|

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов және аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев аталған саланың үздік өкілдерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы мәдениет және өнер қызметкерлерінің аудан өміріндегі маңызды рөлін атап өтіп, олардың өнер мен руханиятты дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. - Өнер мен мәдениет - ұлттың айнасы. Батырлар мен ақындардың, саңлақ спортшылардың мекені саналатын қасиетті өлкенің
топырағын түртіп қалсаң ән-жыр болып төгіледі. Қойнауына құт қонған аймақтан елімізге танымал өнер майталмандары көптеп шыққан. Аға буын өкілдерінің ізін жалғаған өнерімен дараланып, талантымен танылған жас дарындар қатары күн санап өсіп келеді. Құрылғанына 55 жыл толып отырған “Шахан” халық театры өткен жылы Абай облысы, Ақсуат ауданында халық театрлары арасында өткен республикалық моноспектакльдер фестивалінде театр режиссері Бақытжан Байкүшіков бас жүлдені жеңіп алғанын жақсы білеміз. Биылғы жылдың сәуір айында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында өткен ұлт мақтанышы Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған “Саз әлемінің сардары” атты республикалық қазақ халық аспаптар ансамбльдері байқауда “Шолпан” халық ән-би ансамблі жүлделі-екінші орынды иеленді. Аудан өнерпаздары Тараз қаласындағы “Баласағұн» орталық концерт залында “Мама” мюзикл киноконцертін облыс жұртшылығына ұсынды. Ауданымызда мәдениет пен өнерге үлкен көңіл бөлініп келеді. Ағымдағы жылы аудан орталығы-Сарыкемер ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлінді. Өнеріміз бен мәдениетімізді, асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке, шығармашылық табыс тілеймін,-деді Рүстем Қасымов. Одан кейін сөз алған Бақтияр Мұратұлы аталған сала өкілдерінің жаһандану дәуірінде төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтауға қосып жатқан үлестеріне тоқталды. Қабылдау барысында Р.Қасымов пен Б.Ақбаев мәдениет және өнер саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, сонымен бірге ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысқан сала қызметкерлерін аудан әкімінің Грамотасы және Алғыс хатымен, Байзақ ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Марта Сыздықоваға “Қазақстанның құрметті кітапханашысы” төсбелгісі табыс етілді. Марапатталғандар атынан Бурыл ауылдық клубының үйірме жетекшісі Амангелді Тлепов сөз алып, өздеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін алғысын айтты. Алдағы уақытта да ауданның абыройы үшін мәдениет және өнер саласында аянбай еңбек ете беретіндіктерін жеткізді. Іс-шараға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры Қуандық Құрманәлі қатысты.
“Ауыл жаңалығы” - ақпарат. |
|
Обновлено 25.05.2026 19:30 |