Онда алдымен С.Шаухаровтың өмірбаяны мен еңбек жолы жан-жақты таныстырылды. Кездесуде алдымен аталған ауыл ғана емес, аудан көлемінде лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде 90 жасқа таянған Нұрмахан Шаухаров сөз алды. - Сұлтанқұл ағамыз екеуміздің тегіміз бір. Ол кісі жастайынан ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты көрді. Соғыстан кейінгі халықтың әл-ауқатын көтеру жолында тынымсыз еңбек етті. Осында басқа ұлт өкілдері көшіп келгенде оларды орналастыруға еңбек сіңірді. Мен осында партия ұйымының секретары болғанда, ол цехтың ұйымның төрағасы болды. Бірге жұмыс жасадық. Балаларына жақсы тәрбие берді. Ұл-қыздары аудан, облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарды. Бүгін әкелерін еске алып, мынадай іс-шара өткізіп жатқанына алғыс айтамыз. Сұлтанқұл ағаның есімін есте қалдыруға жұмыс жасау керек. Бұл ретте көше атауын беру, тағы басқа дегендей,- деді Н.Шаухаров. Бұдан кейін бірге қызметтес болған, Дихан ауылынан келген Рыскелді Саршаев пен Амангелді Әлімбаевта естеліктер айтып, ұрпақтарының бірліктерін көрсетіп, осындай іс-шара ұйымдастырып жатқандарына ризашылықтарын білдірді. Ал Ш.Ибрайымов, Қ.Құдайбергенов, Н.Қуанышбаева, С.Махаметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Омаров, тағы басқаларда өз естеліктерімен бөліссе, Фазыл ағамыздың досы Масат Берік өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді.
 Іс-шараға қатысқандар ауылдық мешіттегі Сұлтанқұл Шаухаровқа арналған асқа қатысып, оқылған құранға қол жайды. Кіші футболдан өткен жарысқа 2014-2015 жылы туғандардан 8, ал ересектер арасында 6 команда қатысты. Турнир аса тартысты өтіп, кешке дейін созылды. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында №8 Облыстық мамандандырылған балалар - жасөспірімдер спорт мектебінің командасы бірінші, аудан командасы екінші, Үлгілі ауылының командасы үшінші, ал Қостөбе ауылының командасы төртінші орынды иеленді. Турнирде М.Бегділла - үздік шабуылшы, Н.Айдархан - үздік ойыншы, Ж.Арнұр-үздік қорғаушы, Ш.Алдияр - үздік жартылай қорғаушы, Ж.Дурсынов- үздік қақпашы номинациясына ие болды. Ересектер арасындағы жарыста бірінші орынды «Достар», екінші орынды Үлгілі-1, үшінші орынды Үлгілі-2, төртінші орынды Байзақ әкімшілігі командасы иеленді. Жеңімпаздарға ардагердің ұлдары Фазыл, Хамиди, Асқарлар тиісінше кубок, медаль, диплом, ақшалай сыйлық пен спорттық киімдерді тапсырды. Сондай-ақ Сұлтанқұл ағайдың ағайыны Нұржан Мергенбаев пен аталған турнирдің бас төрешісі Мырза Қазиев бірнеше команда мен мектеп командасына, сондай-ақ турнирге қатысқан ең жас ойыншыларға өздері демеуші болып, спорттық киімдерді табыс етті. Спорттық ойындардың ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуіне №8 Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Айтбеков пен Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Есбергеновтің қосқан үлестері мол болды.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Үлгілі ауылы. |