|
Қоғамның рухани деңгейі мен ұлттың келешегі ең алдымен оның білімге, әдебиетке және кітапқа деген көзқарасымен өлшенеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы – ел руханияты үшін тарихи мәні зор қадам. Бұл – кітапты тек білім құралы емес, ұлттың рухани тірегі ретінде бағалаған маңызды шешім. Соңғы жылдары елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында қолға алынған игі бастамалар қоғамда
оң өзгеріс қалыптастыра бастады. Ұлттық кітап күнінің белгіленуі, оқырман мәдениетін арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асуы, тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалардың ашылуы – мұның барлығы кітапқа деген құрметтің қайта жаңғырып келе жатқанын аңғартады. Кітап оқитын ұрпақ – ойлайтын ұрпақ. Ал ойлайтын ұрпақ – елдің ертеңін баянды ететін ең үлкен күш. Бүгінгі жас қолына смартфонмен қатар кітап ұстаса, ол тек өз болашағын емес, тұтас қоғамның тағдырын жарқын етуге үлес қосады. Президент Жарлығы – оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстың жаңа белесі. Бұл бастама кітаптың қадірін арттырып қана қоймай, зерделі, білімді әрі рухани бай қоғам қалыптастыруға серпін береді. Өйткені ұлттың шынайы байлығы – жер астындағы қазынасында емес, кітап оқып өскен саналы ұрпағында. Кітаптың шамы сөнбеген елдің рухы да ешқашан әлсіремейді.
Жансая мУратова, аудандық “Жастар ресурстық” орталығының заңгері. |